Мақпал Жүнісова: Өз елімнен кететін шығармын

Мақпал Жүнісова: Өз елімнен кететін шығармын

Қазақтың ерке қызы көптеген концерттерде бой көрсеткенімен, оны эфирге шығармайды. Қайда барса да, алдынан кесе-көлденең кедергілер шығады. Оған кім себеп? Наурыз айына жоспарланған концерт неліктен сәуір айына ауысты? Осы және өзге де сырларымен Мақпал Мұхамедиярқызы журналист Ай-Керім Самалбекқызымен бөлісті.

Алдап-арбаушылардың тұзағына түсіп қалып жүрмін

Мақпал апай, биыл сахнада жүргеніңізге 35 жыл. Осы орайда наурыз мерекесінде концерт беретініңізді естіген едік. Алайда концерт мерзімі сәуірге ауыстырылыпты...

Иә. Оған бір себеп ˗ республика сарайын жарты жыл бұрын жалға алып қоюшылардың әрекеті. Арнайы концерт ұйымдастырумен айналысатын жігіттер ұзақ уақыт бұрын залды жалға алып алады да, біз концерт берер шақта ақша талап етеді. Ол кезде залды жалға алудың бағасы өзгереді. Залдың өзіне шамамен бес миллиондай қаржы жұмсалады. Содан сол жігіттердің біріне наурыз айында концерт беретінімді айтқан едім. Енді бір нәрсе айтайын. Мәселен, менің концертіме билет құны шамамен екі мың мен он мың теңгенің арасын құрайды. Орта есеппен бір орынның бағасы 6-7 мың теңге болса, бір ғана концерттен жүз мың долларға жуық қаражат түседі екен. Қайта біз билет құнын аспанға шарықтатпаймыз, «залдың құнын өтесе болды» деп қазақилыққа салынамыз. Осы Ресейдің жұлдыздары келсе, билет бағасы 30-50 мың теңге тұрса да, халық үндемей-ақ барады. Ұйымдастырушы жігіт маған он бес мың доллар беретінін, қалғанын жарнама сынды дүниелерге жұмсайтынын айтты. Сахнада жүргеніме отыз бес жыл болды. Қанша жылдан бері республика сарайында концерт беріп келсем де, қалтама елу мың доллар салып көрмеген адаммын. Бұған дейін жиырма-жиырма бес мың доллардай алып келдім. Енді он бес мыңға түсіріп отыр. Ұйымдастырушылар мүлдем ұяттан жұрдай болып барады. Концертті беретін мен, ән айтып шаршайтын мен, барлық керек-жараққа (сахналық киімдер, музыканттар, залдың жарығы, телеарна қызметі, т.б.) төлейтін де мен, ал пайдасын басқалар көреді. Неге бұған көз жұма қарауымыз керек? Олар жалғыз менен емес, қаншама әншіден қаржы алып отыр. Қазір мен мінген көлікті сол екі ортада жүрушілер де мініп жүр. Марқұм Зәкең (авт. Заманбек Нұрқаділов) болмаса мен де мұндай зәулім үйде тұрмас едім. Бұл ˗ Зәкеңнің шаңырағы. Неше жыл бұрын Зәкең мінгізген көліктің те тозығы шықты. Соны көрген Болат Назарбаев ағам достық пейілмен жаңа көлік сыйлады. Соған қарап жұрт мені миллионер деп ойлап жүр. Алайда менде ондай қаржы жоқ. 

Ақырында ұяты бар-ау деген жігіттердің көмегіне жүгіндім. «Қарақтарым, құр қол қалмассыңдар. Мерекелік күндерді солар-ақ алсын, біз сәуір айында жасайық», - дедім. Сонымен келістік. Зәкең бар кезде концерт ұйымдастыруға бас қатырмайтынмын. Барлығымен сол кісі айналысатын. Өзім жасаймын десем де: «Күйеуіңмін ғой, саған жәрдемдеспегенде кімге жәрдемдесемін?» - деп өзі ұйымдастыратын. Облыстардың жөні бөлек. Онда барсаң, жергілікті жұрт алдыңнан шығады. Өздері қарсы алып, концерттің ұйымдастырылуын қадағалайды. Концерттен ең көп түскен пайда Зәкеңнің көзі тірі кезінде болатын. Қырық мың доллардай қаражат түсіп, оны Зәкең толығымен Қазақконцертке аудартып жіберді. «Мақпал, мен сені асырап отырмын, Құдайға шүкір, күйеуің бар, сол қаржыны Қазақконцертке бере салшы», деп еді. Азаматым тірі кезде қалтама ақша салып көрмеген жанмын. Ал енді ерімнен айырылған соң, күнімді көріп, пайда табайын десем, алдап-арбаушылардың тұзағына түсіп қалып жүрмін.

Сіз ғана емес, апай, жалпы көптеген әртістер концерт бергенімен, еш пайда таппайды. Одан кейін қалай жақсы ән шығады, қалай сапалы клип түсіріледі?

Мен де соны айтамын. Он жылда бір бейнебаян түсіреміз. Ал қолымызға ақша түссе, халық аңдып отырады. Қай жерге барсам да, ақша сұрайтындар табылады. Біреу науқастанған баласына, енді біреу үйленгісі келетін перзентіне көмек сұрап келеді. Тапқан-таянғанымды елге таратып отырамын. Оның бәрін жариялап жүрген жоқпын. Айтып отыруға да ыңғайсыз. Сенсеңіз, Зәкең өмірден қайтқалы он жылдың ішінде елу мың доллардай қаражатты тек қайырымдылыққа шашыппын.

Осы себепті де халық сізді әнші ретінде ғана емес, адамгершілігі мол тұлға ретінде қабылдап жүргендей...

Ол қалыпты нәрсе. Ақша да, байлық та осы дүниеде қалады, оны көрге ешкім алып кете алмас. Алайда пайдақұмарлар да осы еңбегімді елеп-ескерсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өзім қолы ашық адаммын. Ақшамды ұрламаса да, көңілімнен шыққан жанға өзім-ақ ұстатар едім. Өкініштісі де сол, қазір елде қанағат жоқ.

