Таңертең елордадағы №8 мектеп-лицейде өткен салтанатты жиынға оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев барды. Тілшілермен сұхбатында шенеунік мектепті қалай оқығанын еске алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, ата-анасының көңілінен шығу үшін ол үнемі "үздік" оқуға тырысқан.
"Менің ата-анам, әсіресе анам менің бағаларымды қадағалады. Мен "бес" алған сайын анам дәмді пирогтар мен тоқаш пісіретін. Сондықтан, жақсы баға алған сайын отбасымызда өте қуанышты, жағымды аура болды", - деді Бейсембаев.
Шенеунік төрт-беске оқығанын айтты. Бірақ бір рет "екілік" алған.
"Мен 11-сыныпта "Бастапқы әскери дайындық" пәнінен бір рет қана "екі" алғанмын. Форма жоқ болғандықтан. Жалпы әрқашан "төрт" пен" беске" оқыдым", - деді Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, ол соңғы қоңырауды есінде сақтап қалған. Бірақ мектеп бітіру кеші болмаған.
"Мен мектепті 30 жылдан аса уақыт бұрын бітіргенмін, сондықтан біздің уақытта ешқандай мерекелік, салтанатты шаралар болған жоқ. Бірақ мен мектепте мұғалім болып жұмыс істегенімде, әрине, балалармен бірге қуанатынмын", - деп мойындады шенеунік.