Мерзімдік басылымдағы мақалалар оқырман есінде ұзақ сақталады – ардагер-журналист

Мерзімдік басылымдағы мақалалар оқырман есінде ұзақ сақталады – ардагер-журналист

ҚазАқпарат - Қазір көпшілік арасында «дәстүрлі журналистиканың болашағы қандай болады?» деген сауал бар. Соған қарамастан аймақта газет-журнал шығаруға белсене атсалысып, абыройлы міндетті кіршіксіз атқарып жүрген әріптестеріміз бар. Ал ауданда газет шығару ісі мүлдем қиын екені айтпаса да белгілі. Мерзімдік басылым бетінде маңызды мәселелер көтеріп, түйінді түйткілдің шешілуіне белсене атсалысып жүрген Нұрмахан Елтай ағамыз биыл жетпіс жасқа қадам басса да, сатиралық дүниелерімен шығармашылық жолда жемісті еңбек етіп келеді. Өзі басқаратын «Шарайна-Сейхун» газеті арқылы облыстың Жаңақорған, Шиелі аудандары тұрғындарына сүбелі дүниелер ұсынып жүр. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі қарымды қаламгерді әңгімеге тартып, әдебиет және журналистика тақырыбында ой бөліскен еді.

- Нұрмахан аға, журналистикаға кештеу келгенізді білеміз. Алайда оған дейін сізді оқырмандар сатиралық шығармаларыңыз арқылы біледі. Жалпы, руханият әлеміне жақындығыңыз қашаннан басталған еді?

- Жас кезімнен қалам ұстауға жақын болдым. Десе де бірден журналистика саласына қадам баса қойған жоқпын. Ескінің адамдарының газет-журнал оқуға ықыласы ерекше еді. Әкем үйге мерзімдік басылымдарды жиі жаздырып алатын. Алғаш «Әліппеден» әріп танығаннан бастап менің де газет-журналға қызығушылығым байқалды. Балаларға арналған «Балдырған» журналы және «Қазақстан пионері» газетін оқып өстім. Уақыт өте келе өзім де қолыма қалам алып, сол басылымдарға мақалалар жолдай бастадым. Кейбірі жария көрді. Ендігі бірінде онда жұмыс істейтін журналистерден «шығармашылығыңды шыңдай түс» деп ақыл-кеңес айтқан арнайы хаттар келетін. Сегізінші сынып оқып жүргенімде «Қазақстан әйелдері» журналында құпия сөзді құрауға машықтандым. Мектеп бітірген жылы бізді фермаға қозы сою пунктіне жұмысқа алып барды. Сол жерде «Кең өріс» деген қабырға газетін шығардым. Беріде аудандық газетте «Көкине» сықақ бетінің жүргізушісі болдым. Мына бір сәт әлі күнге дейін көз алдымда. Ол кезде ауылдан жиырма шақырымда жатқан егістің басындамын. Егіс басынан кешке қарай атпен ауылға келемін. Түні бойы әзілсықағымды дайындап, таңертең автобуспен жүз шақырым қашықта жатқан аудандық газет редакциясына келемін. Содан бергі уақытта шаруашылықта қызмет ете жүріп, шығармашылықтан да қол үзген жоқпын. «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Сыр бойы» газеттеріндегі сықақ беттерінде сатиралық шығармаларымды жариялап тұрдым. 1998 жылы облыстық «Сыр бойы» газетіне қызметке келіп, онда жиырма жылдан астам уақыт бойы қызмет атқардым. Сол бір жылдарда «Хан алшы» газетін шығарған едім. Кейінгі жылдары шығып жатқан «Шарайна-Сейхун» сол жобалардың жалғасы болып отыр.

- Қазір «Дәстүрлі журналистиканың дәуірі өтті» деп топшылап, тон пішетін азаматтар аз емес. Сіз қалай ойлайсыз, газет-журнал оқу қоғам өмірінде қаншалықты маңызды?

