Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Жаңа жылды көпшілік сияқты дастарқан басында емес, ерекше жағдайда қарсы алатын адам. Жетпісті алқымдаған Бекболат ақсақал Жаңа жылды зейнетке шыққан жылдан бастап жүгіріп қарсы алады екен. Осы азаматты тауып, әңгімелесудің сәті түсті.
–Бекболат аға, келе жатқан жылқы жылы құтты болсын! Жаңа жылды шынымен де жүгіріп қарсы алатыныңыз рас па? «Кәрілік жеткен шақта мұныңыз не?» демей ме үй ішіңіздегілер?
–Рахмет. Шынымен де әр Жаңа жылды жүгіріп қарсы аламын. Бұрындары қалада жаңажылдық марафон жарысы ұйымдастырылатын. Күн сайын жүгіретіндіктен, маған бұл кәдімгі күнделікті қажеттілікке айналған. Бұл салауатты өмір салты болғандықтан, отбасым да қуана қолпаштайды. Тіпті немерелерім де менімен бірге таңғы жүгірісті дағдыға айналдырды.
–Қашаннан бері Жаңа жылды жүгіріп қарсы алу Сіздің дәстүріңізге енді? Қанша шақырым жүгіресіз?
–Бұрындары марафон қашықтығына жүгіріп шығатынмын. Жүгіру дәстүрін бұқаралық жүгіру жарыстары кезінде бастаған болатынмын. Қазір шамам келгенше 3-4 шақырымдай қашықтықты айналып өтемін. Бұл күнделікті өзімді еркін сезініп, денсаулығымды қалыпты ұстауға септігін тигізеді. Әсіресе қысқы мезгілде таңғы сәттегі таза ауаны кеудемді кере жұтып, жүгіріп келіп, мұздай сумен жуынған кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
–Биыл қанша шақырымды жүгіріп қарсы алу ойыңызда бар?
–Биыл немерелеріммен бірге олардың кешкі сабақтарынан кейін түнгі 12:00-ге дейін жүгіруді жоспарлап отырмыз. Шақырым жолын есептеген жоқпыз. Дегенмен 4-5 сағат ішінде кемінде 6-7 шақырымды артқа тастайтынымыз анық деген ойдамын.
–Жаңа жылда жұртшылыққа айтар қандай тілегіңіз бар?
– Зор денсаулық тілеймін. «Денің сау болсын десең, жүгір» деген даналық сөзді естен шығармай мен сияқты жүгіріп шынығыңыздар дер едім.
– Әңгімеңізге рақмет. Жаңа жыл отбасыңызға жаңа табыс әкелсін!