Түркістанда ер адам әйелінің басын, қолын балтамен шапқан
Түркістан облысында жантүршіктірер жағдай! Келес ауданы, Абай ауылында күйеуі өз әйелін көшеде кетіп бара жатқан жерінде балтамен ұрған. Басы мен қолынан жараланған 46 жастағы әйелдің бір көзі енді көрмейді. Енді ғана есін жиған Әлия Әйтімбетованың айтуынша, ол үнемі зәбір көрсетіп келген күйеуінен екі аптадан бері қыздарымен бірге бөлек тұрып жүріпті. Мүгедек болып қалған Әлияның туыстары күйеу балалары енді жазадан құтылып кете ме деп қорқады.
Жан сақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған Әлияның жағдайы: қолы шабылған, балта тиген басы қақ айрылғандай.
Абай ауылындағы емханада медбике болып істейтін Әлия екі аптадан бері үнемі ұрып-соғатын күйеуінен кетіп, қыздарымен бөлек үйде тұрып жүрген. Таңертең жұмысқа кетіп бара жатқанда тып-тыныш көшеде ту сыртынан келген күйеуі екі қызының анасына басқа емес, балта жұмсапты.
- Жұмысқа шығып келе жатқанымда күйеуім Матқұлов Мұрат мені балталап тастады. Тегі сөзге келмейді, «өлтіремнен» басқаны айтпайды. 15 жыл отандасып, 16 жылдан бері көретін жәбірім сол. Тек зорлық пен зомбылық. «Жақындама маған, не болды саған, тыныштық па?» - десем, «сөйлеспеймін, сені өлтірем, сені өлтірем» - деп, мені балталап тастады.
Елуді еңсерген күйеуі әйеліне көшеде шабуылдаған. Қайта әйелдің шыңғырған даусына жүргінші екі жігіт жүгіріп келген соң, Мұрат Матқұлов қаша жөнеліпті.
Оқиға орнында көшені бақылайтын камера да орнатылған. Бірақ ол әлі іске қосылмапты. Көп қан жоғалтып, тым ауыр жағдайда ауруханаға түскен Әлияның тірі қалуы үшін дәрігерлер жарты күн ота жасаған. Ол үшін санавияция желісімен облыстан бірнеше дәрігер алдырылған.
Рүстем Раисов, Келес аудандық ауруханасы жарақаттану бөлімінің меңгерушісі:
- Басында, оң жағында жара, балтамен шабылған. Қолында, оң қолында, білегінде кесілген жарақаты және 5-ші саусағы сынған. Оның бәрі тігіліп, орнына қойылды.
Әлияның көршілері Мұрат туралы жақсы пікірде емес. Қара базарда валюта айырбастап, ақша табатын ол қоңсыларымен де сөйлеспейді екен. Ал Әлия соңғы уақытта көршілеріне көп шағымданыпты.
Майра Егембердиева, көршісі:
- «Күйеуім ұрады, мені де ұрады, қыздарды да ұрады, қыздар да азап-безер болды» дейтін. Өзі сәл біртүрлі, сол Мұрат.
Қазір қолға түскен оның, балтасымен бірге өзінен де сараптама алынған, тергеліп жатыр. Ал күндіз-түні ауруханада ауыр жарақат алған туысының тілеуін тілеп жүрген жақындары: «Күдікті жазадан құтылып кете ме?» деп қорқады.
Жанар Әйтімбетова, жәбірленуішінің жеңгесі:
- Ажырасып та көрді бұнымен. Әйтеуір екі қызы жетім болмасын, осылар әкесі жоқ боп өспесін деп, жалынып келгеннен кейін, Құран ұстап, бізге ант-суын ішкеннен кейін, біз жарастырып... Осы уақытқа дейін жазаланбады ғой бұл. Неше рет ұрды, басқа қылды. Әйтеуір шығып кете береді ғой, тыныш қана. Енді осыдан құтылып кетпесін, әділ жазасын алсын.
Әлия Әйтімбетованың туыстары бұл істі прокуратура ерекше қадағалауға алғанын қалайды.
Ал әйелін балталап, қансыраған күйінде тастай қашқан күдіктіге қатысты полицейлер «адам өлтіруге оқталу» бабымен іс қозғады.
Бәрінен де, екі қызға қиын соққандай. Өйткені әбден шошып қалған оқушыларға психологтардың көмегі қажет.