Елде млн-нан астам адам биржада криптовалютамен сауда жасап жүр
Қазақстанда миллионнан астам Қазақстан азаматы биржада криптовалютамен сауда жасап жүр, деп хабарлайды Экспресс К.
Бұл туралы Сенат депутаты Сергей Карплюк айтты.
Бейресми деректер бойынша халықаралық биржаларда криптовалюта саудасына қатысатын 1 миллионнан астам Қазақстан азаматы тіркелген. Алайда криптовалютамен жасалған барлық операция көлеңкелі болып саналады, — дейді депутат.
Бүгінде цифрлық майнинг табысы жоғары қызмет түрі болып саналады. Бірақ қазір қазақстандық майнерлер өз күшін шетелдік пулда біріктірді. Осыған байланысты уәкілетті органдар олардың нақты табысын айта алмайды.
Сенат депутаттары цифрлық активтер туралы заң жобасын мәжіліске қайтарған болатын. Заңда майнерлерге лицензия беру тәртібі енгізіледі. Олар Қазақстанда ресми түрде тіркелуге міндетті болады. Осылайша, майнерлер заңды тұлға ретінде тіркеліп, салық салынатын субъектіге айналады. Лицензияны цифрлық даму министрлігі береді деген жоспар бар. Ал криптобиржалар Халықаралық қаржы орталығында орналасады және соның аясында ғана жұмыс істейді. Себебі Қазақстанда криптовалютамен төлем жасауға тыйым салынған.