Жарыққа шыққан соңғы бейнебаяныңыз туралы айтып беріңізші. Жұрт: «Мақпал апайдың көңілді ән айтқанын көрдік-ау», - деп шулатты...

Ән дегеніңіз де тағдырға байланысты туатын дүние ғой. Тағдырым оңай болған жоқ. Айта-айта елдің құлағын да жауыр қылғым келмейді. Барлығын өздері де көріп отыр. Бірақ қызым өсіп қалды. Өмір жалғасуда. Енді өзімді-өзім қолға алып, қанаттандырып келемін. Мерейімді жеткізуім керек деген ой өмірге деген құштарлығымды қайта тірілтті. Осындай мақсатпен көңілді ән айтқан түрім бұл. Көптен бері ойда жүрген дүние еді. Сырттай жарқырап жүргеніммен, ішім мұңға толы. Ол рас. Ән айту арқылы мұңымды шағамын, сыртқа шығарамын, ән арқылы жеңілдеймін. Бірақ халықты мұңайта беруге де болмас деп шештім. Концертке келген ел көңілді ән тыңдағысы келмей ме? Ең қызығы да сол, көбірек көңілді ән айтып кетсем, елдің өзі: «Мұңға, сырға толы әндерді айтпай кеттіңіз»,˗ деп шығады. Әлде мені сол образда көріп үйреніп қалған ба, білмеймін. Композиторларымыз да көбінесе мұңды әндерін алып келеді. Ешкімге сұрау салмаймын. Ән автордың, сазгердің не ақынның тағдырын көрсетеді. Мен бар болғаны орындаймын. Айтпағым, менің әндерім – тек менің ғана тағдырымнан тұрмайды. Мәселен, «Жылайды жүрек» әнін Фариза Оңғарсынова апамыз осыдан пәленбай жыл бұрын жазған. Бірақ елдің көпшілігі ол әнді менің тағдырыммен байланыстырады.Оған негіз де жоқ емес. Менің де тағдырым соған келеді. Бұл фәниде сүрінбейтін, қателеспейтін пенде болмайды. Фариза апамыздың да өмірде қателескен кездері болған шығар. Қанша танымал болса да, кез келген адамның минусы мен плюсы болады. Бізді елден ерекше жаратылған пайғамбар ретінде қабылдаудың қажеті жоқ, біз де пендеміз. Сондықтан көзбен көріп, құлақпен естімегеннен кейін бос әңгімелерге еруге болмайды. Ол адамның жанында болмасаң, оның не себепті ондай әрекетке барғанын, не себепті аузынан сондай сөз шыққанын білмесең, сырттан ғайбаттау қисынсыз. Менің жанымда тұрған адам: «Мәкең дұрыс жасады», -  дер еді. Мені ренжітетіні де сол, жанымда болмаған адамдар сыртымнан неше түрліні айтады.

Елді шулатқан әуежайдағы оқиғаны айтып отырсыз ба?

Иә. Әуежайға шығарып салатын адамдар кешігіп келді де: «Ерте барғанда не істейсіз? Сізді вип арқылы өткіземіз. Алаң болмаңыз», - деді. Ал менің орным бизнес-класта болатын. Павлодардың әуежайы кішкентай, ұшаққа арнайы автобуспен апармайды. Жаяу баруың керек. Сол себепті де кешігіп баратыныма қобалжыдым. Түні бойы жанды дауыста ән айтқаным бар. Оның үстіне қонақ үйдің іші суық болды, тамағым ауырып қалған еді. Сол күні Алматыда тойым болатын, ақшасын да алып қойғанмын. Негізі әлі уақыт бар. Дегенмен бір сағат бұрын бару керек деген қағидаға үйреніп қалған адаммын. Аздап ренішімді білдірдім. Ақыры не керек, әлгі жігіттер мені вип арқылы өткізді. «Сіз сөмкеңізді алып, ұшаққа беттей беріңіз. Құжатыңызды қалдырсаңыз, тіркеуден өзіміз-ақ өткіземіз», - деп мені жіберді. Ұшаққа отырып алдым. Сәлден кейін бір жігіт артымнан жүгіріп келіп, құжатымды алып келді. Түні бойы ұйықтамағаным бар. Әрі ауырып отырғандықтан болар, тез-ақ ұйықтап қалыппын. Қап-қара киініп алған, денелі екі жігіттің түрткенінен оянып кеткенім бар ма? Арада жағымсыз әңгіме өрбіді.

˗ Түсіңіз ұшақтан! – деді ай-шай жоқ әлгі екі жігіт. Ештеңені түсінбеген мен:

˗ Алматыға келдік пе?

˗ Жоқ, сіз ұшпайсыз, тезірек түсіңіз!

˗ Неге ұшпаймын? Кешке тойым бар. Алматыға жетуім керек.

˗ Билетіңіз қайда?

˗ Қандай билет? Қарағым, қайда екенін білмеймін. Жаңа куәлігімді бердім ғой. Қазір бәрі электронды түрде емес пе? Билет көтеріп жүргенімізді қашан көрдіңдер? Қарақтарым, қойыңдар. Ұшуым керек.

Ұшақ болса әлі тұр. Әлгілер:

˗ Жоқ, түсіңіз! - деп болмады. Мен:

˗Түспеймін, - дедім.

˗ Ендеше күш қолдануға тура келеді.

Айналадағы адамдардан ұялғанымнан көндім. Сөмкемді алайын десем, әлгілер жол бермеді. Екеуі қолтығымның астынан ұстап, кәдімгідей сүйреп шығарды. Намысыма тиіп кетті. «Өзім-ақ түсемін» деп шырылдағаныма да қараған жоқ. Әлде әдейі менің қытығыма тиіп, бейнеге түсіріп алғысы келді ме, ол жағын білмеймін. Жүйкем сыр беріп, онсыз да ауырып тұрған тамағым қарлығып, сөйлей алмай қалдым. Жылайын десем, елден ұят. Амалсыздан ішіме жұттым. Барлық заттарым қалды. Ішінде кешке болатын тойдың да ақшасы, домбырам бар еді. Бәрін анықтауға барғанымызша ұшақ ұшты да кетті. Мен Павлодарда қалып қалдым. Ол қаладан ұшақ та жиі ұшпайды. Келесі рейс тек бір күннен кейін. Сол жағдайдан кейін ұшаққа мінуге де жүрексініп қалдым. Сол сәтте қорыққаным соншалық Астанадағы бауырыма хабарласып: «Тез арада келіп, мені алып кет», - дедім.

