Айыппұлды қылмыстық жаза ретінде қолдану жақсы нәтиже береді
Алматы қаласы соттарының қылмыстық іс жүргізуде айыппұл салудың сот тәжірибесі бірнеше жылдан бері қолданылып келеді.
Қылмыстық кодекстің 41-бабына сәйкес, айыппұл – осы Кодексте көзделген шекте, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштердің не пара сомасына немесе құнына, берілген ақша сомасына немесе берілген мүлік құнына, жымқырылған мүлік құнына, алынған кіріс сомасына немесе бюджетке түспеген төлемдер сомасына еселенген мөлшерде тағайындалатын ақшалай өндіріп алу.
Өз кезегінде, заң бойынша қылмыстық теріс қылықтар үшін 20-дан 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі, қылмыстар үшін - 200-ден 10000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі немесе бірнеше еселенген айыппұл белгіленген.
Біздің елде 2021 жылға айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) мөлшері 2 917 теңге шегінде белгіленген.
Сот кінәлі адамға айыппұл тағайындай отырып, қылмыстық құқық бұзушылықтың (қылмыстық теріс қылық, қылмыс) ауырлығын, жауапқа тартылған адамның мүліктік және отбасылық жағдайын, жалақы немесе басқа ресми расталған табыс алу мүмкіндігін ескере отырып, оның мөлшері мен төлем мерзімін анықтайды.
Айыптау сот актісін шығарылған кезде айыппұлды төлеу мерзімі үкім заңды күшіне енген сәттен бастап есептеледі және сот үкіміне сәйкес үш жылдан аспауы керек, ал соңғысы негізінен салынған айыппұлдың мөлшеріне байланысты болады.
Белгіленген айыппұл бөлігінде үкімді орындау кезінде сот сотталған адамның мүліктік жағдайы уақытша нашарлаған жағдайда, жалақыны кешіктіру немесе төлемеу, уақытша еңбекке жарамсыздық, жұмысын немесе кірісін жоғалту салдарынан бір айдан бір жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруды ұсына алады.
Мерзімін ұзарту кезеңі сот үкімімен белгіленген айыппұлды төлеу мерзімінің есебіне кірмейтінін ескеру қажет.
Сонымен қатар, соттың айыппұлды дұрыс тағайындауымен қатар, сотталғанға ең бастысы айыппұлды уақтылы және толық төлеу болып табылады.
Осылайша, белгіленген мерзімде айыппұл төленбеген жағдайда сот актісі, сот үкімі мәжбүрлі түрде орындалуға жатады.
Заңда айыппұлдың төленбеген бөлігінің орнын ауыстыру көзделген: ⠀
1) қылмыстық теріс қылық үшін сотталғандарға – төленбеген бір айлық есептiк көрсеткiш үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты есебімен қоғамдық жұмыстарға тартумен не төленбеген төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін қамаққа алудың бір тәулігі есебімен қамаққа алумен;
2) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталғандарға – төленбеген төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығын шектеудің немесе бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығын шектеумен не бас бостандығынан айырумен;
3) ауыр қылмыс үшін сотталғандарға – төленбеген төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айырумен;
4) еселенген айыппұлға сотталғандарға төленген және өндіріп алынған айыппұл бөлігін ескере отырып, осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабының санкциясы шегінде бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.
Сондай-ақ, белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін санкцияда (Қылмыстық кодекстің 55-бабы, 4-бөлігі) көзделгеннен жеңілірек жаза тағайындау, аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау (ҚК-тің 56-бабы), сондай-ақ басқа жазаны айыппұлға ауыстыру кезінде айыппұл мөлшері осы Кодексте белгіленген төменгі шектен төмен болуы мүмкін.
Жалпы (Қылмыстық кодекстің 39-бабы, 2-бөлігі) қылмыстық жаза әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады.
Жаза тән азабын шектіруді немесе адамның қадір-қасиетін қорлауды мақсат етпейді.
Алматы қаласы Медеу ауданының
№2 аудандық сотының
Бас маман-сот отырысының хатшысы
Бобурбек Турапов