Талдықорғанда қаржы пирамидасының жетекшісі сотталды
Талдықорған қалалық сотында қаржы пирамидасының ұйымдастырушысына қатысты үкім шығарылды.
Тергеу материалдарына сәйкес, Т. есімді әйел 2018 жылғы жазда «Q» халықаралық компаниясының сайтына тіркеліп, тәуелсіз өкілдің куәлігін алған. Одан кейін Талдықорғанда компанияға жаңа адамдарды тартқан. Әрбіреуі 690 000 теңгеден 860 000 теңгеге дейін жарна салуға тиіс, бұдан бөлек, жаңа қатысушыларды тартуға тиіс. Солардың есебінен дивиденттер төленді.
Қаржы пирамидасының жетекшісі «Q» серіктестігінің әрбір мүшесіне апта сайын 200 АҚШ доллары көлемінде төлем жасап тұруға уәде берген, — делінген сот үкімінде.
Сот отырысы кезінде прокурор қаржы пирамидасының жетекшісін алты жыл сегіз ай мерзімге бас бостандығынан айыруға сұрады. Себебі ол жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтемеді. Ал келіншек кінәсін мойындамай, соттан өзін ақтауды өтінді. Заң бойынша ондай қылмыстар үшін бес жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Келіншектің кінәсі дәлелденеді. Жазаны жеңілдететін мән-жайлар да ескерілді.
Оның асырауында кәмелетке толмаған екі баласы бар. Сосын қылмысты алғаш рет жасап отыр. Соттың шешімімен қаржы пирамидасының жетекшісі алты жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.