Сол кезде сізді бейнетаспаға түсіріп алған адамды таптыңыз ғой? Өзі өрімдей жас бала екен... 

Ол баланың еш кінәсі жоқ болып шықты. Кезінде бір компанияда жұмыс істеген екен. Құжатын пайдаланған әлдебіреулер соның атынан бейнені ғаламторға жариялапты. Жігіттің туыстары да оны әбден қарғап-сілеген көрінеді. Бәрі теріс айналыпты. Сосын ол бала жылап, менің продюсеріме келіп: «Мақпал апайға айтыңызшы, менің суретімді ғаламтордан алып тастасыншы. Менің кінәм жоқ», деп бар жағдайды түсіндіріпті. Содан мен де оның суретін инстаграмдағы парақшамнан алып тастадым. Бұл іс осылайша жылы жабылған еді. Енді міне араға үш жыл салып, сол бейнені тағы біреу youtube-қа салып қойыпты. Біреу менің абыройыма осындай жолмен нұқсан келтіргісі келеді. Тоғыз жыл бұрын орын алған оқиға тағы бар. Оны да айхай-шумен алып тастады.

Мұның барлығы сізге қалай әсер етті?

Зәкең дүниеден өткеннен кейін бірінші рет концертке Ақтау не Атырау өңіріне бардым. Бір адам жылы қабақ танытқан жоқ, ешкім қарсы алмады, жұрт мені елемеді. Бәрі теріс айналды. Сонда жүрегім қатты ауырды. Даңғырлаған музыкадан қонақ үйде түні бойы ұйықтай алмай шықтым. Бір кезде қарным ашып, ақыры ұйқы болмаған соң, музыкантыма өтініш жасап, дүкеннен тамақ алып келуін сұрадым. Балық жеп, сыра іштік. Ұйқы жоқ. Таңғы сағат бесте Тарновскийге (авт. музыкант): «Сыртқа шығып, серуендеп қайтайық. Бәрібір үш сағаттан кейін ұшаққа шығуымыз керек», - дедім. Әуен бір мейрамханадан шығып жатқан болар деп ойладық. Сөйтсем қонақ үйдің менің бөлмем орналасқан жағында бес-алты жігіт көліктің үстіне отырып алып, ішімдік ішіп, музыканы қатты қойып, шулап тұр екен. «Не болса да, жоламайық» деп шештік. Дала қараңғы болатын. Аяғымда тәпішке, көзімде көзілдірігім бар. Қараңғыда ешкім көре қоймас деп шыға салған түрім. Кішкенеден соң артқа бұрылып, қонақ үйге жақындап қалған кезде анадай жерде тұрған жігіт менің атымды атағанын естіп қалдым. Әңгімелерін құлағым шалып қалды. Өздері мені аңдыған көрінеді. «Құрысын» деп тезірек қонақ үйге кіруге асыққанымда бір жігіт: «Мақпал апа, сәлеметсіз бе!» - деді. Өзіміздің қазақтың жігіттері екен, не болса да барып, айтарымды айтайын деп шештім. Жандарына барып едім, алкогольдің иісі бұрқ ете түсті. Араларында біреуі ғана сау екен. Отыз жас шамасындағы бір жігіт: «Апай, неге ұйықтамай жүрсіз? Жаныңыздағы күйеуіңіз бе?»- деп намысқа тиіп сөйледі. «Қарағым, не оттап тұрсың? Сен не, менің күйеуімді өлтіріп кеткенін білмейсің бе?»- дедім ызаланып. «Сенің күйеуіңнің бар екенін білмейді екенбіз», - деді одан сайын қытығыма тиіп. «Заманбек Нұрқаділовті танымайсың ба?» - десем, әлгі жігіт бірінші рет естіп тұрғандай сыңай таңытты. Әбден намыстандым. Бір кезде арақ ұсынды, әбден қаным қарайып тұрған мен: «Жоқ, бар болса сыра ішейін», - деп әлгі жігіттер ішкен стақаннан ішуге жиіркеніп, бөтелкенің аузынан іше салдым. Жүйкем сыр берді. Бір кезде Тарновский: «Мақпал Мұхамедиярқызы, бұл жерден кетейік, сізді жасырын камера түсіріп тұр», - деді. Мен байқамаппын. Расымен де бір жігіт тасадан тығылып түсіріп тұр екен. «Қарағам, бері кел. Азамат емессің бе? Айтсаң, түсеміз ғой видеоңа, арқадан тас лақтырып тұрғандай тығылып тұрғаның не?» - деп едім, әлгі жігіт ыржалаңдап, одан сайын ызама тиді. Ашуға ерік беріп, боқтық сөз айтқаным рас. Жігіт басымен сондай жиіркенішті әрекетке барды. Мені түсіреді, оны жариялайды деп ойлаған жоқпын. Ұрыспай, төбелеспей тарқасайық деп өз жөніммен кеткен едім. Қонақ үйдің де директоры келіп, оларға жоламауымды айтты. Ал мен қазақтың балалары маған кесірін тигізе қоймас дедім де қойдым. Сөйтсем бәрін жазып алыпты. Кейіннен сол бейне жазылған дискіні өздері менің үйіме алып келді. Күзетшіге «жаңа ән» деп айтқандықтан, алдыртып едім. Қоссам, ешқандай да ән жоқ. Әлгінде орын алған оқиғаны әлгі жігіттер түгел түсіріп алып, өзіме жіберіпті. Бірінші өзім көрдім. Жауап қайтарайын десем, не аты, не жөні жоқ. Дискіні сындырып, лақтырып жібердім. Бір күні видео ғаламторда жарияланып, шу шықты. Мұндай алаяқтар солай ақша табады. Адам жалдасам да ол жігіттерді тауып алуыма болар еді. Бірақ олардың деңгейіне түскім келген жоқ. Сол бейне тоғыз жыл бойы ғаламторда тұрды. Бір күні әңгіме арасында: «Осы видеоны ғаламторға салып не тапты екен?» - деп айтып қалып едім, бір кісілер: «Оған бола жүрегіңізді несіне ауыртасыз? Сіз түгілі Елбасымыз туралы да талай нәрселер тұр емес пе?» - деп басу айтты. «Әй, сонда да, қанша дегенмен, әйел баласымыз. Намысыма келді. Алып тастар адам табылса, соған көлігімді берер едім», - деп едім, видеоны ғаламтордан бірден алып тастады. Содан біреулер хабарласып, мәшине талап етті.

