«Өскеменде жердің бәрі Даниал Ахметовтікі»: ШҚО әкімдігі депутаттың даулы мәлімдемесіне жауап берді
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мәжіліс депутаты Берік Дүйсембиновтің даулы мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мәжіліс отырысында Дүйсембинов «Өскеменге барсаңыз, жердің бәрі Даниал Ахметовтікі, ал Павлодарға барсаңыз Бақауовтікі. Астананың маңайында Өмірзақ Шөкеевтікі. Оны айтуға бәрі қорқып отыр» деді.
Содан кейін Halyq Uni Даниал Ахметовтің атына ресми сауал жолдап, депутат мәлімдемесіне қатысты жауап беруді сұрады. Ресми сауалға ШҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис жауап берген.
2022 жылдың 28 желтоқсанында мәжілісмен Берік Дүйсембинов айтқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Шығыс Қазақстан облысындағы, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы бір де бір жер учаскесі облыс әкімі Даниал Ахметовке тиесілі болған жоқ және тиесілі емес, - делінген жауапта.
Сондай-ақ Надежда Михейлис жер қатынастары жөніндегі облыстық уәкілетті органның басшысы ретінде 28 желтоқсанда түсініктеме беріп, ақпаратты жоққа шығарғанын айтты.
Өйткені Берік Дүйсембинов өз сөзінде осындай елеулі айыптауларды растау үшін бір де бір факт немесе құжат келтірмеді, - делінген басқарма жауабында.
Ресми ақпарат бойынша, Шығыс Қазақстан облысында 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік меншікке 100,6 мың гектар жер қайтарылды.
«Бұл жер қолданыстағы жер заңнамасына сәйкес жергілікті тұрғындар арасында қайта бөлінетін болады. Жұмыс 2023 жылы да жалғасады. Барлық жұмыс облыс әкімінің жеке бақылауында тұр», - делінген ақпаратта.
Қайтарылған жер учаскелері Шығыс Қазақстан облысының геопорталында жарияланған. Оны vkomap.kz сайты арқылы көруге болады.