Ақтауда жұмбақ жағдайда қайтыс болған қыз танымал спортшы болып шықты
2 шілдеде Ақтау іргесіндегі каналдан денесі табылған 21 жастағы Валерия Шальнова қалаға белгілі спортшы болып шықты. Бұл туралы "Лада" басылымына марқұмның туысы Каролина айтқан, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Валерия қоян-қолтық ұрыспен кәсіби түрде айналысқан. Ол көптеген марапат алған, спорттық жарыстарға қатысқан.
Валерия Шальнова. Сурет жеке архивтен
Бұл ретте зардап шеккен тараптың адвокаты Ажар Әбділдің айтуынша, Маңғыстау полициясы Шальнованың өліміне қатысты бапты қайта саралаған.
Бұған дейін қылмыстық іс 105-бап "Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бойынша қозғалып жатқаны хабарланған болатын. Қазір полиция 119-бап - "Қауiптi жағдайда қалдыру" бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
"Бұл кісі өлтіруге қатысты тікелей айғақтардың жоқтығына байланысты, тек жанама дәлелдер бар. Басқа мәлімет жарияланбайды", - деді адвокат.
Ажар Әбділ 2 шілдеге қараған түні оқиға орнында болып, бірдеңені байқаған облыс тұрғындары мен қонақтарына үн қатты.
"Демалыс күндері – сенбіден жексенбіге қараған күні болды. Менің ойымша, бұл уақытта демалыс орындарынан қалаға көп адам қайтты. Бейнетіркегіштердің жазбалары қажет. Мен әрбір құнды жазба үшін сыйақы берілетініне жеке кепілдік беремін", - деді заңгер.
Оның айтуынша, сараптама қорытындысы әлі белгісіз, сондықтан тергеуге әлі түсініксіз - Шальнова ненің салдарынан қайтыс болды.
Еске салайық, Валерия Шальнованың мәйіті 2 шілдеде таңертең Ақтау іргесіндегі су жиналатын каналдың жанынан табылған. Туыстары суицид нұсқасына сенбейді. Олардың айтуынша, қыздың өліміне кінәлі бар, ол ұсталған.