Сот отбасылық жағдайын ескеріп, пара алған әкімді қамақтан босатты
2022 жылдың қазанында алаяқтық жасағаны үшін 3 жылға сотталған Ақтөбе қаласы Алматы ауданының бұрынғы әкімі Абат Көбенов бостандыққа шықты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, 2022 жылдың желтоқсанында Ақтөбе қаласы Алматы ауданының бұрынғы әкіміне қатысты апелляциялық шағым қаралған.
Бұрынғы әкім Абат Көбенов пен оның адвокаты апелляциялық шағымда бас бостандығынан айыру жазасын айыппұлға ауыстыру туралы өтініш білдірген. Адвокат сотталушы өз кінәсін толық мойындағанын және өкінгенін, залалды өтегенін, сондай-ақ оның асырауында қарт анасы, үш баласы бар екенін, олардың біреуі созылмалы психикалық аурумен ауыратынын атап өтті.
Апелляциялық сотта сотқа дейінгі тергеу мен бірінші сатыдағы сот бұзушылықсыз өткені анықталды. Көбенов сотталған баптың санкциясы бас бостандығынан айырудан басқа, ұрланған мүлік сомасынан жиырма есеге дейін айыппұл түрінде жаза қарастырады. Қорғаудың дәлелдерін тыңдап, жеңілдететін жағдайларды ескере отырып, сот алқасы сотталушының апелляциялық шағымын қанағаттандыру және бас бостандығынан айыру жазасын айыппұлға өзгерту туралы шешім қабылдады.
Осылайша Ақтөбе қаласының №2 соты ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотталған Абат Көбеновке қатысты үкімді өзгертіп, 13 839 150 теңге мөлшерінде айыппұл салды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Еске сала кетейік, Абат Көбенов Ақтөбе әкімдігі аппаратының басшысы лауазымында бола тұра, 2020 жылы танысына жер учаскесін беру сылтауымен одан 1 383 000 теңге көлемінде пара алмақшы болған.