«Жердің аты – елдің хаты» дегенді халық бекер айтпаған. Топонимдердің тереңіне үңілсек, тарихтан тамыр алған ел аузындағы аңыздар, нақтырақ айтқанда, аңызға айналған шындықтар алдыңыздан тізбектеліп шыға келеді. Небары бір ғана ғасыр өткенмен, XX ғасырдың басындағы оқиғалар да бүгіндері аңызға айналып үлгерді.
Сол кезеңде ақ патшаның азуын батырған әрекеттерінен Жетісу жері де тыс қалмаған дейді тарихи деректер. Өзге ұлт өкілдерін қазақ жерлеріне қоныстандыру, оларға жер тартып әперу, асыра сілтеу, қанау, тонау секілді басынудың барлық амалдарын жергілікті тұрғындар бастан кешірген.
Тіпті үш жыл ішінде (1914-1916 жж.) Жетісу өлкесінің аумағы құрамына кіретін Түркістан губернаторлығынан 300 мың пұт ет, 474 мың пұт балық, 70 мың жылқы, 13 500-ге жуық киіз үй алған. 1914 жылы тек Жетісудың өзінен 34 млн сомның малы мен ауыл шаруашылығы өнімдері тасып әкетілген («Жетісу» энциклопедиясы А, 2004 ж. 64-бет) деген дерек те көп жайды аңғартса керек.
Мұндай «міндетті төлемдерден» Ақсу өңірі де тыс қалмаған. Ақ патшаның Тасбекеттегі (қазіргі Жансүгіров кенті) әскері ауылдардан жылда әжептәуір салық жинайды екен. Жыл сайын күш-көлікке он жылқы, тамаққа 20 сиырдан алып тұрған деседі.
Бейбіт елдің берекесін қашырып, тыныш жатқан жұртқа тырнағын батырған патша әскеріне қарсы наразылық әрекеттері халық ішінде жиі болған екен.
Ақсу өңірінің шежіресіне қанық қария Мұхаметәлі Қазбанбетовтің айтуынша, сол кезеңде «Діңгек» ауылында Жаншабайдың Еңсебек дейтін нар тұлғалы батыр баласы тұрған екен. Алып денелі, ұзын бойлы, кең иықты, ер жүрек азаматты ауылдастары Еңсегей ер Еңсебек атап кеткен. Ол сойылға мықты кісі болыпты. Басына қысы-жазы ақ шүберек байлап жүреді екен.
Еңсесі түсіп, жаншылған жұрттың жағдайы Еңсебектің қабырғасына аяздай батады. Жерінен, малынан айырылған жұрттың ертеңгі күні не болмақ? Қол жинап қауқар қылар еді, оның да аяғы немен тынары белгісіз. Енді не істемек керек?
Еңсебек батыр таң қылаң бергеннен «Бесжігіттің» биігіне шығып, ауылды шолып отырады. Күнделікті елдің малын ұры-қарыдан қорып, көлденең көк аттының тақымында кетпеуін қадағалайды. Ары-бері өткен адамдар оған міндетті түрде келіп, сәлем беріп, жөнін айтып кетеді екен. Әйтпесе, «сен ұрлық жасағалы жүрсің» деп сабап тастайтын болған.
Атты ердің қанатына балаған атпал азамат тұлпар таңдауда да тым талғампаз болғанға ұқсайды. Еңсебектің өзінен басқа тірі жанға ұстатпайтын жүйрік те есті жануар – сары аты болыпты. Солдаттардың салығына құрбан етілген жылқы малдарын қайтарып алудың жақсы әдісін осы сары атының көмегімен жүзеге асырған екен.
Батыр солдаттардың ауылдардан жинап алған жылқылары жайылып жүрген жерге келіп, атының жүгенін сыпырып алады да, Ақсу өзенінен өткізіп жібереді. Өзі кейін қайтып, жарты жолдан тосып отырады. Сары ат түн қараңғылығында жайылып жүрген жылқының бір үйірін алдына салып айдап келеді. Оларды ауылдың Еңсебек бастаған тағы төрт-бес жігіті қуғаннан қуып отырып, Балқаш көлінің бойындағы «Үштөбе» деген жерге апарады да, басқа жылқыларға айырбастап отырған екен.
Түсініксіз жайтқа тап болған солдаттар сары аттан секемденіп, сәйгүліктің соңына түседі. Алайда ақылды жануар ұстатпайды. Сол қашқан бойы арғы бетке асып, Қытай жеріне өтіп кетеді.
Араға үш жыл салып барып, 1912 жылғы жұттан малы қалмаған ауылға бір үйір моңғол тұқымдас жылқыны қайырып алып келген сары атты ауыл тұрғындары әлі аңыз қылып айтады. Тұлпар туған жерінде қартайып өледі. Ақырғы демі үзілгенде ел оны Есеболатов ауылдық округіне қарасты тау бөктеріндегі беткейге адамша арулап, жерлеген екен.
Сары атты ұстай алмаған патша солдаттары таңданып, ойда-жоқта сан соқтырып кететін жануарға «Сатана», яғни шайтан деп ат қойыпты. Орыстың тілін түсінбеген жергілікті қазақтар Сатананы өздерінше «Сатан» атап кеткен. Содан бері Ақсу маңындағы сай «Сатан сайы» атанған екен. Аталар айтқан аңыздар «Сатан сайы» туралы осылайша сыр шертеді.
Қазір білетіндер «бұл сайда алма бағы бар, онда күні бүгінге дейін сары алма өседі» деседі.
«Сатан» сайының сыры немесе сары алмаға айналған сары ат
Последние статьи автора