Көзге көрінбейтін адамдар менімен алысып келеді

Содан?

«Қарағым, бере алмаймын. Иә, эмоцияға беріліп, «көлігімді беремін» деп айтқан шығармын. Қолдарыңнан келе тұра тоғыз жылдан бері неге қарап отырдыңдар? Сол кезде-ақ алып тастағандарыңда расымен де көлігімді берер ме едім? Болары болып, бояуы сіңген соң, несіне беремін? Жарайды, сізге көлігімді бердім делік. Бірақ ертең сол видеоны басқа біреу салып қоймасына кім кепіл?» – дедім. Міне, бұл қазақтың өз қазағына жасаған қиянаты. Менің одан еш жерім кеміп қалған жоқ. Тек бір түйір қызым үшін алаңдаймын. Мерейім: «Мама, оған бола жүрегің ауырмасын. Ондай адам емес екеніңді мен білемін ғой», - деген соң жаным тынышталды.

Мақпал апай, осындай қиын жағдайларға жиі тап болатын секілдісіз?

Иә.

Ондай жағдайда өзіңізді қалай ұстайсыз? Арандатушылыққа қарсы иммунитет те қалыптасып қалған шығар?

Бұрын шақырған жерден қалмайтын едім, ешкімнің бетін қайтармайтынмын. Халықтың арасында көп жүретінмін. Қазір ондайды қойдым. Мына заман соған итермеледі. Мәселен, кеше ғана инстаграмда бір әйел: «ішіп алып, шу шығарыпсың», - деп пікір жазды. Үнсіз ғана өшірдім. Қайтейін? Ешкімге сенбейтін болдым. Ұшаққа отырсам да, тек вип-класпен ұшамын. Орнымды алдын ала тіркетіп қоятын болдым. Бұрын ондайды білмейтінбіз. «МузАРТ» тобының он жылдық концертіне не әуежайдағы келеңсіздіктің кесірінен бара алмай қалғанмын. Мадина Садуақасова екеумізді тіркеуден өткізбей қойды. Сондағысы тіркеуге бір сағат бұрын келмедік, қырық бес минут бұрын жеткен екенбіз. Жүрегімнің ауырғаны-ай. Сол кешке бір ай дайындалған болатынбыз. Тіркеуде отырған орыс әйел бізге әдейі қырсыққандай көрінді. «У нас же концерт. Как вы так можете?» деп әлгі жерде ашуландым. «Приходите в час, если место будет, я вас посажу», - деді ол. Амалсыз қайта үйге келдім. Ұшаққа отырардан бір күн бұрын ұйықтамайтын әдетім бар. Содан үйге келген соң ұйықтап кетіппін. Оянсам, сағат бірден асып кеткен. Мадина үлгерген екен, ал мен бара алмадым. Осындай нәрселермен белгісіз біреулер менің сағымды сындырғысы келетін сияқты. «Мына қыз өспесін, өшсін» деп қара ниеттілердің жасап отырған ісі бұл. Әйтпесе, өз қазағына адам осындай дұшпандық жасай ма? Сахнада тұрып, елімнің абыройын шашатындай нәрсе жасасам, ән айта алмай қалып, масқара болсам бір жөн. Ол кезде «өз обалым өзіме» дер едім. Бұл енді сахнадан тыс, қарапайым өмірде әркімнің-ақ басында болатын жағдай ғой. Талай ұшып жүрміз. Ішкенді былай қойғанда, елге тыныштық бермейтін адамдарды да көріп жүрміз. Бірақ оларды ешкім сөкпейді. Ал біздің аузымызды аңдып отырады. Бір ағаттық жіберген екенмін. Соған бола мені сонша балағаттап, видеоны қайта-қайта салып, қорлауға бола ма? Осындай жәйттардан кейін артық еш жерге бас сұқпайтын болдым. Тойға бара қалсам да, әнімді айтып, нан ауыз тиемін де тайып тұрамын. Ешкіммен араласқым да келмейді. Адамдарды соншалықты жақсы көріп тұрамын, сеніп қаламын. Жылы сөйлеген жанның бәрін дос санаймын. Ал кейіннен азабын өзім көремін.

Басыңыздан небір нәубетті күндер өтті. Өз-өзіңізге қалай келдіңіз?

