Дәрі салдарынан болған 20 баланың өліміне кім кінәлі?
Былтыр желтоқсан айында Өзбекстанда үндістандық Biotech фармацевтика компаниясының «Doc-1 Max» препаратын ішкен балалардың жаппай өлімі тіркеле бастады. Бастапқыда жөтелге қарсы сироптан 18 бала қайтыс болса, кейін желтоқсанның соңында елдің Қашқадария облысында тағы бір бүлдіршін көз жұмды. Ал биылғы қаңтардың басында «Doc-1 Max» сиропын ішкен тағы бір баланың қайтыс болғаны белгілі болды. Кейін Өзбекстан билігі препараттың ел аумағында сатылуына тыйым салып, бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғады. Ал енді күні кеше Үндістанда Marion Biotech фармацевтикалық компаниясы лицензиясының күші жойылды. Жалпы Өзбекстандағы оқиғаның жай-жапсары, себеп-салдары мен қандай іс-шаралар қолға алынғаны жөнінде ҚазАқпарат сарапшысының материалында.
Өзбекстанда «Doc-1 Max» препаратынан 20 бала көз жұмды
Өзбекстанда 2022 жылдың желтоқсанында әлеуметтік желілерде Самарқанд облысының көпсалалы балалар медициналық орталығы басшысының 15 баланың өлімін «Doc-1 Max» препаратымен байланыстыратыны туралы хат тараған еді.
«Балалардың көпшілігінде бүйрегі зақымданғаны байқалды. Соңғы екі айда орталыққа осы дәріні қабылдағаннан жанама әсері тиген 21 науқас келді. Ауру балаларда негізінен анурия байқалды. Оның 17-ің жағдайы өте ауыр болды, тіпті бірнеше рет гемодиализ жасауға тура келді. 15 адам қайтыс болды», – делінген хатта.
Кейін Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармацевтика саласын дамыту агенттігі жағдайды дереу бақылауға алғанын хабарлады. Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына департаменттің, Республикалық сот-медициналық сараптама ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері, балалар нефрологтары, педиатрлар кірді. «Самарқанд дәріханаларында сатылған үнділік Marion Biotech Pvt. Ltd компаниясының лимон және бал дәмі бар «Doc-1 Max» дәрілері белгіленген тәртіппен сараптамадан өтеді. Зертханалық талдау аяқталғаннан кейін нәтижесі көпшілікке жарияланады»,-деді ведомство.
Сөйтіп, 2022 жылдың 22 желтоқсанынан бастап Өзбекстанда бұл препаратты сату уақытша тоқтатылды. Кейін 27 желтоқсанда Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігі «Doc-1 Max» препаратын ішкен 18 баланың өлімін растайтын тексеру қорытындысын жариялады. Дәрілік заттарды сараптау және стандарттау мемлекеттік орталығының қорытындысына сәйкес, «Doc-1 Max» шәрбаты белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде, «Doc-1 Max» сиропының осы сериясынан этиленгликоль табылған. Бұл – өте улы зат. Бұл дәрілердің құрамындағы уытты заттар әсерінен іш ауыру, құсу, диарея, зәр шығарудың бұзылуы, бас ауруы, психикалық жағдайдың өзгеруі және бүйректің өлімге әкелетін өткір сырқаты болуы мүмкін.
Ал 29 желтоқсанда Қашқадария облысында «Doc-1 Max» препаратын қабылдаған тағы бір баланың қайтыс болғаны белгілі болды. Бір жарым жасқа да толмаған балаға бес күн бойына «Doc-1 Max» сиропы берілген. Осыдан соң оның жағдайының күрт нашарлап, келесі күні көз жұмған. Аталған факті бойынша облыс прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.
Биыл жыл басында елдің Наманган облысы Үшқорған ауданында аталған препараттан үш жасар баланың қайтыс болғаны белгілі болды. Сөйтіп, бүгінде көрші Өзбекстанда «Doc-1 Max» сиропын ішіп, салдарынан қайтыс болған балалар саны 20-ға жетіп отыр.
Қылмыстық іс қозғалып, жауапты тұлғалар қызметінен кетті
Кейін 20 баланың өліміне себеп болғандар үстінен Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі қылмыстық іс қозғады. Дәрі-дәрмекті импорттаушы компания мен Дәрілік заттарды стандарттау ұлттық орталығының өкілдері «құрамында күшті әсер ететін заттары бар рецепт бойынша берілетін дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізу тәртібін бұзу» бабы бойынша ұсталды. Бұл бап бойынша 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Бұл ретте Өзбекстанның денсаулық сақтау министрі Бехзод Мұсаев қызметінен босатылғанын атап өту керек. Жарлыққа президент Шавкат Мирзиеев қол қойды. Айта кетейік, 27 желтоқсанда Бехзод Мұсаев әлі министр болып тұрғанда «Doc-1 Max» шәрбатын ішкен балалардың өлімі туралы ақпарат министрлікке жетпегенін, яғни ведомстводан жасырылғанын айтқан болатын.
Сонымен қатар Өзбекстан президенті Фармацевтика саласын дамыту агенттігінің директоры Сардор Қариевті де қызметінен босатты.
Ал 29 желтоқсанда жеті медицина қызметкері мен Самарқанд облысындағы балалар көпсалалы медициналық орталығының бас дәрігері Маматқұл Азизов та жұмыстан босатылды. Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі оның жұмыстан босатылуын үндістандық «Doc-1 Max» шәрбатын ішкен балалардың өлімі туралы ақпаратты кеш жеткізгенімен байланыстырады. Сонымен бірге бірқатар маманға тәртіптік жаза қолданылған.
Үндістандық Marion Biotech компаниясының лицензиясы жойылды
Ал күні кеше Үндістанның Уттар-Прадеш штатының билігі өзбекстандық 20 баланың өліміне себеп болған «Doc-1 Max» препаратын шығаратын компанияның лицензиясын жойды. «Қаңтар айында лицензияның қолданылуы тоқтатылды. Тергеуді бастадық. Уттар-Прадештің есірткіні бақылау басқармасы лицензияның күшін жойды. Marion Biotech фармацевтикалық компаниясы бұдан былай «Doc-1 Max» жөтелге арналған шәрбатты шығара алмайды»,-деді үкімет өкілі.
Онымен қоса биыл наурыздың басында Үндістанда «Doc-1 Max» жөтел сиропын өндіруші Marion Biotech фармацевтикалық компаниясының үш қызметкері жалған дәрі-дәрмек жасап, сатты деген айыппен ұсталған еді.
Қазақстанда «Doc-1 Max» препараты сатылымда жоқ
23 желтоқсаннан бастап Қырғызстанда да бұл дәріні сату тоқтатылды. 30 желтоқсанда Тәжікстан үкіметі де дәріханалардан «Doc-1 Max» жөтелге қарсы сироптың 55 бөтелкесін тәркілеп, зертханаға тексеруге жіберген. Препараттың дәрі түрінің де сатылымы тоқтатылған. Ал елімізде бұл препарат сатылымда жоқ. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті өткен жылдың желтоқсанында «Doc-1 Max» препаратына қатысты түсініктеме берген еді. «Doc-1 Max» препараты Қазақстан Республикасының аумағында тіркелмеген және тиісінше сатылмайды», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, өткен жылдың қазан айында Гамбия үкіметі бүйрек жетіспеушілігінен 70 баланың қайтыс болғанын мәлім еткен. Ел билігі балалардың өлімін құрамында улы заттары бар үндістандық жөтелге қарсы сироптармен байланыстырып отыр.