Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы – бұрынғы Бөкей хандығының тарихи-мәдени жәдігерлерін көздің қарашығындай сақтап отырған өңір. Сондай жәдігерлердің қатарына құлпытастарға араб қарпімен жазылған хұснихаттарды да жатқызуға болады. Күні кешеге дейін оларда не жазылғанын бүгінгі ұрпақ білмей келген едік. Тарихтың бір ақтаңдақ бетін қалпына келтіру жұмысын аудандық мешіттің имамы Мұратбек қажы Жахатов қолға алғанын естіп, қуанып отырмыз.
«Стамбул қаласында білімімді жетілдірген кезімде хұснихаттарды оқып үйренуге мән бердім. Елге келісімен Жәңгір ханға қойылған құлпытасты оқи бастадым. Ондағы жазулар Құран сүресінен басталады екен. «Күллә мән аләйhә фәни, уә иәбі қоуәжіhү. Раббикә зүлджәләәли уәл икрам» дегеннің мағынасы: – «күллі жаратылыс уақытша, қалатын – Алла тағала ғана, Раббымыз ұлы әрі жомарт». Одан сәл төменде «Дешті қыпчақ ханы хан Әбулхаир оғлы Нұралы ханның нибересі хан Жиhангир Букай ханның нұрдиде» деген бар. Содан соң «фрзендесі дарфанадин дарбақоир рахлит илады» деп жазылған сөйлем «уақытша өмірден мәңгі өмірге барады» дегенді білдіреді. Оның астында «Қаалууу иннәә лилләәhи уә иннәә иләйhи раажи ууун» деген Құран аяты басылыпты. Мағынасы: «мұсылмандар айтады «Біз Алла үшін жаралдық және Аллаға кері қайтарыламыз», – дейді Мұратбек қажы.
Кесенеде «Жәңгір хан 1801–1845» деп жазылған. Ал құлпытастың арабша жазуында жаңағы аяттан соң «42 яшнде 1260–мухамадиеде, 1845–масихиаде Сүмбіленің 11–інчі ...» деген жазу бар. Қазіргі 32 жастағы адам хижрамен 33 жаста болады. Өйткені хижра бір айда – 29, кейбірінде 30 күннен тұрады. Бір жылда 354–355 күн бар. Мухаммадие дегені осы хижрамен жыл санауы. Құлпытастарды жазатын татарлар ай күнтізбесін «Кояш» күнтізбе дейді. Пайғамбарымыз с.ғ.с. Меккеден Мәдине қаласына хижрат еткен, яғни көшкен күн 622 жылдың 16 шілдесі. Сол күннен мұсылманша жыл санауы басталады. Жоғарыда айтып өткендей, 32 жастан асқан адам қайтыс болғанда, мұсылманша есеппен оның жасын бір жасқа өсіріп қояды. Хижра жылын миләдиге айналдыру үшін мына формула қолданылады. Мысалы, былтыр хижрамен 1433 жыл болды. Сол себепті 1433–ті 33-ке бөлеміз, бөліндіні 1433–тен алып тастаймыз. Айырмаға 622–ні қосамыз, шыққан нәтиже миләди жылын көрсетеді. 1433–(1433/33)+622=2011. Бұл жерде ескертетін нәрсе, дөңгелектемей, қалдық сандарды толық бөлу керек.
Екі күнтізбенің айырмашылығы, бір жылда 10 күн 80 минутқа ай күнтізбесі ерте бітеді. Сонда Жәңгір хан 1803 жылы дүниеге келген болып шығады. Сүмбіле айының 11-і , қазіргіше он төртінен бір жаңа деп санағанда 24 тамыз. Жиырмаға толар-толмаста хан болуы Жәңгірдің тағы бір қырын ашпай ма. Ал қазіргі жиырмадағы жігіттерден не сұрайсың?!
Басқа бір құлпытаста былай жазылған: «hәзәл қабр, әл мархум, әл мыдфун». Мағынасы – қабыр иесі қамқорлық, мейірімділік көрсетер жердегі, өмірден өткен.