Қызымның арқасында. Жұбанышым да, өмірімнің мәні де ˗ Мерей. Оған қоса халқымның пейілі, тілегі мені аяққа тұрғызды. Ел болып мен үшін қобалжып, маған сенім артқан жандар баршылық. Бір-екі адамның жасаған арсыздығы үшін бәрінен баз кешкім келмейді. Егер соған бола құлар болсам, халық та мені өнер әлемінен әлдеқашан сызып тастар еді. Мен де қателестім. Аузыма ие болып, тіпті балағаттап тұрған адамға «айналайын» деп сөйлеуім керек еді. Амал нешік, бұл жерде мінезім де өз рөлін ойнады. Арқалы, намысты қызбын. Мені балағаттап, күйеуімді түкке тұрғызбай, аузына келгенді оттап тұрған жандарды көргенде шыдай алмадым. Қайта қол жұмсаған жоқпын. Ал жалпы ішіп алған адамдармен солай сөйлесу керек. Сол жерге неге бара қалдым екен? Олардың сырасын ішіп нем бар еді? Осы сынды сауалдар мазалайды, әрине. Бірақ сол видеоны салғаннан олар не тапты? Онсыз да дұрыс жасамағанымды біліп тұрмын. Мен де пендемін. Мені көре алмайтын әртіс сымақтар да сол бейнені көшіріп алып, таратумен болды. Арсыз әрекетке барған, жүрген жерінде «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын» әртістерді де білемін. Білгеніммен жарияламаймын ғой. Мұндай нәрсені ешкімнің басына бермесін. Мені елдің алдында масқара еткісі келетін адамның ісі бұл. Біреудің тапсырысы ма әлде әлгі жігіттердің надандығы ма, оны білмеймін. Ғаламторда Елбасымыз туралы да неше түрлі видеолар өріп жүр. Оны жастардың бәрі көріп отыр. Арам ниеттілер Мемлекетіміздің басшысын жастар сыйламасын деген оймен істеп отыр. Бұл не тәрбие? Заңгер болсам, бірінші кезекте ғаламторды қолға алар едім. Қазір жезөкшелік, адам өлтіру, зорлау, қорлау, бала-шағаны далаға тастау сынды қылмыстар көбейіп кетті. Ал оның бәрі қайдан келді? Баяғыда ондай болған жоқ. Осы «ғаламтор» дейтін бәледен келіп отыр. Бұрын біреу қайтыс болыпты десе, бүкіл ауыл жылайтын. Қазір ол қалыпты нәрсеге айналып кетті. Адамдарда жүрек, сезім деген дүние қалмай барады. Жастарымыз көбінесе қандай ән тыңдайды? Айхай-шудан тұратын даңғырлаған музыкаға әуес. Рас қой? Жынданып ән айтатын әншілердің заманы болды. Мәселен, мен қызымның қандай ән тыңдайтынын тексеремін. Маған ұнамайтын, мәдениетімізге жат, анайы музыка тыңдағанын көрсем, тыйым саламын. Оның барлығы сананы улайды. Балаға: «өз тіліңді, төл мәдениетіңді, әніңді сыйлай біл», - деп миына құйып отырмасаң болмайды. Айналасындағы жандарға еліктеп, бұрыс жолға түсіп кетпеуі үшін де баланы қадағалап отыру қажет.

Қателеспесем, Мерей шетелге барып оқып келді?

Иә. «Мама, тіл меңгергім келеді, бүкіл әлемді аралағым келеді», - деді. Талпынып тұрған баланың бетін қақпайын деп келісімімді бердім, қызыма сенім арттым. Жалпы балаға әрдайым сенім артып отыру керек. Онсыз өсу де болмайды. Бір тал қызымды алысқа жіберу маған оңайға соққан жоқ. Ол қыз келгенше шашымның жартысы ағарып кетті, ұйықтаудан қалдым. «Қызыма бірдеңе боп қалса не істеймін?» деген қорқыныш санамды тесіп тұрды. Бірінші сапары сәтті өтті. Келгеннен кейін кәдімгідей ағылшынша сөйлеп шықты. Сертификатын да алды. Екінші жылы тағы барды, соның арқасында қазір кәдімгі ағылшынның қызы сияқты сайрайды.

Дегенмен де, шет елде жүріп тіл үйренген бір басқа. Қай елдерде болып қайтты?

Әрине. Америкада және Англияда болып келді. Биыл ойланып отырмыз. «Барасың ба, қызым?» - десем, онсыз да тілді жақсы меңгергенін айтты. Шыны керек, қызымның өзіне деген сенімділігі артты. Мұғалімдері де Мерейдің ағылшынды өте жақсы меңгергеніне таңданысын жасырмады. Шетелге жібергеніме өкінбеймін. Енді кез келген жерге аудармашым ретінде өзіммен алып баруыма болады.

Өзіңіз биыл демалысқа да бармадыңыз...

Бармаймын. Шетелге баруға да қорқатын болдым. Ол жерде де артымнан аңдитын қазақтар табылады. Жағажайға тіптен бара алмаймын. Бір жолы шомылатын киімімді киіп, суға түсуге бекіндім. Бір кезде бір жігіттің жүгіріп келе жатқанын көрдім. Қолында фотоаппараты бар бала менімен суретке түсуге өтініш білдірді. Ұялғанымнан халатымды киіп, басыма шляпамды кие салдым. Не боянбағанмын. Жалпы күнделікті боянып, кез келген жерде әртіске ұқсап әдемі боп жүргенді жақсы көремін.

Бұрын ешкі асырайтын едіңіздер. Қазір олар бар ма? Жалпы қандай үй жануарларын ұнатасыз?

