KeshYou арулары: Ата-енемізбен бірге тұрғымыз келеді. Анамыз солай тәрбиеледі
Жас та болса, көптің көңілінен шығып үлгерген KeshYou арулары аз уақыт болса да, ата-енесімен тұрып көргісі келетінін бөлісті. Айтуларынша, мұны бала күнінен аналары құлағына құйып келеді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Сурет: Stan.kz/Қарлыға Бүйенбай
«Әрине, дайынбыз! Анам «Күйеу бала бөлек шығамыз деп тұрғанның өзінде сен кемінде бір жылдай ененің тәрбиесін көруің керек» деп айтады. Сол себепті мен ата-енеммен бірге тұруға қарсы емеспін, дайынмын», - деді Наргиз Алтайбай.
Ал топтың тағы бір мүшесі – Балауса Ерғалина екіұшты пікірде. Яғни өзі үшін ата-енемен бірге тұрудың немесе бөлек тұрудың еш маңызы жоқ.
«Қазір сізге бір нәрсені айтып, бір жылдан кейін мүлдем басқа пікірде болуым мүмкін. Сол себепті дәл қазір маған еш айырмашылығы жоқ», - деді ол.
Ал Ләззат Сұлтанова, керісінше, тек ата-енесімен тұрғысы келеді. Мұны өзінің анасы мен жеңгесінің жақсы қарым-қатынаста болуымен түсіндірді.
«Менің отбасымда да ата-анам «Қыз бала – жат жұрттық» деген ұстанымда. Ағаларымның әйелдері, яғни менің жеңгелерім бізбен бірге тұрып, солардың қолынан шай ішкісі келеді. Осы нәрсені армандаймыз деп үнемі ағаларымның құлағына құйып отыратын. Жеке өзім жеңгемді қатты жақсы көремін, оның бізбен бірге тұрғанын қалаймын. Сол себепті бұл нәрсе мен үшін жат емес», - деді Ләззат Сұлтанова.
Күні кеше KeshYou тобы «Жыл таңдауы-2019» байқауында жеңімпаз атанды.
Естеріңізге сала кетсек, белгілі продюсер Алуа Қонарованың 19 жылда алғаш рет марапатталғаны туралы айтқан едік.