Мектепке жұмысқа кірем деп миллионынан айырылды
Түркістан облысы Мақтаарал ауданында бір топ әйел алаяққа алданып, сан соғып қалды. Жәбірленушілердің айтуларынша, таныс ер кісі оларды мектепке жұмысқа орналастырып беруге уәде еткен. Тіпті ол қызметі үшін әрқайсысынан қомақты қаржыны алып та үлгеріпті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Арада бір жылдай уақыт өтсе де берілген уәде орындалмаған. Ер кісі алған ақшасын да қайтармай қойған. Алданғандарын түсінген жәбірленушілер полициядан көмек сұраған. Олардың арызы Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды.
Шұғыл іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ретінде жергілікті тұрғын ұсталды. Ер адам 10 тұрғынды алдап, олардан 12 миллион теңгеге жуық қаражат алған. Өз кінәсін мойындады. Тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды — деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.
Айта кетейік, ер кісі оңай жолмен келген ақшаны бас пайдасының қажеттілігіне жұмсап жіберген.