Менде сүт болмағандықтан, сәби кезінде Мерейге ешкінің сүтін бердік. Сол кезде асырағанымыз рас. Қызым сүттен шыққан соң Зәкең ешкінің «көзін құртты». Бір жағынан итіміз малға күн көрсетпеді. Бір кездері павлиндеріміз де болған. Олар үндемей жатып, бір сәтте айхайға салатын еді. Көршілеріміз де үнемі наразылық танытатын. Зәкең оларды тыңдамай жүрген. Бір күні павлиннің даусынан Мерей шар етіп оянды. Қызымыздың жүйкесіне кесірін тигізіп жүрер деп оны да кетірдік. «Маған асылып алды» деген Мерейдің сөзінен кейін әкесі итті де құртты. Тауықтарымыз да болатын. Бәрінен бас тарттық. Артынан Зәкеңнің өзі де кетті. Сонымен мына үйде Мерей екеуміз ғана қалдық. Негізі үй жануарының болғаны бізге жақсы еді. Бірақ Зәкеңнің шешіміне қарсы тұрмаймыз. Тотықұсымыз да болған. Айша деп өзім атаған едім. Қазақша сөйлейтін, ән айтатын. Шамам келгенше оны өзім күтіп-баптайтынмын. Зәкең дүниеден өтерден екі ай бұрын гастрольге кеткен едім. Үйде Зәкеңнің туысқан қызы болатын. Мерейге қарайласушы еді. Мен келмес бұрын Айшаны шомылдырған қыз есіктерді қымтап жаппапты. Ал мен бәрін жауып, бүркеп тастайтынмын, себебі оған салқын тиіп қалмауы керек. Әбден кеуіп болған соң жуынатын бөлмеден шығаратынбыз. Үйге кіре салып «Айша, хороша-а-ая» деп әндеттім. Әдетте жауап қататын Айшам бұл жолы үндемеді. Үйдегілер оның шомылғанын айтты. Уақыт келгенде тамақты өз қолыммен берейін деп есікті ашып қалсам, құлап жатыр екен. Жүрегім ауырды. Зәкеңнің де есі шығып, қолына алып еді, ыңырсыған дауыс шығарды. Бірден ветеринар шақырттық. Тексеріп, он минуттық өмірі қалғанын айтты. Біз үнемі оған қазақшалап сүтпен шәй беретінбіз. Көз жұмарының алдында беріп едік, ішіп алды. Содан соң расымен де он минуттан кейін сылқ ете түсті. Жақынымыздан айырылғандай бәріміз жыладық. «Бар жамандық сонымен кетсін, Құдайға шүкір, қызымыз бар» деп өзімізді жұбаттық. Зәкең Айшаны аппақ матаға орап, кәдімгідей жерледі. Артынша екі айдан кейін Зәкеңнің өзі де кетіп қалды. Қылмыскерлер екеумізді де өлтіргісі келген болуы керек. Алланың ісі шығар, сол күні үйде болмадым. Зәкең де сезгендей, «келме» деумен болды. Қазір қызым үшін ғана өмір сүріп жүрген сияқтымын. Осы қызды өсіріп, адам етіп жеткізсем, мен үшін содан асқан бақыт жоқ. Көзге көрінбейтін адамдар менімен неше жылдан бері алысып келеді. Олардың кім екенін де, менімен не үшін арпалысып жүргендерін де білмеймін. Қаншама әндер айтып жүрмін, концерттерге қалмай қатысамын. Бірақ эфирден мені кесіп тастайды. Неге? Оны да білмеймін. Әсіресе, «Хабар», «Астана», «Қазақстан» секілді халық көп көреді-ау деген арналар мені көрсетпейтін болды. Жақында ғана Құдайберген Бекіштің шақыртуымен «Жылдар. Әндер» атты концертке қатыстым. Мадина Ералиеваның, Арман Дүйсеновтің концертінде ән шырқадым. Бірақ неге екені белгісіз, мені тағы да қиып тастапты. 

Бұл да жаныңызға батады ғой...

Әрине. Бірақ алға қарай жылжуым керек. Басқа не істей аламын? Жүрекке салмақ түседі, сонда да шыдап келемін. Тек бір күні сол бомба болып жарылар ма екен деп қорқамын. Әр шыдамның шегі бар ғой. Әйтеуір қызыма қараймын да: «Мақпал, басқа ештеңені ойлама, санаңды бұзба, тек қана алға»,- деп өзімді сабалаумен келемін.

Бұрын бір концертіңізге Мерейді алып шығып едіңіз. Ендігі кеште көрерменді нендей жаңалығызбен қуантасыз?

Оны әлі ойластырған жоқпын. Ал Мерейге келсек, әнші болу оның арманы емес. Мектебінде іс-шараларға қатысып, болмаса қонаққа барған кезде көңіл-күйі болса кейде ән айтады. Бірақ әншіліктің ауыр жол екенін көріп отырған қызымның бұл жолды таңдағысы жоқ. Тілді жақсы меңгеріп келеді, білімі де өте жақсы, үздікке оқып жатыр. Жалпы болашақта басқа саладан көргім келеді. Мүмкін қызым аяққа тұрған соң, өз елімнен де кететін шығармын...

Ел арасында сондай сыбыс шығып еді...

Жасырмаймын, ондай ойым бар. Өзіңіз де көріп отырсыз, ешқайда шығармайды. Мен қашанғы жылай бермекпін? Оған дейін зейнетке де шығып қалармын. Басқа мемлекетке баруым не болмаса туған жеріме кетіп қалуым мүмкін. Ауылыма барып, бауырларымның жанында тып-тыныш өмір сүргенге не жетсін? Мына үйді ұстап тұрудың өзі маған оңай емес. Күнделікті үй шаруасы бар, бәріне ақша төлейсің. Тегін ештеңе жоқ. Оған қоса, көлік жүргізе білмеймін. Кезінде Зәкең рұқсат бермеген еді. Ал қазір рөлге отыруға тіптен қорқамын. Жүргізушіге де ақша төлейсің.

Әлемді жаулаған дағдарыстың сіздің өміріңізге әсері тиді ме?

Әсері тиіп жатыр. Мені қойшы, тойға шықсам да, өз күнімді көре аламын ғой. Бірақ осы күнге дейін туған-туыстарыма жәрдемдесіп жүрген мен едім. 

Мақпал апай, қаражат жинамап па едіңіз? Депозит ашып дегендей...

Жоқ, бір тиын да жинамаппын. Айтқанымдай, артық ақшам болса, бәрін таратып жүреді екенмін. Бір үйімді сатып, депозитке салсам ба деп енді ойланып отырмын. Бәрі уақыттың еншісінде. Қызым аман-есен мектебін аяқтап, жақсы оқуға түссе деймін. Одан басқа мақсат-мұрат жоқ. Несібемізге қарай бұйырғанын көрерміз. Шақырған жерден қалмай, шақырмаған жерге бармаймын. Жағдайымды жасайтын болса, ән айтуға дайынмын.

Өнерпазды өсіретін да, өшіретін де ˗ халық

Үй шаруасына көмектесер көмекшіңіз жоқ па?

Қазір бар. Өзіңіз де естіген шығарсыз, Қазақконцертті таратып жіберді. Бүкіл әншілерге жұмыстан шығу туралы арыз жаздырып, Астанаға көшсін деп жатыр. Астанадан үй берсе, баруға болады. Үй болмаса, несіне барамыз. Ол жаққа барып алып, тағы бір үй жалдап тұрар жайым жоқ. Олар қабылдаса жақсы, қабылдамаса тағы жүрегің ауырады. Қазір қамқорлық жасап жүрген Болат ағамызға рақметімді айтамын. Көлігімді жаңартты, Мерейдің өкіл әкесі болды. Сол кісінің отбасысымен жақсы араласып тұрамыз. Жеңгемізбен де ара-қатынасым жақсы. Қуаныштарынан қалмай, ортақтасып жүрмін. Гүлжанат жеңгем өте қарапайым, кездескен сайын: «ұялма, қысылма, көмек қажет болса, айт», - деп жанашырлық танытып отырады.

