Алматы облысында қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару табылды
Алматы облысының ҚАЖ қызметкерлері ҰҚҚК басқармасымен бірге тегіс ұңғылы мылтық жасырылған орынды тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша ҚАЖД қарасты № 14 мекеме қызметкерлерінің жедел ақпараты бойынша, ҚАЖД өзіңдік қауіпсіздік тобы және ҰҚҚК басқарма қызметкерлерімен ұрланған тегіс ұңғылы қару орнын анықтады.
«Полиэтилен пакетке оралған BENELLI Beccaccia Supreme 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық Алматы – Өскемен жолының бойындағы Байсерке ауылының көпірінің жанынан табылды. ІІО есебіне сәйкес тексеру нәтижелері бойынша бұл қару қаңтар айындағы оқиғалар кезінде Алматы қаласының «Анна» қару-жарақ дүкенінен ұрланған», – деп атап өтті ҚАЖД бастығының орынбасары Қанат Ашов.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 287-бабы 2-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша Қонаев қаласының полиция басқармасында тіркелген.