Ақмола облысында он жасар бала жаттығу кезінде көз жұмды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Талапкер ауылындағы мектептің оқушысы футбол үйірмесіне қатысқан. Таңертең спорт алаңына келген ол дене қыздыру жаттығулары кезінде ес түссіз құлапты.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел-жәрдем жеткенше баланың жүрегі тоқтап қалған.
Алайда, куәгерлер оқушыға дер кезінде көмек көрсетілмеді, дейді. Сол үшін жедел-жәрдем бригадасының бас дәрігері жұмыстан шеттетілді.
Айгүл Магавина, облыстық Білім басқармасының бас маманы:
– Қайтыс болған үшінші сынып оқушысы «Жас тұлға» спорт-мәдени орталығындағы компьютерлік графика мен футбол секциясына сабақтан тыс уақытта қатысып жүрген. Осыдан бір айы бұрын баланың анасы өтініш жазып, оны арнайы дайындық орталығындағы үйірмелерге берген. Қазір үйірмеге 150-ден астам бала барады. Жеткіншек кесте бойынша, компьютерлік графика сабағынан кейін футбол алаңына барған.
Бала өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мән-жайды толық анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.