Жақында туған күніңіз өтті, құтты болсын! Биыл туған күніңізді қалай тойладыңыз?

Туған күн тойлау ойымда болған жоқ. Алматыда Мәриям есімді досым бар. Өзі иманжүзді қыз. Туған күнімде сол қыз хабарласа қалды. Мейрамханаға шақырып, туған күнімді өткізуге ұсыныс білдірді. «Оншақты адамға дастарқан жайып беруге өзімнің де шамам жетеді» деп едім, «достық көңілімді қайтармаңыз» деп болмады. Сөйтіп Мәриям дастарқан жайып, туған күнімді жасап берді. Бес-алты туысым мен Мерейдің екі мұғалімі қонағым болды. Басқа ешкім болған жоқ. Туған күн тойлайтындай елу екі маңызды жас емес. Кезінде қырық жасымды Зәкең жасап берді. Елуге толғанымда қырыққа жуық адамға дастарқан жайдым. Той тойлап, арқа-жарқа болатындай жағдайда емеспіз.

Бұрын берген сұхбаттарыңызда аян түстер көретініңізді айтқан едіңіз...

Қазір де көремін. Тек қорқынышты кезеңнен алыстадық, соған орай түстерім де өзгерді. Зәкеңді өлтіріп кеткеннен кейін қатты үрейленіп қалдық. Жарты жыл бойы американдық дәрілер ішіп емделдім. Жүйкем де әбден тозды, шашым да ағарып бітті. Сол оқиға орны толмас ізін қалдырды. Уақыт емші дейді ғой. Бірте-бірте қалпымызға келіп, жақсы нәрселерді ойлауға, адал ниетті адамдармен араласып, көңілді ән тыңдауға тырысатын болдық. Мәриям сияқты аңқылдап қалған достарым бар. Дос болу үшін күнделікті кездесудің де қажеті жоқ. Телефонмен сөйлессең де, ниеті түзу адамның берері мол.

Яғни сыр бөлісетіндей жақын достарыңыз бар ғой?

Ақтоты Райымқұлова атты досым бар. Жалпы кіммен болса да, қызметі не мансабы үшін достаспаймын. Қолында билігі бар достарымның өзіне жүк артқым келмейді. Достықта алыс-беріс болмау керек деп есептеймін. Ал енді өсектеуге, ғайбаттауға жаны құмар адамдардан мейлінше бойымды аулақ ұстауға тырысамын. Бірнеше рет араласқысы келген адамдармен жүздесіп, сөйлесіп көрдім. Талай адам жүректі ауыртатын әңгімелерді айтып, сыртымнан өріп жүрген өсектерді тасып келді. «Сіз туралы былай депті» деген әңгімелерден әбден мезі болдым. Тіпті тыңдағым да келмейді. «Айтса, айта берсін» деп жылы жауып қоямын. Бірақ соны естудің өзі жағымсыз. Оны айтудың қажеті не? Басқа әншілер туралы біреу сұраса да, үнсіз қаламын. Мен ол әншімен араласпасам, мінезін, отбасын білмесем, ол кісі туралы не айтуым керек? Әнші ретінде бағаны беретін бізге халық. Кімнің қандай екенін халық анықтайды. Ешбір әншіні «ұлы» не «жаман» деп бөлмеймін. Өнерпазды өсіретін де, өшіретін де ˗ халық. Ешкімде шаруам жоқ, ең бастысы, өнердегі әріптестерімнің қуаныштарына ортақтаса білетін адаммын. Ал өнерде Бүркіт, Саят Медеуов, «МузАРТ», «Жігіттер», «Нұр-Мұқасан» топтарының жігіттері, Ақжол Мейірбеков сынды аға-інілерім хабарласып, хал-жағдайымды сұрап отырады. Олардың барына да Құдайға шүкір деймін. Жалпы бірен-сараны болмаса, өнерде жүрген жандардың басым бөлігінің маған деген көзқарасы түзу деп айта аламын.

Қазір бір-екі ән орындап, өзін әншімін деп есептейтіндер көбейіп кетті. Оларға да кешіріммен қарау керек шығар. Біз де жас кезімізде талай қателіктер жібердік. Тіпті, жарты ғасыр, бір ғасыр ғұмыр кешкен адамның өзі қателеседі. Жүз жасаған адамның өзі «бәрін білдім» десе қателік болар еді.

Қазақта «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді ғой...

Иә. Өмір сүрген сайын, білмейтініңнің көптігіне көзің жетеді. Мына заманда ақпарат та көп. Оның барлығын миға сыйдыру мүмкін емес. Мәселен, мен әлеуметтік желілерден тек WhatsApp пен Instagram-ды қолданамын. Маған: «Басқа әлеуметтік желілерде неге жоқсыз?» деген сауал жиі қойылады. Оған уақыт қайда? Осыны үйренгеніме де тәуба деймін. Ұзақ отырсам көзім де ауырып кетеді, сонда да хат жіберген адамдарға жауап беруге тырысамын. Үнсіз отырсаң да, «жылы-жылы» сөздерін жаудыратын адамдар табылады.

Инстаграмды үнемі қарап отырамын, қайта басқаларға қарағанда, сізге жақсы тілектер көп түсетінін байқаймын...

Соның өзінде неше түрліні жазатын адамдар бар. Оны жүрекпен қабылдаймын. Инстаграмды жаба салайыншы деймін, бірақ үйреніп қалыппын.

Мақпал апай, өнердегі қанша баланың кіндік анасысыз?

Он шақты баладай бар.

Оларға қалай көңіл бөлесіз, уақытыңыз жетеді ме?

Уақыт табылады. Сивидің қызына, сондай-ақ, жақында Мерейдің құрбысының сіңлісіне кіндік шеше болдым. Аружан, Салидат, Салтанат атты қыздарым бар. Мақпал есімді бірнеше қызым бар.

