Әкімшілік әділет жүйесі сот саласындағы істердің сапалы қаралуына ықпал етуде
Еліміздің сот жүйесінде Әкімшілік әділет жүйесінің орны ерекше екенін сезініп отырмыз. Рас, осы жылдар ішінде еліміздің сот жүйесінің сапасын арттыру, халық көңілінен шығатын сот қызметін ұйымдастыру, сот тәуелсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Әлемнің озық сот жүйесінің ерекшеліктерін бойына сіңіріп, заманауи технологияларды да игерген еліміздің сот жүйесі бүгінгі заманның барлық талаптарына жауап беріп, мемлекеттің дамуын да алға сүйреп келеді.
Негізі мемлекет дамуы үшін ең алдымен халықтың құқығы өз деңгейінде қорғалуы тиіс. Сонда ғана құқығының қорғалатынына сенген халық еліне қалтқысыз қызмет етеді. еліміздегі азаматтардың осы құқығын қамтамасыз еткен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің орны ерекше. О баста осы жүйе қолданысқа енер алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында
қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет», – деген болатын. мемлекет басшысының Жолдауына арқау болған бұл жүйе ең алдымен еліміздегі азаматтардың арасындағы тең құқықты қаматамасыз етуімен құнды болып отыр. Халықтың құқығын теңестіруге ұмтылған сот жүйесіндегі Әкімшілік әділет жүйесі осындай артықшылығымен қазіргі таңда халықтың да көңілінен шығып отыр. Негізі бұл жүйенің міндеті жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын қамтамасыз ету, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне, тең құқықты болуына қол жеткізу; халық арасында тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды ұйымдастырып, сот саласындағы заңдылықты нығайту болып табылады. Қазіргі таңда осы бағытта атқарған жұмыстар өз нәтижесін беруде. Халық жаңа жүйенің артықшылығын түсінуі үшін салыстыра кетсек, Азаматтық процестік кодекске қарағанда мұның өз ерекшелігі, артықшылықтары бар.
Осы орайда қарапайым тілмен түсіндіріп берсек, АПК – ол көп жағдайда жеке құқықтық қатынастарды реттейтін, бұрыннан келе жатқан құрал. Мәселен жай ғана екі көршінің арасында туындаған жер бөлісе алмау оқиғалары елімізде көп кездесіп жатады. Бұл жерде АПК-нің басты қағидасы ол соттың алдында екі тараптың теңдігін қамтамасыз етіп, олар сотта қандай дәлелдеме, дерек келтірсе, сот тек қана соларға сүйене отырып сот шешімін шығарады. Ал әкімшілік сот ісін жүргізуге келетін болсақ, оның АПК дан айырмашылығы сот тараптардың ұсынылған құжаттарына, дәлелдемелеріне, түсініктемелеріне қарамастан, істі толық қарау мақсатында басқа құжаттарды талап етуге құқылы. Әділдік толық орнатуға барынша күш салып, соттың өз Тәуелсіздігін көрсете алуы дер едік. Осы тұрғыдан келгенде Кодекс тек қана іс соттың әрекеті емес, онымен қоса мемлекеттік органның жеке немесе заңды тұлғадан өтініш түскен уақыттан бастап түпкілікті мемлекеттік органның өтініш бойынша шешім шығарғанға дейінгі әрекетін реттейді.
Әкімшілік әділет жүйесінде соттың белсенділігіне, тәуелсіздігіне барынша көңіл бөлінген. Бұл осы өзгерістің ең маңызды қағидаларының, артықшылықтарының бірі. Сот тараптардың түсініктемелерімен, дәлелдемелермен қатар өз бетімен басқа да деректемелер сұратуға толық құқылы. Оған мүкімндік те берілген. Ал осыған дейін сот қандай да бір іске мұрнын тығуға құқығы жоқ болатын. Ондай жағдайда тіпті тараптардың бірінің шағымданып, соттың бір жаққа бұра тартып отырғанына күмән туғызуы да мүмкін еді. Сондықтан осы бір күмәннен қашып, сот та артық белсенділік таныта қоймайтын. Ал қазір судья әкімшілік істің заңды тұстарына құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға да құқығы бар. Бұл шын мәнінде сот жүйесі үшін беріліп отырған үлкен мүмкіндік дей аламыз.
Осындай артықшылықтарын сезінгендіктен қазір Әкімшілік әділет жүйесінің тынысын барынша кеңейіп, толық жұмыс істеуіне мүмкіндіктер берілуде. «Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізінде қабылданған әкімшілік әділет жүйесі көздеген мақсатына жетті деп айта аламыз. Қазір халық өз уәждерінің ескеріле бастағанына қуануда. Сондай ақ бүгінде республика аумақтарында «Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша мамандандырылған аудандық соттар» құру туралы да өкім шықты. Ол соттарда бүгінге дейін жалпы юрисдикциялық, сондай-ақ экономикалық және азаматтық соттарда қаралып келген мемлекет пен азамат арасындағы әкімшілік даулар қаралса, енді азаматтар мемлекеттік органның шешімімен келіспесе, осы сотқа талап арызбен жүгіне алады. Мұндай артықшылықтардың барлығына әкімшілік әділет жүйесінің арқасында қол жеткізіп отырмыз.
Еркенұр Қонысбай