Өскеменде құрбылары жабыла сабаған қыздың ісіне қатысты сот үкімі шықты
2023 жылы 5 шілдеде мамандандырылған ауданаралық сот Өскеменде оқушы қызды жабыла соққыға жыққан кәмелетке толмаған сотталушыларға қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Соттың баспасөз қызметі 2023 жылдың 1 наурызында "АДК-Ривер" сауда ойын-сауық орталығында кәмелетке толмағандар - Т. және О. алдын-ала сөз байласып, кәмелетке толмаған жәбірленуші Д-ға дене жарақатын келтіргенін нақтылайды.
"2023 жылы 2 наурызда кәмелетке толмағандар - Т. және А. өзара сөз байласып, кәмелетке толмаған жәбірленуші Д-ның бетіне, денесіне бірнеше рет соққы береді, ары қарай күш қолдану арқылы адамның қадір-қасиетін қорлау мақсатында жәбірленушіні іш киімін шешуге мәжбүр етті және болып жатқан жайтты телефон камерасына түсірді. Сотталғандар өз әрекеттерін 50 мың теңге талап еткен А. және Т-ға беру үшін түсірілген видеоны интернетте саламын деп қорқытып, ақша таппақ болған ниеттен туындағанын жеткізді"- деп мәлімдеді ШҚО кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі
Сотталушы А. мен Т. ақша бопсалағандарын мойындамады, кінәні ішінара мойындады. Айыпталушы О. кінәсін толық мойындады.
Сондай-ақ сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен, заттай дәлелдемелермен расталғаны айтылады.
Сонымен қатар, сот O-ның шын жүректен өкінш білдруі және кінәсін мойындауын жеңілдететін жағдайлар деп таныды.
Сотталушылардың аса қатыгездікпен, садизммен, қорқыту-үркітумен, сондай-ақ жәбірленушіні азаптау сипатындағы қылмыстық құқық бұзушылықтары қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
"Істің мән-жайын және сотталушылардың жеке басын, жәбірленушілердің пікірлерін, құқыққа қайшы әрекеттердің сипатын, залалды өтеудің орындалмауын ескере отырып, А. мен Т-ға қатысты ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағының бойынша 1 жыл бас бостандығын шектеу, ҚР ҚК 194-бабы, 2-бөлігі 1,2-тармағы бойынша 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады, сонда түпкілікті жаза - 3 жыл бас бостандығынан айыру. О-ға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды" – деп хабарлайды ШҚО кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Жәбірленушінің пайдасына 9 000 000 теңге сомасында моральдық залады өтемақы өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.