Алматыда Қазақстанның су қауіпсіздігі талқыланды
Алматы қаласында «Қазақстанның су қауіпсіздігі: Іле және Ертіс өзендерінің трансшекаралық бассейндері» тақырыбында дөңгелек үстел мен География және су қауіпсіздігі институты ұйымдастырған осы аттас 8 томдық монографияның тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мемлекеттік басқару органдары мен мүдделес ұйымдардың өкілдері, су проблемалары саласындағы жетекші ғалымдар мен мамандар қатысты.
География және су қауіпсіздігі институты ел үшін су ресурстарының ерекше маңызын және Іле мен Ертіс өзендерінің трансшекаралық бассейндеріндегі су проблемаларының шиеленісуін ескере отырып, республика үшін өзекті «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы өзендерінің трансшекаралық бассейндері: климаттық өзгерістер мен шаруашылық қызмет жағдайында халықты және экономиканы орнықты сумен қамтамасыз етудің 2050 жылға дейінгі ғылыми-қолданбалы негіздері» атты мамандандырылған ғылыми-техникалық бағдарламасын жүзеге асырды.
Жиын барысында өңірлік климаттың заманауи және болжамды өзгерістері, өзен суларының сапасы, халықтың және экономика салаларының су тұтынуының жай-күйі мен даму перспективалары, геопортал құру бойынша бағдарламаны орындау қорытындылары қаралды.