Биыл Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Осының құрметіне Қазақ Ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында осы оқу орнының түлегі, Еуразия Жазушылар Одағы мен Жапонияның Фольклористер ассоциациясының мүшесі, жапонтанушы Шарафат Жылқыбаеваның еңбектеріне арналған «Күншығыс аңыздары» деп аталатын көрме ашылды.
Шараның ашылуында Жапония Қорының өкілі Идэ Гохэй Шарафат Жылқыбаеваның жапон мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбегі туралы сөз сөйледі.
Танымал өнерпаз Айтмұрат Төреғали жапонның шямисэн аспабында ойнап, музыкалық шашу шашты.
Жапон және қазақ тілдеріндегі әдеби-публицистикалық шығармалар қойылған көрме «Жапон өнерiнiң бастаулары және көшпендiлер мәдениетi», «Қазақстан және Жапония: Жарқын болашаққа ортақ көзқарас», «Жапон прозасы – қазақ тілінде» деп аталатын үш бөлімнен тұрады.
Жиын соңында Шарафат Жылқыбаева Ақбөпе Сикинбаева бастаған кітапхана ұжымына алғыс айтып, 2021 жылы шыққан «Көк Бөрінің көзі» деп аталатын кітабының 10 данасын тарту етті.