- Оқыған адамның жан дүниесі кең болады. Оны қайталап айтудың қажеті болмас. Әлемде өркениеттің жоғары биігінінен көрініп жүрген Жапонияның өзінде әлі күнге дейін газет-журнал жабылған жоқ. Оны оқитын елдің саны да кеміген емес. Бұл нені көрсетеді? Ол жоғары мәдениеттілікті аңғартады. Жапонияның жасы да, кәрісі де күнделікті қым-қуыт қарбалас арасында оқуға уақыт табады. Бізде ше? Бұған байланысты қырық сылтауымыз бар. «Жұмыстан қолым босамайды», «Оқитын дүниелер аз» деген әңгімені айтады. Менің ойымша, бұл дұрыс әңгіме емес. Әрбір газет-журнал үлкен еңбекпен шығады. Оны дайындайтын шығармашылық ұжым басылымның мазмұнына көңіл бөледі. Осындай үлкен еңбектің арқасында газет-журнал оқырманға жол тартады. Өзім қазірге дейін күнделікті шығатын басылымдарға көз жүгіртіп отырамын. Олардың біразын жаздырып аламын. Әрбір дүниеден мол мағлұмат алып жатамын. Қолдан келгенше жақын-жуық жандарға газет-журналда шыққан дүниелер жөнінде насихаттап отырамын.

Рас, бүгінде азаматтар көп ақпаратты интернет желісінен алатын болды. Ақпаратты жылдам жеткізу жөнінен ғаламтордың атқаратын қызметі ерекше болып отыр. Оны жоққа шығара алмаймыз. Десе де мамандар мынадай деректі назарымызға ұсынып жүр. Мерзімдік басылымда жарияланған дүниелер оқырман есінде ұзақ сақталады екен. Ал интернет желісінен оқыған дүниелер тез ұмытылады. Сондықтан қай кезде де дәстүрлі журналистиканың дәуірі төмен түспейді. Алдағы уақытта ол қайтадан баяғы қалпына көтеріліп, қалың ел олардың маңызын түсінеді деген ойдамын.

- Аймақтық деңгейде бірнеше жылдан бері газет шығарып келесіз. Қазіргу уақытта оқырман жинау оңай емес қой. Жалпы, аймақтық басылымдардың жағдайы қалай болып жатыр?

- Мен журналистерді қай кезде де елдің адамы деп түсінемін. Өзіңіз ойлаңыз, қалам иелері бір материалды жазу үшін қаншама шақырымды артқа салады. Қыстың суығы, жаздың ыстығына қарамайды. Табиғаттың өзге де тосын құбылысы олар үшін сөз емес. Мен облыстық газетте талай мәрте осындай жағдайды бастан өткіздім. Тіпті, жолсапарға берілген ақшаның өзі оған жетпей жататын. Жол-пұлымызды қалтамыздан шығарған кезіміз болды. Әрине, оқырман олардың барлығын білмейді. «Журналист кабинетте отырып, жазып тастады» деген ойда болады. Әрбір кейіпкер бейнесін ашып, дұрыс дүние дайындай білсең, үстіңнен ауыр жүк түскендей күй кешесің.

Мен журналистиканың жүгін сезінемін. Қашанда ел үшін қызмет еткенді қалаймын. Кейінгі жылдарда «Шарайна-Сейхун» газетін шығарып келемін. Оқырман жинау да оңайға соғып жатқан жоқ. Қазір тұрақты жазылып алатын 3 мыңға тартатын оқырманымыз бар. Газет бағасын бірнеше жылдан бері көтерген жоқпыз. Десе де одан бері инфляция деңгейі қаншама өзгергенін білесіздер. Биыл 2400 теңгеге көтерілді. Көпшілікке барынша тартымды, оқылымды дүниелер ұсынуға күш саламыз. Сол міндет жолында қызмет атқарып келеміз. Бүгінде редакцияда барлығы 7 адам қызмет жасап жүр.

