Қайрат Нұртастың жұмбағы қашан шешіледі? (фото)
Қазақ эстрадасының еркесі Қайрат Нұртас бүгін 26 жасқа толды. 17 жасында қыз біткеннің жүрегін «Қалай сүйдім сені, құлай сүйдім сені...» деп жаралаған Қайрат бүгінде шоу-бизнес пен той бизнес серілерінің көшін бастап тұр. Миллиондардың сүйіспеншілігіне бөленген әншінің өнер биігіне бір демде жетуінің сыры неде? Дәл бүгінгі туған күнінде «Алаш айнасы» Қайрат туралы ең қызық деген деректерді жинақтап көрді.
xmusic.kz
* Қайрат орындаған әндердің бәрі неге «хит» болады? Бұл сұраққа жауап іздегенде Бекболат Тілеухан ағамыздың Қайрат туралы айтқан мына бір сөзі есімізге түседі: «Қайраттың әндерін көптеген жастар сүйіп тыңдайды. Демек Қайрат мыңдаған тыңдарманның жүрек қылын шерте білді» деген еді ағамыз. Бұл сөзбен келісуге болады, Қайраттың даусында өзіне тән бояу, романтика, драма бар.
vk.com
* Қайрат Нұртас – тек қазақша сөйлейді, кез-келген арнаға, газет-журналдарға тек қазақ тілінде сұқбат береді.
znamenitosti.info
* Қайрат Нұртас тек анасы Гүлзира Айдарбекованың арқасында бас айналдырар табысқа жетті ме?
Қайраттың өнер шыңын бағындыруына әрине, анасының продюсер ретінде көмегі зор болғаны шындық. Сұқбаттарының бірінде Қайрат: «Анам маған кейде тіпті дамыл таптырмайды. Таңертен Астанада, кешке Алматыда концерт беретін кездер көп болады. Кейде тіпті «мама, жақсылап демалайықшы» деп өтінетін күндерім де болды», деген еді әнші. Дегенмен продюсерлері қанша сүйресе де жетістікке жете алмайтын да әншілер бар. Тыңдарманын әрқашан жаңа әндерімен қуантып отыратын Қайратқа «жарайсың» дейміз.
vk.com
* Қайратты мойындамайтын өнер иелері де бар...
Қайрат Нұртастың өнерін мойындамайтындар қатарында Роза Рымбаева, Бибігүл Төлегенова, Айнұр Тұрсынбаева секілді өнер иелері бар. Роза Қуанышқызы: «Мен «Ауырмайды жүрек» секілді жеңіл-желпі әндерді қабылдай алмаймын, мен өз атымнан бренд шығаратын Қайрат Нұртас емеспін» десе, Айнұр Тұрсынбаева: Қайрат анасының арқасында жүрген әнші... қазақ тарихында оның дауысы алтын әріп болып жазылмайды.. келешекте ұмытылады», дегені көпшіліктің есінде. Ал Бибігүл Төлегенова Қайратты тыңдамайтынын, мойындамайтынын айтқан еді.
* Қайрат өзінің отбасылы екенін мойындамайды...
Жақында ғаламторда Қайрат Нұртастың төртінші перзентінің дүниеге келгендігі туралы ақпарат тарады. Естуімізше, сәбидің аты Хан. Төртінші рет әке атанған белгілі әншінің бұдан басқа Сезім, Алау атты қыздары, Нарұл атты ұлы бар екенінен де көпшілік хабардар. Тек Қайраттың өзі отбасы туралы ешқашан ашып айтқан емес. Өзінің жары мен балалары туралы айтпақ түгілі, Қайрат өзінің үйленгенін де «мойындамайды». Қай қалаға барса да Қайрат концерт барысында: «Мүмкін мен бойдақ шығармын, осында қалыңдық іздеп келген шығармын» деп аруларды дәмелендіріп қоюға құмар. Сонда Қайраттың бойдақ емес екенін қыз-қырқын білсе, оның танымалдығына нұқсан келеді дегені ме? Кім білсін? Неде болса біз Қайраттың жары Жұлдыздың төзімділігіне тәнтіміз. Әншінің заңды әйелі, өзі балаларының анасы бола тұра күйеуі телеарналардан «сүр бойдақпын» деп сұқбат беріп тұрғанда қандай әсерде болады екен. Айтпақшы, бірталай жұрт Қайраттың Жұлдызбен ажырасып кеткенін, қазіргі кезде Батыс өңірінің бір қызымен жүретінін де жапатармағай жазған болатын. Дегенмен Қайраттың төртінші баласының дүниеге келгені рас болса, демек ажырасқаны туралы ақпараттың жалған болғаны.
Неде болса, Қайраттың өнеріне ғашық тыңдармандар үшін Қайраттың адамгершілік қасиеті маңыздырақ деп білеміз. Халық алдында, киелі сахнада жүрген сері әншіге өзінің қандай жар, қандай әке екенін жасырғаны жарамас. Қалың жұртшылық Қайраттың жұмбағы шешілетін күнді асыға күтеді.
Ал біз өз тарапымыздан туған күн иесі Қайратқа өнерде де, өмірде де тек сәттілік тілейміз!