Таразда көлік жуу орталығына келген клиент темір тұлпарын таппай қалды
Таразда көлік жуу орталығының клиенті темір тұлпарын таппай қалды. 41 жастағы жүргізуші әйелдің «Тойота Камри-50» маркалы автокөлігін белгісіз біреулер айдап кеткен, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Жәбірленуші қалалық полиция бөліміне арызданған. Оның айтуынша, көлік жуу орталығына келген ол тұраққа қойып кеткен темір тұлпарын таппай қалған. Себебі көлікті белгісіз біреулер айдап кеткен.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілер ұсталды. Олар 25 және 31 жастағы жас жігіттер болып шықты. Күдіктілер көлік жуу орталығының жұмысшылары.
Екі жігіттің бірі көлікті алкогольді масаң күйде басқарып, рөлге ие бола алмай қалған. Содан Жамбыл даңғылы мен Сүлейменов көшелерінің қиылысында орналасқан бетон бағанаға соқтығысқан. Жол-көлік апатынан автокөлік зақымдалып, жәбірленушіге 10 миллион көлемінде шығын келтірілді.
Жол апаты кезінде түрлі дене жарақаттарын алған күдіктілер Тараз қалалық ауруханасына жеткізіліп, қазіргі таңда қажетті ем-шараларын қабылдауда.
Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 200-бабы 2-бөлігімен (Автомобильді құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде — деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.