Шәкірт тәрбиелеу немесе продюсерлікпен айналысу ойыңызда жоқ па?

Әзірге қолдан келмей отыр. Ол үшін қаражат керек. Ал менде қор жоқ, ондаймен айналыспаған адаммын. Демеуші іздеуің керек, тағысын тағы. Оның артынан әңгіме де көбейеді. Болат Назарбаев көлік сыйлағанда теріс ойлаған адамдар да табылды. Онда тұрған не бар, түсінбеймін? Марқұм Зәкең жоғарыдан бәрін көріп, бақылап отырған шығар. «Назарбаевтармен дос болып алыпты» деп жүр. Енді дұшпан болуым керек пе? Бөкең маған дос ретінде жақсылық жасап, қамқоршы болып жатса, неге ол кісінің кеудесінен итеруім керек? Күйеуге шығайын деп жүрген он сегіз жасар қыз емеспін ғой. Әрі ол кісілер ешқашан да маған дұшпан болған емес. Көпшілік Зәкеңнің өліміне сол кісілердің қатысы бар деп есептейді. Кезінде бәрі солай ойлады, рас. Бірақ олай емес. Меніңше, Елбасымыздың дұшпандарының ісі бұл. Жаман ат сол кісіге келсін деп әдейі істеген. Әйтпесе мықты саясаткердің дәл сайлаудың алдында Зәкеңді өлтіруі мүмкін бе? Бұл да саясат. Ішкі түйсігім, интуициям ол кісілердің кінәлі еместігін айтады. Билікке таласы бар адамның ісі шығар. Жалпы адамды қаралау қазір оңай болып кетті. Болат аға ондай мәшинені жалғыз маған емес, талай жанға мінгізді. Бірақ жұрт менікін көріп қояды.

Жалпы сіздікіндей концерт ешкімде өтпейді. Жұрт барын алып келіп жатады. Ең көп сыйлық алатын Мақпал апай оның бәрін не істейді?

Халықтан алғанды халықтың өзіне қайтарып беріп отырамын. Құдай өзі көп көрмесін, туған-туысқандарым жетерлік. Әр бауырымда төрт-бес баладан бар. Соларға таратып беремін. Олар бриллиантқа, не алтынға қыруар қаржы жұмсай алмайды ғой. Сіңлілеріме, келіндеріме, құрбыларыма беремін.

Ондай дүниені де жинамайсыз?

Оны жинап қайтемін? Зәкең сыйлаған бірнеше жинақтарым бар. Оларды Мерейге беремін. Алтын жинап, одан үй қаламаймын ғой.

Жоғарыда сазгерлердің өздері мұңды ән ұсынатынын айттыңыз. композиторлардың құлағына алтын сырға болсын, өзіңіз қандай ән айтқыңыз келеді?

Қазаққа еңбегі сіңген жақсы адамдар туралы әндер көбірек жазылса дейсің. Фариза апамыздың әйгілі өлеңіне жазылған Әсет Бейсеуовтің әні бар. «Жақсы көру, жақсы көру, не деген керемет ең..» Бағдат апамыз орындайды. Марқұм тірі кездерінде Әсет бар, Фариза апамыз бар, Зәкең бәріміз жиі бас қосатынбыз. Марқұм Әсеттің осы әнді орындап отырғаны, Фариза апамыздың диванда марқая тыңдап отырған сәті көз алдымнан кетпейді. Сондай жақсы адамдар арамызда көбірек болса, соларға арналып әдемі әндер жазылса, айтуға дайынбыз. Өкініштісі, ондай әндер көп таралмайды. Жалпы жаңа ән жазылды ма, біз соны таратуға асығуымыз керек. Телеарна, радио ˗ жастарымыздың өз еліне, ұлтына деген сүйіспеншілікті арттыратын ақпарат құралдары. Сол себепті де біз ең алдымен өз тілімізді сыйлауымыз керек. Мына тұрған көршілес Өзбекстан, Қырғызстанда, тіпті, дамыған Түркия, Америка елдерінде телеарналар тек сол елдің тілінде ән айтып тұрады. Басқа ұлттың киносын, мултфильмін көрсетсе де, тек өз тілдеріне аудартады. Ал бізде жүзден аса ұлттың өкілдері тұрғандықтан, ондай жоқ. Мейлі, жүзден аса диаспора болсын делік. Дегенмен де, таза ән мен жырдан, оркестрден, фольклордан тұратын арна болса, қазақта бар нәрсені, қобызды, домбыраны таңертеңнен кешке дейін насихаттайтын арналар көбейсе деп армандаймын. Жасы бар, кәрісі бар, барлығы тек қазақ музыкасымен, қазақ өнерімен сусындауы керек. Ел білмейтін, көлеңкеде қалып қойған қаншама мұрамыз бар. Соларды насихаттап, ұлттық идеология қалыптастыру қажет. Сонда «қазақша үйрен» деп айта берудің де қажеті болмас еді. Неліктен жастарымыз шетелдің, батыстың әуендерін шапшаң қабылдап алып жатыр? Өйткені таң атқаннан кеш батқанша орыстың не басқа ұлттың музыкасын тыңдап жүр. Қазақша тек сапасы төмен әндер көбірек насихатталып жатыр. Жақсы әншілеріміз де жетерлік. Сол жақсы әншілердің жақсы әндерін көбірек беру керек. Қазір ондай арна жоқ. Тыңдармандарым: «Домбырамен неге айтпай кеттіңіз?» деп жазады. Қанша концертте айтып жүрмін ғой. Оны көрсетпесе қайтемін? Концерт бересің, жылына бір рет арнадан көрсетіп қояды. Ол не болады? Композиторларды да аяймын. Маған әндерін алып келеді. «Бәрібір шығармайды. Одан да шығып жүрген әншілерге беріңдер, әндерің насихатталсын», - деп бас тартамын. Бірақ телеарна жарыққа шығармай жатыр екен деп үнсіз жатқан жоқпын, Құдайға шүкір, талай әндерді жарыққашығардым. Алдағы жеке концертімде орындаймын.

Сұхбаттасқан Ай-Керім Самалбекқызы

comode.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста