Конституцияға сай, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Ел аазаматтарының құқықтары мен бостандықтарына заңмен кепілдік берілген. Мұны айтып отырғанымыз, моральдық зиянды өтеу туралы шағымдар соттарға аз түспейді. Алдымен моральдық зиян түсінігіне тоқтала кетсек, ол Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдану туралы қаулысында азаматтың өзіне тиесiлi өзіндік мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтардың заңға қайшы бұзылуының, кемсiтiлуiнің немесе олардан айырылуының нәтижесінде туындаған жан немесе тән азабы екені нақтыланған.
Азаматтық кодекстің 952-бабының талаптары бойынша моральдық зиян ақшалай нысанда өтеледі. Яғни, ақшалай өтемақының мөлшері құқыққа қарсы әрекет жасалғаны және оның зиян келтірушіге келтірілген салдары үшін жауапкершілік шарасы болады. Айта кетерлігі, сотқа жүгінушілер моральдық зиянды өтеу туралы талап қойған кезде жан азабы мен тән азабын шын мәнінде бастан кешіргенін дәлелдеуге тиіс. Азаматтық кодекстің 143-бабының 6-тармағына сәйкес, азаматтың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар таратылса, ол мұндай мағлұматтарды теріске шығарумен қатар олардың таратылуынан өзiне келтірілген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы. Сот ұсынылған дәлелдемелерді әділеттілік өлшемдерін негізге ала отырып бағалайды және моральдық зиян мөлшерін анықтау барысында таратылған мәліметтер сипатын, олардың таратылу шегін, жауапкер кінәсінің түрін, материалдық жағдайын және басқа да назар аударарлық мән-жайлардың бәрін ескереді. Кейде азаматтардың мүлiктiк және өзіндік мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтары бірдей бұзылады. Мұндай жағдайда жоғарыда аталған Жоғарғы Сот қаулысына сай, келтірілген мүлiктiк залалды және моральдық зиянды өтеу туралы қос талап қатар қанағаттандыруға жатады.
Бұзылуы, айырылуы немесе кемсiтiлуi жәбірленушіге моральдық зиян келтiруге әкеп соғатын өзіндік мүлiктiк емес игіліктер мен құқықтар деп азаматтың жеке басымен байланысты әрі оған тумысынан тиесiлi игiлiктерді немесе заңмен берілген құқықтарды түсiну қажет. Адамға тумысынан тиесiлi игiлiктерге өмiрін, денсаулығын, ар-намысын, қадір-қасиетін, бостандығын, жеке басына қол сұқпаушылықты, ал, азаматтың заңмен берілген құқықтарына тұрғын үйiне немесе меншiгіне қол сұқпаушылық, жеке өмiрiнiң немесе отбасының құпиясы, телефон, телеграф хабарлары және хат алысу құпиясы, емiн-еркiн жүрiп-тұру, тұрғылықты жерiн таңдау, анық ақпарат алу, сондай-ақ, заңнамада көзделген басқа да құқықтарды жатқызуға болады.
Тағы бір айта кетерлік жай, Азаматтық процестік кодекс талабына сәйкес, моральдық зиянды өндіру туралы талап қанағаттандырылғанда сот талапкер арыз берген кезде төлеген немесе төлеуге тиіс болған мемлекеттік бажды жауапкердің есебінен талапкер пайдасына немесе жергілікті бюджет кірісіне өндіреді. Осы ретте мемлекеттік баждың көрсетілген сомасы моральдық зиянды өтеу туралы қанағаттандырылған талаптың мөлшеріне пропорционалды түрде өндірілуге жатады. Егер талапкер мүлiктiк сипаттағы және моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды бiр талап арызда қойса, онда мемлекеттік баж мәлiмделген әрбiр талап үшiн бөлек-бөлек төленеді. Ал, абырой, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін түсіретін мәліметтерді таратудан келтірілген моральдық зиянды қаржылай өндіру туралы талап қою бағасы өндіріп алу талап етілген сомамен айқындалады.
Аян Бибатыров,
Алматы қаласы Алмалы аудандық
№2 сотының бас маманы