Алматыдағы дүкенде әйелдің омырауын ұстаған ер адам Атырауда ұсталды
Алматыдағы дүкенде әйелдің омырауын ұстаған ер адам Атыраудан ұсталды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 18 тамыз күні Алматы қаласындағы супермаркеттердің бірінде болған.
«Әйел адамның омырауына қолын салған ер адам Атырау қаласынан анықталып, ұсталды. Атырау қаласының 1988 жылғы тұрғыны өз кінәсін толықтай мойындады. Ол алкогольдік мас күйде мұндай өрескел әрекетке барған. Құқық бұзушылық әрекеті үшін ер адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабымен (Ұсақ бұзақылық) 5 тәулік әкімшілік қамауға алынды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бұрынғы әйелін ұрып, белгісіз бағытқа әкеткен ер адам ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.
Ер адам бұрынғы әйелін ұрып-соғып, көлікке сүйреп мінгізіп, белгісіз бағытқа алып кеткен. Бұл туралы оқиға куәгерлері 102 арнасына қоңырау шалып, хабар берген.
«Полиция қызметкерлері күдікке ілінген Honda автокөлігін Атырау-Қарабатан тасжолының бойынан тоқтатты. Алайда, көліктің 1987 жылғы жүргізушісі полиция қызметкерлеріне қарсылық танытып, заңды талабына бағынбаған. Ал 1988 жылғы әйел бұрынғы күйеуінің өзін ұрып-соғып, дене жарақатын салғанын, еркінен тыс көлікпен белгісіз бағытқа алып бара жатқанын мәлімдеді. Тексеру кезінде көлік жүргізушісінің бұрын сотты болғаны, деструктивті діни ағым өкілі екені анықталды», - деп мәлім еткен еді департаменттің баспасөз қызметі.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz