Өткен жылы "Қысқа кимеші қарындас" әнін шығарған Серік Ибрагимов өзінің шоу-бизнестегі әріптесінің ашуына тиген болатын. Калия жас жігітті қыздардың киімімен алысқаны үшін сынап, тіпті оған қарсы наразылық акциясын жүргізген. Алайда араға уақыт салып, қос тарап бір шешімге келген сыңайлы. Бүгінде олардың бір-біріне реніші жоқ болып шықты деп жазады "Ревю" бағдарламасына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Бойжеткендерді қысқа киімі үшін сөгіп, оларды жөнге салмақ болған Ибрагимов әріптесінен оңбай сөз естіген еді.
Калия отандық әншіні қоғамдағы басқа да маңызды тақырыптарды қозғамайтынын бетіне басқан болатын.
Бұл екі жұлдыздың арасындағы өзара келіспеушілігіне жанкүйерлері де қатысқан. Бірі Калияның заманауи ұстанымын қолдаса, енді бірі Серіктің сөзін сөйледі.
Алайда, уақыт өте екі жұлдыздың текетіресі оң шешіммен аяқталған секілді. Эстрада жұлдыздары бүгінде татуласып үлгергендерін жеткізді.
Олар шу тудырған тақырыпты ұзақ талқылап, ренішті ұмытуға келіскен.
"Серікпен кездескенмін Астанада. Мені көрді, сәлеміміз түзу. Бетімнен сүйді. Серікте маған реніш жоқ. Менің де Серікке ренішім жоқ. Менің айта кететінім, ол Серіктің өзінің жеке акциясы болды. Мүмкін оның тек қана қыздарды емес, қоғамды жөндеу туралы ойы болған шығар" , - деп айтты Калия.