400 жылда бір рет гүлдейтін Мұхаммед пайғамбар гүлі
What’sApp-та пайдаланушылар ерекше өсімдіктердің суреттер топтамасымен бөлісуде. Олардың арасында әйел мүсініне ұқсас жемістері бар ағаш, 400 жылда бір рет гүлдейтін гүл және балеринаның бейнесі салынған орхидея бар. Мұның бәрі – фейк, - деп хабарлайды Alashainasy.kz stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Сонымен, топтамадағы барлық суреттерді талдап шығайық.
- Әйелдер мүсіні пішіндес гүлдер
Бұл желіде бұрыннан тараған ескі фейк. Шын мәнінде, ерекше «гүлдер» шыны талшықтан жасалған және оны Таиландтағы «Хиппаман» ботаникалық бағының қызметкерлері бұтақтарға сыммен бекіткен.
2. Балеринаның бейнесі бар орхидея
Балерина орхидеясы деп аталатын гүлдің бар екені рас. Алайда, суретте көрсетілген өсімдікке оның ешқандай қатысы жоқ. Охидеялардың арасында гүлдері әйелдің беті мен фигурасын дәл қайталайтын түр жоқ. Демек, таратылған фото – графикалық редакторларда жасалған жұмыс.
3. Пасха кезінде ғана гүлдейтін «Исаның қаны» гүлі
Шын мәнінде бұл Похутукава ағашының гүлдері немесе Metrosideros excelsa. Бұл өсімдік Жаңа Зеландияда өседі, бірақ оның Исаға ешқандай қатысы жоқ. Ол желтоқсан-қаңтар айларында гүлдейді, ал ортасындағы крест кездейсоқтық, мысалы, бес жапырақшасы бар бөртегүл секілді. Шын мәнінде, гүлдің ішіндегі сабақтың пішіні кез келген болуы мүмкін.
4. Құс гүлдер
Бұл – түпнұсқа суреттер. Онда шынымен лилифора магнолиясы гүлдері көрсетілген. Бүршіктер енді ғана гүлдей бастағанда, олар бұтақтардағы құстарға ұқсайды.
5. 400 жылда бір рет гүлдейтін Мұхаммед пайғамбар гүлі
Шын мәнінде, бұл алып протея немесе Protea cynaroides. Протея жыл сайын гүлдейді және бір уақытта бұтада бес-алты ірі гүл шығады. Сонымен қатар мұндай протеялардың өсу аймағы хабарламада айтылғандай Гималай емес, Оңтүстік Африка болып табылады.
Қорыта айтқанда, ақпаратқа енген бес суреттің тек біреуі ғана шын болып шықты. Қалғандарының бәрі контекстен үзіп алынған немесе графикалық редакторлардың көмегімен жасалған суреттер.