Алматы әкімдігі баспана сатып алуға болмайтын екі тұрғын үйді жария етті
Алматы әкімдігі баспана сатып алуға болмайтын екі тұрғын үйді жария етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы интернет-ресурстардың мониторингі барысында төменде ұсынылған көппәтерлі тұрғын үйлерде жылжымайтын мүлікті сату туралы хабарландыруларды анықтады.
Auezov Apartament
Мекенжайы: Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Қарасай батыр көшесі, 183/19. Тапсырыс беруші - Garant LTD Service ЖШС.
2021 жылғы 30 Сәуірде тапсырыс беруші тарапынан Garant LTD Service ЖШС жоғарыда көрсетілген мекенжай бойынша қолданыстағы ғимараттарды қайта жаңартуға және қолданыстағы құрылыстарды бұза отырып, қызмет көрсету объектілері бар әкімшілік ғимараттың қосымша құрылысын салуға хабарлама берді.
"Алайда жылжымайтын мүлікті сату сайттарында көрсетілген мекенжай бойынша пәтерлердің жарнамасы орналастырылған, бұл қолда бар құжаттарға сәйкес келмейді", - делінген хабарламада.
Tole bi Residencе
Мекенжайы: Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Аносов көшесі, 103 "Б". Тапсырыс беруші - Adal Сity Stroy ЖШС.
Сайттарда ұсынылған ақпаратқа сәйкес, 1-блок құрылысының 1-кезегі 2023 жылдың 4-тоқсанында пайдалануға беріледі.
"Алайда бүгінгі күні бұл объект бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізудің басталғаны туралы хабарлама түскен жоқ және құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілмеген", - делінген хабарламада.
Алматылықтарға жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құжаттардың толық пакетінің бар-жоғын тексеру ұсынылады, мұны Алматы қала құрылысын бақылау басқармасының +7 (727) 229-81-36 жедел желісінің нөмірі бойынша жасауға болады.