Алматыда караоке-бар қызметкерлері есірткі сатып келген
Алматыда екі ойын-сауық орнының қызметкерлері есірткі сатты деген күдікпен ұсталды. Оларды Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы жасақ көмегімен құрықтаған, деп хабарлайды Экспресс К.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, алғашында әл-Фараби даңғылында орналасқан караоке-бардың 29 жастағы даяшысы көзге түскен.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, ер адам клиенттердің өтініші бойынша тамақ пен сусын ғана емес, синтетикалық есірткіге де тапсырыс алып отырған.
Ал екінші жағдайда "Самал" ықшамауданында орналасқан тағы бір караоке-клубтың әкімшісі есірткі сатумен айналысқан. 2001 жылы дүниеге келген жас жігіт "Мефедрон" есірткі затын сату кезінде ұсталған. Екі күдікті де қамауға алынды, — деді Жанат Нұрғалиев.