Қазақ халқының хас батыры атанған әйгілі Алпамыстың асыл жары Гүлбаршын сұлудың мәңгілік мекені қайда жатыр? Алаштың ардақтысына айналған батыр жайында айтылатын аңыздарда оның құдай қосқан қосағы жайында егжей-тегжейлі айтылған. Алайда Гүлбаршын сұлудың қай жерде дүние салғаны туралы қазір түрлі жорамал жасалып жүр. Көне Сырдың бойында Көккесене деген жер бар. Ол облыстың Жаңақорған ауданының Төменарық елді мекеніне жақын орналасқан. Дәлірек айтқанда, 100-ге тарта түтіні бар Қожамберді ауылының тап іргесіне орын тепкен кесенені жергілікті жұрт Алпамыс батырдың жарының мәңгілік мекені деп айтады.
Көккесене өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін жеткен. Қаншама ғасырдан бері жеткен мәдени ескерткіштің жауын-шашынның, желдің және өзге де табиғи құбылыстар салдарынан қабырғасы мүжіліп, жарамсыз күйге түскен екен. Сол кезеңде ұлтымыздың бұрынғы тарихына бейжай қараған уақыт болды емес пе? Онсыз да сапасы сын көтермей тұрған кесене осындай немқұрайдылық салдарынан жермен-жексен болып, қирап қалған. Қазақтың қабырғалы қаламгері Бейімбет Майлин Көккесене жайлы тасқа басылған тұщымды еңбектерін қалдырып кеткен екен. Осыдан 85 жыл бұрын «Еңбекші қазақ» газетінде «Мәдениет мұралары» деген мақала жарияланған. Онда тарихи ескерткішті қорғауға байланысты өз көзқарасын білдірген. Дегенмен оған құлақ асқан ешкім болмаған секілді. Күтімсіз қалған кесене біржола құлап тынған. Жаңақорғандық журналист-жазушы Адырбек Сопыбеков Көккесене туралы біршама деректер келтіреді. Ауданның шежіресі басылған «Жаңарған Жаңақорған» кітабында академик Әлкей Марғұланның еңбектерінде айтылған Баршынкентке тоқталады. «Көптеген зерттеулерде Баршынкент Сырдарияның оң жағасына қоныс тепкені айтылады.
Көккесене де соған таяу жерде болған деушілер де бар. Бұл әңгіме шындыққа жанасатын секілді. Гүлбаршын сұлу бақилыққа аттанғанда, оны елсіз далаға апарып жерлеген жоқ. Қала маңындағы қорымның біріне жерлеген. Демек, Баршынкент пен Көккесененің арасы онша қашық болмаған секілді. Сондықтан әйгілі кесенені Гүлбаршын сұлудың мәңгілік мекеніне айналған қасиетті орын деп санасақ, артық емес», – дейді Адырбек ағамыз ескіден сыр шертіп.
Қазір Көккесенені көргендер азаю үстінде. Бұл да – өмірдің заңдылығы. Бұрынғы заманның бағалы дүниесін зердесіне тоқыған құймақұлақ қарттарымыз кеміп барады. Дегенмен бүгінгі күні 90 жасқа таяп қалған Сейдан Нұрлыбеков атамыз кесене жайында кейінгі ұрпаққа қызықты деректер келтіреді. Ол кісі өзінің көзімен көрген бірқатар жайларды әңгімелеп береді. 1930 жылдары қазіргі Қожамберді батыр аталатын елді мекеннің аты Қандыарал болған екен. Ағамыз ауылдағы төрт жылдық мектепте оқиды екен. Ұстазы Айтмұхан оларды Көккесенеге жиі алып баратын көрінеді. «Бізге тарихи орын жайында қызықты сыр шертеді. Ұстазымыз айтқан мына бір әңгіме есімде қалыпты. Кесене құламай тұрғанда, түн ортасында ол жерден жарық көрінеді екен. Ол заманда шырақшы деген жоқ. Сонда бұл сәуле қайдан түсіп тұр? Жарықтың пайда болу себебі бар екен. Кесене кірпіштеріне түрлі химиялық қоспалар қосылған екен», – дейді ағамыз.
Бұл сөздің жаны бар секілді. Бұл тұрғыда Якубовский, Каллаур секілді ғалымдар да жазған. Олардың пайымдауынша, кесене құрылысына жасыл түсті малахит пен азирут-жез қоспалары қосылған. Одан басқа да қоспалар бар. Олар түнгі уақытта сәуле шығарып тұратынға ұқсайды.
Жалпы, Көккесенеде құм басқан көп сыр жатыр. Өткенді тани білеміз десек, осындай киелі орындар жөнінде зерделі зерттеу жүргізгеніміз орынды болар еді. Өкінішке қарай, қазір бізде археология ғылымы өз деңгейінде дами қойған жоқ. Болмаса өзге жұртқа біздің де тарихымыздың тамыры тым тереңде жатқандығын дәлелдейтін деректерге қол жеткізе алар едік.
Қуаныштысы, сол жерде дүниеге келген және қазір сол маңда өмір сүретін ағайындар Көккесенеге байланысты игілікті істі қолға алып жатыр. Кесененің орнына жаңасын салуды жоспарлауда. Оны ата-баба аманатына адалдық деп бағаласақ, артық болмас.