Ата заңның қабылдануы кез келген мемлекет үшін үлкен тарихи оқиға, маңызды шара. Зайырлы ел, өркениетті мемлекет, ашық қоғам орнатқысы келген елдердің барлығы тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы қадамын өз Конституциясын қабылдаудан бастайды. Себебі Конституция - елдегі теңдіктің, тазалықтың, қауіпсіздіктің, әділдіктің, дамудың кепілі. Міне, араға 26 жыл салып біз Ата заңымыз қабылданған уақыттан бері көптеген ілгері істердің, жаңғырулардың, жеңістердің болғанына көз жеткіземіз.
Конституцияның мұндай ел сеніміне ие болуының бірнеше себебі. Ең алдымен бұл құжатты дайындауға ең мықты, ең білгір заңгерлер топтастырылған. Мамандар үлкен ізденіс жүргізіп, құқықтық тәртібі сақталатын, жетістікке тыныштық пен татулықтың арқасында қол жеткізіп отырған өркениетті елдердің құқықтық құжаттарын сараптаған. Заңына өзгеріс енгізген, толықтурлар жасаған мемлекеттердің не себепті мұндай қадамға барғанын зерделеген. Өйткені Конституция сияқты елдегі бас құжаттың сапалы дайындалып, кемшіліксіз, күмәнсіз жүзеге асқаны тиімді. Екіншіден, Ата заңымыздың айтулы заң атануына қарапайым халықтың да ықпалы болды. Себебі бұл құжатты дайындау кезінде азаматтардың пікірі, тілегі толық ескерілді. Құжат қабылданбас бұрын қоғамда үлкен талқылаудан, сүзгіден өтті. Мұның да қатесіз, ең бастысы халыққа қажет заң қабылдауға әсерін тигізгені талассыз.
Үшіншіден, бұл құжаттың авторы ғана емес, оның қолдаушысы да - халық. Жалпы республикалық референдумда тұрығдардың басым бөлігін оң пікірін иеленген Ата заңның айбарлы, қажет заң болуының түпкі сыры осында.
Осы бір жауапты сәт туралы естелігінде Елбасы Н.Назарбаев: «1995 жылғы жаңа Конституция туралы мәселе көтерілген сәуір референдумынан соң мен халықпен тікелей ашық әңгімеге кірістім және 1995 жылдың 30 сәуіріндегі Үндеуімде елге не үшін жаңа Конституция керектігі, оның Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін қажеттілігі қандай екені туралы өз көзқарасымды халыққа жете түсіндірдім. Әділет министрі Н.Шәйкеновтің басшылығымен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оның жұмысын тікелей өз бақылауыма алдым. Сарапшылармен бірге кейде күніне 12-14 сағат Конституция баптарымен жұмыс істегеніміз есімде» деп толғана жазған еді. Осы естеліктің өзі Елбасының Ата заңды дайындауға айрықша мән бергенін, бұл істің тыңғылықты, сапалы атқарылуын өзі жеке қадағалағанын көрсетеді. Сондай-ақ тұңғыш Президенттің "Қазақстанның Конституциясы өзге елдердің озық құжаттырының көшірмесі болып қалмасын" деп қадап тапсыруы ұлттың менталитетін, өз халқының болмысын барлық жерде ескеретінін көрсетсе керек.
Конституция - ұлттың бірлігін нығайтушы, қоғамды дамытушы, демократия қағидаттарының күре тамыры. Бұл құжат Қазақстанды мекендеген барша ұлтты бір тудың астына біріктіріп, бауырдай тату етіп отыр. Бүгінде елімізде өмір сүріп жатқан жүзден аса ұлт пен ұлыстың құқығы теңдей. Оларды қандай да бір ерекшелігіне қарап шектеуге тосқауыл қойылған. Өз тілінде оқып, өз салт-дәстүрінен қол үзіп қалмас үшін арнайы мәдени орталықтарын ашып, газет-журналдарын шығаруға мемлекеттен толық қолдау алып отырған өзге ұлт өкілдері осындай жағдай жасап отырған мемлекетке риза. Барлығы Қазақстады өз Отаны санайды, және елдің дамуына барлығы да қолынан келгенше қызмет етіп жүр. Мұның барлығы ел іргесін жаудан, елдің ішін даудан сақтап отырған Конституцияның сауаттылы жасалуының, пәрменділігінің арқасы.
Ғалия Абимурат,
Алматы қаласы
Әуезов аудандық №2 сотының судьясы