500 мың еуро мұрадан дәмеленген қостанайлық әйел 2,5 млн теңгесінен айырылып қалды

45 жастағы Қостанай тұрғыны қаскүнемдердің құрбаны болды. Олар 500 мың еуро мұраға қалғанын айтып сендіріп, әйелді сан соқтырып кетті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Қостанай облысы ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, алаяқтар әйелге мұраға қалған ақшаны алу үшін өзінің жеке деректері мен карта нөмірлерін жіберуі керек екенін айтқан.
"Әйел алаяқтың айтқанын орындаймын деп 2,5 миллион теңгесінен айырылып қалған" - деді Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі
Сондай-ақ полициядағылар Рудныйда екі әйел өзін банктің күзетшісіміз деп таныстырған алаяқтардың айласына түсіп қалғанын хабарлады.
"52 жастағы әйел жеке мәліметтерін берген соң, 174 мың теңгесінен айырылып қалды. Қаскүнемдер екінші әйелдің шотынан 700 мың теңге алып қана қоймай, оның атынан 3 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген" – деп мәлімдеді Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі
Бұл факті бойынша, ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.





