Түйте әулие тасы
Шамамен XVIII ғасырдың екінші жартысы – XIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген, ауырған адамның тамырын ұстап, үшкіріп, ем-дом жасайтын (тәуіп) Түйте әулиенің қонысы Баянауыл өңіріндегі әулиелі Қызылтауда болған деседі. Қариялардың айтуынша, Түйте әулиенің жын-перімен алысқан жеріне әлі күнге дейін шөп шықпайды екен. Ол әулиелі Қызылтаудан жырақ бір жерге бару үшін салт атқа мінбей, не арбалы көлікке отырмай, сол жерге лезде жетеді екен. Оның барар жеріне қалайша жылдам жететінін бүгінге дейін ешкім де түсіндіріп бере алмапты. Жұртта осыған байланысты «Түйтені періштелер үлкен жылдамдықпен көкке көтеріп алып кетті» деген түсінік қалыптасқан.
Арқаның белгілі екі өзені – Өлеңті мен Шідерті тасығанда жағалаулардағы ойпаңдау жазықты ұшы-қиырына көз жеткісіз ақ айдынға айналдырып жіберетін болған. Осы жер ертеден Ақкөл-Жайылма деп аталады. Түйте әулиенің көктемдегі қонысы (көктеуі) мен күздегі қонысы (күзеуі) осы Ақкөл-Жайылмада болыпты.
Түйте әулие қоныс қылуына байланысты Ақкөл-Жайылмадағы тоғыз көлдің бірі оның құрметіне ертеден Әулиекөл деп аталады. Әулиекөлдің басында «Түйте әулие тасы» дейтін тас жатыр. Маңайындағы ел киелі деп санайтын осы тастың тарихына Көлебе батырдың да қатысы бар көрінеді.
Түйте әулие Сыр бойынан Сарыарқа даласына көш бастап келе жатқанында, жол үстіндегі көлді жайлап отырған елге кезігеді. Сұрастырып білсе, Қанжығалы Көлебе батыр ауылы екен. Малы бар, жаны бар ауыр көш алыс жолдан шаршаған. Еру жасап, дамылдап, көшті ауыл іргесімен алып өтуге рұқсат сұрап, хабаршы жібереді. Бірақ Көлебе ықылас бермейді. Сонда батырға жолығуға Түйте әулие өзі келіпті. Екеуара әңгіме жараспай тұрғанында көзсіз ер Көлебе: «Әулие болсаңыз, астымдағы атымды шідерсіз шідерлеп беріңізші!» – депті. Түйте тұлпардың құйрығынан қыл суырып алып, аяғын тұсап тастайды. Тұлпар тырп етпейді. Тегін адам еместігін түсінген Көлебе Түйтені үйіне түсіріп, қонақ қылады. Көшке еру береді. Таңертең ұйқыдан тұрып, сыртқа шықса, аты тапжылмай кешегі орнында тұр екен. Тәнті болған Көлебе батыр: «Сіз шын әулие екенсіз. Біздің ауыл үстінен өткеніңіздің белгісі болсын», – деп бір дәу тасты көтеріп әкеліп, тұсаулы ат тұрған жерге қадапты. Разы болған Түйте әулие батырдың үйінің жанына қолындағы таяғын шаншып кетіпті. Әулиекөлдің жағасындағы Түйте тас пен әулие тал аңызы осыдан шыққан.
Бұл аңыздың екінші нұсқасын Түйте әулие тасы жатқан Қаражар өңіріндегі қазба жұмыстарының жетекшісі, археолог Тимур Смағұловтың айтуынша, Түйте әулие – заманында көріпкелдігімен аты шыққан адам. Бірде Түйте әулие Көлебе батыр екеуі Баянауылдан шығып, Әулиекөлге жақын жерде түнейді. Көп ұзамай Түйте әулие аялдаған жерді екі кесек тас жарып шыққан-мыс. Бертін келе жергілікті тұрғындар қоршап қойған сол жерге адамдар арнайы келіп тәу етеді. Алыс жолдан келген жолаушылар бұл жерге тиын-тебен тастап, «жолымыз ашылады» деп ырым етеді.
Жоғарыдағы аңызда аталатын «Көлебе батыр қартайған шағында Песчан базарында 1–2 жасар түйені көтеріпті» деген де сөз бар. Бір бай: «Түйемді көтеріп, базар шетіне шығарған адамға жүлде беремін», – дегенде, жастардан батылы жетіп, ешқайсысы ортаға шықпапты. Сонда Көлебе батырдың жауырыны бүлкілдей бастапты. Бәсті тамашалап отырған інілерінің бірі: «Мына шалдың кәрі жыны қозайын деп отыр», – дегенде, Көлебе батыр: «Мына түйе басын шайқамауы үшін қайырып ұстаңдар», – депті де, бауырына кіріп, көтеріп әкеткен екен.
Түйте әулиеге қайта оралсақ, әулиенің жерленген жеріне қатысты түрлі дерек бар. Соның бірін екібастұздық өлкетанушы Серік Жақсыбаев былайша тілге тиек етеді:
– Семей қаласының статистикалық басқармасының хатшысы, «Семипалатинский листок» газетінің редакторы, 1906 жылы Семей облысынан сайланған Ресейдің Мемлекеттік думасының мүшесі, Сібірге жер аударылған, Жаяу Мұса Байжановпен қарым-қатынаста болған, Николай Яковлевич Коншиннің Семей қаласында шығып тұратын «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела императорского русского географического общества» деген журналының 1903 жылғы алғашқы санында жарық көрген «О памятниках старины в Семипалатинской области» деген мақаласында: «В Аккулской волости около озера Аулиеколь есть небольшой курганчик, под которым погребен, по рассказам киргиз святой Туйтэ», – деп жазылған. Түйте әулиенің мүрдесі осы Коншин айтқандай, қазіргі Әулие көлдің жағасында екендігін Екібастұз қаласының әкімдігіне қарасты Екібастұз ауылдық округінің тұрғындары да айтады.
Түйте тәуіп туралы Мәшһүр Жүсіп еңбектерінде де көп жазылады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының дерегіне сүйенсек, Түйте әулие Сілеті өзенінің бойына жерленген.
Өткен күннен сыр бүгіп, бұл күні Ақкөл-Жайылма өңіріндегі Қаражар ауылында (атақты Естай ақынның ауылы) Түйте әулие тасы жарқырап жатыр. Талай адамның қызығушылығын тудырған тас бойында бір тылсым күш бардай...