- Көпшіліктің сұранысын қанағаттандыру мақсатында газет шығаруда қандай қағидаға сүйенесіз?

- Расын айтқанда, қазір репортаж, суреттеме, сараптама бағытында жазылған дүниелер саны азайып барады. Ілгеріде журналистер бір мекеменің тыныс-тіршілігін репортаж жанры арқылы көркем суреттеп жеткізе білетін еді. Қазір мұндай дүниелерді емге іздесең де таба алмайтын жағдайға жеттік. Сондай-ақ, қоғам өміріндегі өзекті тақырыпты талдап-таразылай білетін сараптама жаза білетін білікті журналистер саны азайып бара жатқаны жасырын емес. Сараптама жазу үшін де ол тақырыпты жете білгенің дұрыс. Кейбір журналистер тақырыпты көтеруден бұрын ол жайында көбірек біліп алғаны жөн болады. Пікір білдірген адамның деңгейінде сауатың болса, сараптама мақалаң да өтімді шығады. Өкініштісі, кейбір журналистер тарапынан осындай шалағайлық байқалып қалады. Мен редакцияда қызмет атқарып жүрген журналистерден осындай жұмыстарды талап етемін. Олар қал-қадерінше оқырманға жақсы дүниелер ұсынып жүр.

Қысқаша айтқанда, газет шығарудың түрліше формасын іздеуден жалықпауы тиіс. Бұл бүгінгі күннің басты тақырыбының біріне айналып отыр.

- Сізді журналист ретінде қоғамдағы қандай тақырыптар толғандырады?

- Айта берсең, бүгінгі күні өзекті тақырыптар саны көп қой. Оның барлығын айтып бітіру оңай емес. Жалпы, мені атқару органдарында кейбір кездейсоқ адамдардың қызмет атқаратыны ойлантады. Мәселен, кейбір азаматтар өзі қызмет атқаратын саланы жетік біле бермейді. Бәлкім, одан мықты агроном шығатын шығар. Бірақ, ол құрылыс саласына жауап беруі мүмкін. Сондықтан мамандық таңдау барысында әрбір адам қателеспеуі тиіс. Ата-анасы да баласының таңдауына қарсы болмауы тиіс. Сонда ғана жетісті еңбек етуге мүмкіндік болады. Одан қоғам дамуына тиетін пайда орасан.

Сондай-ақ, жас ұрпақ тәрбиесін қай уақытта да ұмытпауымыз тиіс. Кейде жаға ұстатарлық жағдайларды естіп жатамыз. Бұл ұрпақ тәрбиесіндегі олқылықты көрсетеді.

Мен немерелеріме түрлі тақпақ жаттатуға тырысамын. Олардың тәрбиелік маңызы бар. Ол бір жағы балалардың дүниетанымын кеңейтеді. Оқуға деген қызығушылығын арттырып жатады. Біз кейде оларға ұялы телефон алып беріп, қадағалауды ұмытып кетіп жатамыз. Жас ұрпақ телефоннан қандай дүниелерді қарайды? Соның салдарына теріс жолға түсіп кетпей ме? Бұл мәселенің барлығына селсоқ қарауға болмайды. Қай кезде де ұрпақ тәрбиесі басты орында болғаны жөн.

- Cізді оқырмандар белгілі сатирик ретінде жақсы біледі. Әлі де шығармашылықпен тұрақты айналысып келе жатырсыз. Қазірге дейін оқырманға қай кітаптарды ұсындыңыз?

- Иә, менің шығармашылығымда сатира тақырыбында жарияланған дүниелерімнің саны аз емес. Бүгінге дейін «Жайма базар», «Қатырамыз», «Сүйінші дайындаңыздар», «Үшінші тайм», «Ауылдың айтқыштары», «Сыпыра сыйлық», «Көкиненің көзі» атты кітаптарыңызды оқырман жылы қабылдады.

- Әңгімеңізге рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста