Павлодарда ер кісі әпкесімен бірге үйлерді өз атына аудару үшін тұрғындарды өлтірген
Бірнеше жылдар бойы Павлодарда із-түссіз адамдар жоғалып, олардың жылжымайтын мүліктері бір адамның атына аударылып отырған. Кей құрбандардың денесі Шарбақты тас жолынан табылса, бірталайы әлі де жоғалғандар қатарында деп жазады «Время».
Денесі тасжолдың бойында табылған құрбандардың бірі, кәсіпкер Балапия Кашимованың қызы Ләйлә Кашимова аталмыш жерді тексеріп шығу керек деп есептейді. Ләйлә анасының қаза болу себебін білуге бар күшін жұмсап, оның артында 38 жастағы Аслан Сарденешов тұрғанын анықтады. Балапия Кашимованың және өзге де қаза болғандардың пәтерлері аталмыш азаматтың атына аударылғаны белгілі болды.
Марқұм кәсіпкерге жүргізушілік қызметке тұрған ер кісі әйелді өлтіріп, пәтерінен 50 мың доллар ұрлаған. Қылмыскермен оның туған әпкесі Гүлнар Қарабаева сыбайлас болған. Гүлнардың ұялы байланыс телефонының сигналдары Балапияны өлтірген тоңазытқыш камерасынан да, Шарбақты тас жолында да, кәсіпкердің үйінде де тіркелген.
Қарабеваның мұнымен қоса алаяқтық жасағаны белгілі болды. Ол өзін 2009 жылы жоғалған Павлодар тұрғыны деп сендіруге тырысып, пәтерін сатпақшы болған.
Қылмыскерлерге көмектескен тағы бір күдікті анықталды. Федор Василевич есімді ер кісі Қарабаевамен бірігіп, Белоруссияда бірнеше жыл тұрып жатқан павлодарлықтың пәтерін сатып жіберуге тырысқан. Алайда, белгісіз себептермен Сарденешов пен Қарабаева оны өлтіріп тастаған.
Мұнымен қоса, Сарденешов әлі күнге дейін түсініксіз себептермен иесі және отбасы толықтай хабарсыз жоғалып кеткендердің пәтерінде тұрып жатыр.
Ләйлә Сарденешовтің 2009 жылы сотталған Светлана Кисанова есімді қылмыскер тобына мүше болғандығын айтуда. Кисанованың ісі қаралғанда қылмыскер сотта кәулік еткен.
Қазір Сарденешев өзінің ақыл-есі дұрыс емес екендігін дәлелдеуге тырысуда. Қорғаушысымен бірге олар үшінші рет стационарлы психиатриялық сот сараптамасынан өтуге өтініш білдірген. Бұған дейінгі екі сараптама нәтижелері Сарденешовтің ақыл-есінде ақау жоқтығын көрсеткен.