Жиырма жыл бойы халықты зар жылатқан ұрылар отбасысы түрмеге тоғытылды деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Сұмдығы сол баукеспелікпен әжесінен бастап немересіне дейін айналысқан отбасы бір тілім нанның өзін ұрлықпен табуды кәсіптеріне айналдырып, қылмыстық топ құрған.
"Қылмыстық топты 1991 жылы туылған Керімбекова Мөлдір мен туған анасы Гүлдәр Керімбекова басқарған. Олар келіндері мен жиендерін, бөлелерін, нағашы әпкесін осы ұрлыққа баулып барлығы біріге отырып, адам тонайды. Мәселен, Мөлдір базардағы саудагерді сөзге айналдырады, ал бес жастағы бөлесі осы кезде кассадағы бар ақшаны, телефон, бағалы бұйымдарды іш киміне салып, сыртқа жүгіріп кетеді. Осындай қылмыстың біреуін жасап қашып бара жатқан жерлерінен саудагер аялдамадан қуып жетіп, барлық дүниесін қайтарып алған", - дейді ұрылардан зардап шеккен жәбірленуші.
ОҚО бойынша ғана 34 адам полицияға арыз түсірді
Қылмыстық топтың мүшелерінің әр қайсысында 5-6 баладан бар, әйелдердің жас айырмашылығы да әртүрлі. Олар жас қыздарды да осы кәсіпке баулыған. Көбісі жалғыз, жұмыссыз жүрген, ауылдан келген бойжеткендерді «маған ұнайсың, ұлыма үйлендіремін, келін қыламын» деп алдап қол астына алып, артынша ұрлық жасауға мәжбүрлеген.
Тағы бір айта кетерлігі, 20 жыл бойы елді тонап келгендер әбден байып, тіпті құзырлы органнан өздерін қорғайтын «көке» де тауып алыпты. Тергеу кезінде-ақ істі қай ауданда және қандай судья қарайтынын жаңылмай айтып, елдің есін шығарған. "Крышамыз" мықты деген қылмыскерлер жәбірленушілерді арызын кері алуға мәжбүрлеген.
«Шымкент қаласынан осы кісілер тонады деген 34 адам арыз түсіріп, сотта төрт әйелдің кінәлары дәлелденіп, әр қайсысы 5-6 жылдан түрмеге тоғытылды. Бұл тек қорықпай тәртіп сақшысына барып шағымданғандар. Менің көзімше төрт әйел осылардың сөзінен қорқып, арыздарын кері алды. Себебі баукеспелер әулеті арыз түсірген адамды тауып алып, пышақ тақап тұрып қорқытқан.
"Менің өзіме қазір жан таптырмай жатыр. «Бізді соттаттым деп отырсың ба, апелляциялық шағымнан соң босап шығып, 34-іңді жекелеп бауыздаймыз, беттеріңді тіліп, жер бастырмаймыз» дейді. Расымен де соңғы уақытта түрлі адамдар қысым жасап отыр. Соған қарап бұлардың түрмеден сытылып кете ме деген қауіп басым. Себебі, көпбалалы болып саналады, тіпті кейбірінің нәрестесі әлі емізулі. Сондай-ақ сот барысында олар туыс, ұйымдасқан қылмыстық топ екендерін мойындамай отыр. Ал, біздің талабымыз аппеляциялық сот отырысы әділ өтіп, ұрылар жазасын алса деген үміт», - дейді қорыққанынан атын айтудан бас тартқан жәбірленушінің бірі.
Ұрылар әулеті көбінесе Қазақстанның өзге өңіріне сапарға шығып, ол жақты да сыпырып, тонап отырған. Тіпті, тінту кезінде Гүлдәр мен қызы Мөлдірдің үйінен ұсталған 50-ге жуық қол сөмке мен жүзге жуық ұялы телефон табылған. Олар бұл айғақтық затты да мойындамай «бұрын саудагер болғанбыз, содан қалған тауар» деп жалтарған.
Қазіргі таңда осы күдіктілерден зардап шеккендер болса ОҚО ішкі істер демаптаментіне арыз түсірулеріне болады.
Тағы бір айта кетері, бұл келіншектер бет әлпеттері мен шаш үлгілерін үнемі өзгертіп, адам танымастай өзгеріп отырады екен.
Осы тұста Айгүл Орынбек Оңтүстік Қазақстандағы көптеген базарларда ұрылар мен күзетшілердің сыбайлас екенін айтты.
«Базарларда күзетшілер бейнебақылау камерасын бұрып қояды екен. Сосын ұрылар оларға үлесін береді. Сондықтан базарлардың барлық күзетшілерін тексеріп тұру керек. Шымкенттегі базарлардағы бақылау камералары сапасыз. Мықты камералардың қойылуын талап еткен жөн. ІІМ осы тұрғыда базарлардың барлығына тексеру жүргізеді деген ойдамын», - дейді заңгер.