«Кічі юз қазақ юртының ханы Әбулхаир оғлы Нұралі хан оғлы Орхан сұлтан оғлы Чинғали сұлтанның қызы Ермекжан ханым, сұлтан Сейткерей Жиhангир оғлының заужаты офат 31 яшнде 1850–інчі ил, әсет». Құдайдың соңғы жазасы – өз иелігінде. Нұралы ханның Ырыс атты қалмақ әйелінен туған ұлы Орман сұлтанның азан шақырып қойған аты Орхан деп ойлаймын. Қияметте махшар алаңында азан шақырылған атпен шақырылатын болғасын құлпытасқа дұрыс есімін жазуы да түсінікті. Мирзоянды Мырзажан деп жүрген біздің қазақтың өз тіліне қарай бұрмалайтыны да, төрелердің қараға қыз бермейтіні де белгілі. Нұралының екі немересі Жәңгір хан мен Шыңғали төре құда болғанын осы құлпытас айтып тұр емес пе.
Қорымдағы тағы бір құлпытастың жазуы «Ләә иләәhә иллаллааh, Мухаммәдәр расуулуллааh», яғни «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деп басталады. Одан әрі «Дешті қыпчақ ханы Букай ханның оғлы Жиhангир ханның нұрдиде фрзендесі Заhре, шейхул исламы Мухаммеджан небиресі жалғаннан бақиға көшті 14 яшнде 1844–илде» деп жазылған. Бұл Жәңгір ханның Фатимадан туған қызының құлпытасы екен. Және бір құлпытаста «Һәзәл қабр зәужәт Әділ сұлтан, исме Хануат бинт Бабас» деген жазу бар. «Қабір иесі Әділ сұлтанның әйелі есімі Бабас қызы Хануат». «Раууаhүллааhә рухhәә уә нур қабр уә атуhәә 48 яш, 18–хамал». Мағынасы оның рухын және жарық қабірін еске сақтаймыз. 48 жасында 18 сәуірде. «Уә сәнәт 1248–мин хижри әл Мухаммәдиәти фи руми» деген «Мұхаммед, Рим жыл санауынша» екендігін аңғартады. Пайғамбарымыз с.ғ.с. қабір басына бару ахиретті еске салатынын айтып кеткен. Қазіргі заманда адамдардың тұрғызған қабірлеріне қарап, бір-бірінен асып түсуге, құлпытасқа орнатуға тыйым салынған фотосуреттерін әдемілеп қоюға тырысатындары көрініп тұрады. Бұған қарап, тірі кездерінде өмірге не үшін келгендерін білмегенімен қоймай, өлгенде де байлықтарын көрсеткісі келетіндей әсерде қаласың. Ал Жәңгір хан қайтарынан бір жыл бұрын, 1844 жылы қызы Заhренің құлпытасына «Ри уафағат сағадат уғдат салтанат» деп жазғызған. Ол «Биліктің қуанышы аз ғана уақыт рақат» дегенді білдіреді.
«Мекке мен Медине қалаларында болғанда құлпытас көргенім жоқ. Ал Түркияның Бурса, Стамбул қалаларында Осман, Орхан сұлтандардан бастап, барлық тарихи тұлғаның құлпытастарын нөмірлеп, мемлекет күтімге алған. Бізге де осы бағытта жұмыстану керек сияқты. Қазір әр ауылда молда бар, құлпытастарды соларға оқытып, анықталған мағлұматтар мұражайларға жасақталуы керек. Өйткені құлпытастар жыл өткен сайын тозып бара жатыр. Бірнеше жылдан соң оқуға келмейтін болады. Күлтегін, Білге қағандар жазбалары сияқты құлпытастар да біздің ештеңемен өлшенбейтін байлығымыз» – дейді Мұратбек қажы Жахатов.
Құлпытастың құпиясы
Последние статьи автора