Полиция ұрыларды таппай отыр: Сұғанақтар жүздеген адамның мемлекеттен түсетін көмек ақысын ұрлап алған
Алаяқтар енді жәрдемақыға ауыз сала бастады. Көкшетауда мүгедектер мен көпбалалы аналардың әлеуметтік төлемін әлдекімдер есепшотынан қағып әкеткен. Азын-аулақ ақшаға қарап отырған отбасылар құпия деректің қалайша жария болғанын түсіне алмай отыр.
Алты ай бойы банк пен полиция арасында сергелдеңге түскендер балаларды несібесінен айырғандар әлі ұсталған жоқ дейді. Сөйтсе арнайы есепшоттағы ақшаны күдіктілер Қарағанды қаласында отырып ұрлапты. Полиция олардың ізіне түскенімен, әлі нәтиже жоқ.
Инара Бектемірова бала кезінен есту,сөйлеу қабілетінен айрылған. III топтағы мүгедек өзі сияқты азаматпен бас қосқан. Қазір дені сау, сүп-сүйкімді бес бала тәрбиелеп отыр. Оларға балаларды бағып-қаққаны үшін және мүгедектігіне байланысты берілетін 126 мың теңге күнкөріске аса қажет. Сондықтан әр айдың алғашқы күні есепшотына түсетін қаражатты асыға күтеді. Бірақ әлдекімдердің жәрдемақыны ұрлайтыны үш ұйықтаса түсіне кірмепті.
«Қызымның құлағы естімейді, сөйлемейді. Тек картамен ақшасын ала алады. Ол ешкімге де құпия кодты айта алмайды. Енді отбасы бір ай ақшасыз қалды. Нан, сүт алатын. Не сонда, мемлекетен берілетін жәрдемақы қорғалмай ма? Ол арнайы есепшот қой. Оны өзінен басқа ешбір жан аша алмайды. Ақша салуға да болмайды»,-дейді Көкшетау тұрғыны Лариса Бектемірова.
«Онкология сырқатым бар. Мүгедекпін. Маған дәрігерлер психологиялықэмоционалдық тыныштық керек деген. Қайдан тыныш ұйықтаймын?! Менің жәрдемақымды 1 мың,10 мың,20 мың теңгеден бөліп-бөліп алыпты. Алаяқтар түнгі сағат үш шамасында ғаламтор арқылы ұрлаған. Телефоныма хабарлама келгенін таңертең бірақ көрдім»,- дейді III топтағы мүгедек Марина Чернявская.
Алаяқтардың құрбаны болғандардың арасында бала босанғаны үшін берілген 484 мың теңгесінен айрылған жас ана да бар.Әйгерім Фазылованың айтуынша, шақалағын орап алып құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүргеніне алты ай болған.Осылай жүріп ақшасының маңғыстаулық азаматтың есепшотына түскенін анықтапты. Іс қозғалғанымен, еш нәтиже жоқ дейді ол. Ал полиция күдіктілерді әлі іздеп жатыр екен.
«Көкшетау полиция басқармасына бес адамнан арыз түсті. Барлығының арнайы есепшоттарынан басқа адамға ақша аударылған. Алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, күдіктілер анықталмаған соң, іс тоқтатылған. Қыркүйек айынан бастап іс қайтадан қозғалды.Іздеп жатырмыз», — дейді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің өкілі Әсем Әбдірахманова.
Зардап шеккендердің ішінде жәрдемақысын ғана емес, зейнетақысын жоғалтқандар да бар. Әлеуметтік сала басшылары да, банк өкілдері де төлем әрбірінің есепшотына жіберілгеннен кейін, ақшаның қайда кеткеніне жауап бермейміз дейді.
Мүгедектер мен көпбалалы аналардың жәрдемақысына ауыз салғандар интернет арқылы жымысқы әрекет жасады деген күдік бар. Бірақ алаяқтардың арнайы есепшоттың құпия дерегін қайдан алғаны белгісіз. Ең қызығы, әлеуметтік төлемнің тиісті жеріне жетпегені жауапты орындарды да ойландырмай отыр. Зардап шеккендер бұдан да көп болуы мүмкін.