Халық әртісі Роза Рымбаева NURTV.KZ-тің "Клип Show" бағдарламасында ішкен-жегенін жиі көрсететін әріптестерін қолдамайтынын ашып айтты. Өнер иесі халықтың тең жартысының қиыншылық көріп, аш отырғанын жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бағдарлама жүргізушісі әншіден гардеробы мен жеке өмірін халыққа көрсетуге қалай қарайтынын сұраған.
"Мақсат киген киімді көрсету емес қой. Киім репертуарыңа сай келсе болды. Мен "мынша киімім бар" дегенді онша ұната бермеймін. Сахнаға да киім көрсетуге шықпаймыз ғой. Мақтану үшін киінуді дұрыс деп санамаймын. Ресейліктердің форматы мүлде басқа ғой", - дейді Роза Қуанышқызы.
Халық әртісі елдегі халықтың арасында аш-жалаңаш отырған халықтың бар екенін айта келе, дастарханын көрсеткен сіңлісіне ұрысып тастағанын баяндап берді.
"Мен тіпті дастарханды көрсеткенді де онша ұнатпаймын. Біздің әртістер көбінесе "Мына жерде отырмыз", "Мынадай тамақ жеп жатырмыз" деп, біреу жасап берген дастарханды мақтанып көрсетеді. Жақында мен бір сіңліме ескерту жасадым. "Аш отырған халық бар. Сен оны білесің бе? Қара нан мен шай ішіп отырған адамдар бар. Сен неге оны көрсетесің? деп ұрысып тастадым.
Мен ойлаймын, қазір біздің халықтың тең жартысы қиыншылықта өмір сүріп жатыр. Біз Кеңес одағының адамымыз ғой. Ол кезде өмір басқа болатын. Барлығы бір деңгейде еді. Қазір аш отырғандар да бар. Байлықтан тойынып кеткендер де бар. Ал енді әртіс ол - халықтың адамы. Ол халықпен бірге болу керек. Сондықтан артық дүниемен мақтанып, халықты ашуландыруға болмайды", - деп сөзін қорытындылады әнші.