ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясына жаңа Президент сайланды
2023 жылғы 31 наурызда Қазақ аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының базасында Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылық ғылыми Академиясының жалпы жиналысы өтті.
Күн тәртібінде: ҚР АШҒА Президентін қайта сайлау және ҚР ҰҒА академигі Т.И.Есполовтың «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі мәселелері және оны ғылыми қамтамасыз ету» баяндамасы.
ҚР АШҒА Президенті, академик Ғани Әлімұлы Қалиев сөз сөйледі, қатысушылар алдында Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылық ғылыми Академиясының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы өтініш білдірді және осы лауазымға академик Тілектес Исабайұлы Есполовтың кандидатурасын ұсынды.
Р.А. Оразалиев, А.И. Иорганский, А.М. Мелдібеков, А.Б. Молдашев, О.С. Сәбден және басқалары сөз сөйледі. Олар ҚР АШҒА тұңғыш Президенті, академик Ғ.Ә. Қалиевтің еліміздегі ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті.
Академия Президенті Қалиев Ғани Әлімұлының жетекшілігімен республикадағы ауылшаруашылық зерттеулерінің іргелі және қолданбалы бағыты, ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының аяқталған ғылыми әзірлемелерді іс жүзінде жүзеге асыруға бағдары күшейтілді. Оның бастамасымен агроөнеркәсіп кешенін ғылыми-өндірістік қамтамасыз етудің өңірлік орталықтары құрылды, олар отандық және шетелдік ғылыми-техникалық жетістіктерді жергілікті жағдайларға бейімдеуді қамтамасыз етті.
Академияның жалпы жиналысының қорытындысы бойынша Қалиев Ғани Әлімұлы «ҚР АШҒА Құрметті Президенті» болып сайланды.
Жиналыста сөз сөйлеген С.А. Кешуов, В.В. Григорук, А.А. Сатыбалдин, Г.Т. Мейірман, М.В. Таморовский және басқалары аграрлық саланың білікті маманы, мемлекет және қоғам қайраткері Есполов Тілектес Исабайұлының отандық ауылшаруашылығы білімі мен ғылымына қосқан елеулі еңбегін тілге тиек етті.
Т.И. Есполов – ҚР ҰҒА аграрлық ғылымдар бөлімінің төрағасы, ҚР ҰҒА президиумының мүшесі, Ресей Ғылым академиясының, Украина Ғылым Академиясының, Моңғолия Ғылым Академиясының академигі, ғылым мен техника саласы бойынша Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 20 жылдан астам Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры қызметін абыроймен атқарды. Қазақстандағы табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы белгілі ғалым, жоғары мектептің ірі ұйымдастырушысы, көптеген ғылыми білім беру және инновациялық жобалардың бастамашысы.
Академия мүшелерінің дауыс беру нәтижесі бойынша Есполов Тілектес Исабайұлы Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылық ғылыми Академиясының Президенті болып сайланды.