Мүгедектігі бар және көпбалалы тұрғындар қалай баспана ала алады
Былтыр мемлекеттік әлеуметтік көмек ретінде 200-ден астам адам тұрғын үй сертификаттарын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен жылы осындай өтеусіз көмек алушылардың тізімі төрт санаттан жетіге дейін кеңейтіліп, көптеген адамдардың пәтер алу мүмкіндігі пайда болды.
– 2022 жылы 226 павлодарлыққа тұрғын үй сертификаттары табысталды, -– деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде. – Бұрын олардың ешқайсысында жылжымайтын мүлік болмаған.
Олардың ішіндегі 100 адам бюджеттік ұйымдарда жұмыс істейді, 82-сі – толық емес отбасылар, жетеуі – көпбалалы отбасылар, 18-і –бірінші немесе екінші топтағы мүгедек адамдар, сегізі – жетім және ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Олар «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламалары бойынша баспанаға қол жеткізді.
Тұрғын үй сертификаты еңбек, кәсіпкерлік қызметтен орташа табысы бар отбасыларға соңғы жарты жылдағы зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды есепке алмағанда беріледі.
Әр адамға шаққандағы табыс айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен немесе 1257 теңгеден аспауы тиіс.
Қала әкімдігі тұрғын үй сертификатына үміткер бола алатын адамдардың тізімін еске салады:
1) мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар;
2) «Алтын алқа», «Күміс алқа» медальдармен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен мараптталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар;
3) толық емес отбасылар;
4) Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласындағы сұранысқа ие болған мамандар, құқық қорғау органдарының, әлеуметтік қамсыздандыру және мемлекеттік қызметкерлері;
5) бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
6) жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалар;
7) басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдарының ардагерлері.
Тұрғын үй сертификатын алу үшін тұрғын үй конкурсына қатысу қажет. Тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы «Отбасы банкінен» хат алғаннан кейін өтініш беруші қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінуге тиіс.
Кеңес алу үшін «Open Pavlodar» фронт-офисінде Кривенко көшесі, 25, №4 үстел немесе ХҚКО-ның кез келген бөлімшесінен ақпаратты білуге болады.