ШҚО-да көші-қон бастығы шетелдіктердің елде болу мерзімін ұзарту үшін пара алған
Шығыс Қазақстан облысында көші-қон қызметінің бастығы шетелдіктердің елде болу мерзімін ұзарту үшін пара алып отырған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінен мәлім етті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Azattyq Rýhy.kz-ке сілтеме жасап.
Департамент мәліметіне сүйенсек, көші-қон саласындағы талдау барысында бірқатар заңбұзушылық анықталған.
«Атап айтқанда, жұмыс визасын алу және шетелдіктердің жүріп-тұру мерзімін ұзарту кезінде пара алынғаны белгілі болды. Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша нақты ұсыныстар әзірленді. Облыстық көші-қон полициясы басқармасының бастығына қатысты қылмыстық іс тіркелді. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылды», - дейді департамент басшысы Денис Шакенов.
Өскемен қалалық сотының шешімімен айыпталушыға 10 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Ол сондай-ақ мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органдарда өмір бойы жұмыс істей алмайды.