Баян Есентаеваның қыздары жігіт туралы көзқарастарымен бөлісті
Продюсер Баян Есентаеваның қыздары Айсәуле мен Айару Бақытбек оқырмандарға өзара қарым-қатынасы жайлы айтып берді. Апалы-сіңлілі қыздар әңгіме арасында жігіт туралы көзқарасымен де бөлісе отырды, деп жазады BaiStars.kz Comode.kz-ке сілтеме жасап.
Қазір Айсәуле жиырмаға келген бойжеткен қыз болса, Айару он екі жастағы жеткіншек. Дегенмен, қос құрбыдай болып кеткен бауырлар бір-бірімен сырласқанды ұнатады екен.
“Екеуміз апалы-сіңлілі ғана емес, жақын құрбыдаймыз. Айару маған тіпті қандай ұлдарды ұнататынын айтып отырады. Оның жасы небәрі он екіде. Жігітке әлі ерте”, – дейді Айсәуле Айаруға ескертіп.
Әпкесіне бар сырын айтпайтынын меңзеген Айару үйдегілердің көп нәрсені білмейтінін атап өтті. Есентаеваның кіші қызы құпиясын мектептегі алты құрбысымен бөліскенді қалайтын көрінеді.
Айсәуле сіңлісінің өсіп қалғанын киімдерін “иемденіп” алған кезде байқағанын айтады.
“Бір жолы жаңадан джинсы мен футболка сатып алдым. Ертеңіне қарасам, Айару менің жаңа киімдерімді киіп, серуендеуге шығып барады екен. Айарудың есейіп қалғанын сол сәтте сездім”, – дейді Айсәуле.
Сондай-ақ, Айсәуле сіңлісінің бір ренжісе, сөйлемей қоятын бірбеткей мінезін де айтып өтті. Бірде туыс ағасы Арланмен сөзге келіп қалған Айару онымен тоғыз ай тілдеспеген.