Түркияда жер сілкінісінен қайтыс болғандар саны 45 мыңға жетті
Түркияда жойқын жер сілкінісінен қаза тапқан адамдардың саны 45 089 болды, деп хабарлады Түркия төтенше жағдайлар салдарын жою басқармасы.
Зілзаладан кейін 11 000-нан астам жер асты дүмпуі болды.
Қазіргі уақытта табиғи апат аймағында іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркия мен шет елдерден 6 368 адам жұмылдырылған. Сондай-ақ жұмысқа 234 000-нан астам төтенше жағдайлар, полиция, әскери қызметкерлер мен еріктілер тартылды.
Қалпына келтіру жұмыстарына 18 000-нан астам техника жұмылдырылды. Баспанаға мұқтаж жер сілкінісінен зардап шеккендер үшін 358 000-нан астам шатыр орнатылған. 11 провинцияда және 332 елді мекенде контейнерлік қалашықтар құрылды.
Еске сала кетейік, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы жеті балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Зілзала жергілікті уақыт бойынша 04.17-де – 7,7 балл және 13.24-те – 7,6 балл болған.