Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Кенесары ханның бас сүйегі мен мылтығы Мәскеудегі этнографиялық музейде жатқанын айтты, деп хабарлайды Экспресс К.
Қазіргі уақытта Кенесары ханның бас сүйегі мен оның мылтығы Мәскеуде этнографиялық мұражайда уақытша сақтауда тұр. 2021 жылы Қазақстаннан арнайы барған комиссия және мамандар Ұлы ханның бас сүйегі мен мылтығын сәйкестендіру жұмыстарымен айналысты, — дейді депутат.
Ол тарихи, антропологиялық, мұражайлық және мұрағаттық зерттеулер кешенінің қорытындысында мылтықтың ханға 100% тиесілі екені, ал бассүйек Кенесары ханның бассүйегі сәйкестік 90%-тен жоғары екені анықталды деп отыр.
Депутат Кенесары ханның туғанына 220 жыл және ол бастаған көтеріліске 185 жыл толғанын еске сала отырып, премьер-министрден Кенесары ханның сүйегі мен мылтығын Ресейден Қазақстанға қайтару мәселесіне қолдау көрсетуді сұрады.
Хан сүйегін Астанадағы Ұлттық пантеонда жерлеуді, ал мылтықты Ұлттық мұражайға тапсыруды ұсынамын. Бұл шара ел рухының асқақтауына, отаншылдықтың күшеюіне және ел астанасындағы туризмнің дамуына ықпал етері сөзсіз, — деді Бақытбек Смағұл.