Соңғы уақытта Мақпал Жүнісованың сахнадан кетуін талап ететін желі қолданушылары көбейген. Бұл жайында әншінің өзі "НТК" арнасының "Ревю" бағдарламасында айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Парақшасында 1,5 млн-ға жуық жазылушысы бар әнші өзін ылғи зейнетке кетуге үгіттейтіндердің барын да жасырмады.
"Біреулер "Сіз модный әнші емессіз", "неменеге жүрсіз, жастар сияқты заманауи өлең айтпайсың ба" деп айтқандары да, жазғандары да болды. Мен бүйтіп-бүйтіп жастардың әрекетін жасамаймын ғой.
"Зейнетке тезірек кетпейсіз бе", "жастарға орын бермейсіз бе" деп жазады. Мен біреудің аяғынан төмен тартып жатырмын ба?! Менен үлкен апаларым жүр ғой. Енді бәрімізді о дүниеге аттандырып жіберуге асығып отыр ма біреулер. Керісінше біздің жүргенімізге тәубе десін", - дейді Мақпал Жүнісова.
Еске сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын әнші өзінің атын пайдаланып, той иесінен 3 мың АҚШ долларын алып кеткен танысы жайлы айтып берген болатын.
Сонымен қатар биылғы жылдың қаңтарында Астанадағы концерттердің бірінде Мақпал Жүнісованың бағалы тасы бар сырғасы мен әшекейін белгісіз біреулер ұрлап кеткен.