Қазақ даласының топырағын түрте қалсаңыз, бағзы кезеңнен шежіре шертетін қаншама құнды қазынаны табуға барлық мүмкіндігіңіз бар. Бұл біздің туған өлкеміздің тарихы тереңнен тамыр тартатынын айғақтай түседі. Шындығын айтқанда, кейбір шетелдік ғалымдар оны көзге ілгісі келмей, қазақтың өткен өмір жолдарын бергі кезеңдегі төрт-бес ғасырдан бастағысы келеді. Бүгінгі күні жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан жерін кезінде ата-бабалар үнемі аттың үстінен түспей, кірпік қақпай, түн ұйқысын төрт бөліп, бүгінгі ұрпаққа аманат етті емес пе?
Бұл тек мақтаныш емес, біз сол жердің тарихын түгендеп, кешегісі мен бүгінгісін таразылап, жұртшылыққа кеңінен насихаттауға жол ашуға тиіспіз. Мәселен, қазақ даласында грек тілінде жаңа тас дәуірі деп аталатын неолит кезеңіне жатқызылған ескерткіштер де кездеседі. Аталмыш кезең шамамен біздің заманымыздан бұрынғы 5500-3000 жылдарды қамтиды. Жалпы алғанда, неолиттің қалыптасуы мен аяқталу мерзімі дүниежүзінде әртүрлі жағдайда өрбіді. Оның өту кезеңі де түрліше болды. Еуразия мен Африка құрлықтарының көптеген табиғи-климаттық аймақтарында, негізінен, неолиттің хронологиялық шеңбері біздің заманымыздан бұрынғы 6-4 мыңжылдықтарда басталса, сол дәуірдегі 3 мыңжылдықта аяқталды деуге болады. Қазақ даласындағы неолит заманындағы мәдени мұралар қатарында Қостанай өңіріндегі Мақанжар мәдениетіне жатқызылатын ескерткіштер саналады.
Аталмыш ескерткіштер Торғай иіні аймағында орын тепкен. Бұл бағалы дүниелер 1970-1990 жылдар аралығында Қостанай және Торғай археологиялық экспедициясын басқарған В.Н. Логвиннің зерттеуі барысында жалпақ жұртқа мәлім болды. Негізгі деректер Мақанжар, Тұздыкөл-2, Екідің-24 қоныстары бойынша анықталған. Археологтер Мақанжар мәдениетіне жататын ескерткіштер саны 16 екенін айтады. Олардың арасында 13-іне қазба жұмыстары жүргізілген. Мәселен, мұндай орындар қатарында Алқау, Амангелді, Бестамақ, Түрлі, Дүзбай, Екідің, Қарамырза, Сұлукөл секілді орындар бар. Айта кетерлігі, ескі заманның тынысын білдіретін ескерткіштердің барлығы өзен жағалауында орын тепкен. Өкініштісі, оларда құрылыс іздері сақталмаған. Тек Дүзбай маңындағы мәдени мұраларды зерттеу барысында тікбұрышты тұрғын үйдің орнының бір бөлігі көзге ұшырасқан.
Мақанжар мәдениетіне жататын ыдыстар өте жұқа болып келеді. Олардың көпшілігі ұзынша етіп жасалған. Ыдыстардың сыртына өрнектер салынған. Өрнектер, негізінен, тарақ сияқты өткір затпен тігінен немесе толқын секілді етіп көлденең түсірілген. Сондай-ақ тас құралдары сұр түсті екені аңғарылады. Олар кварцит, кварцитті құмтастардан дайындалған. Зерттеушілер сол маңнан сүмбі (конус), кеспел (призма) тәрізді өзектастардың өзгелеріне қарағанда басым екенін айтады.
Сол кездегі адамдар кәдеге жаратқан құралдар екінші мәрте өңдеу және егеу арқылы жетілдірілгенге ұқсайды. Ғалымдар Екідің маңынан үш балтаны тапса, Тұздыкөл аумағынан ұршықтың тастан жасалған басын тапты. Бұл дүниелерден өзге тас тіліктері, үшкір тастар, бүйірлі кескіштер, қырғыштар, дән үккіштер, шабу құралдары мен сүйектен жасалған бұйымдар жер астынан қазылып алынған. Ғалымдардың жорамалынша, сол кезеңдегі адамдар құлан, бөкен, жылқы және өзге де құла дүзде жортқан аңдарды аулап, оларды өз қажеттеріне жаратқан. Сонымен қатар, Екідің және Бестамақ секілді қоныстардан балық сүйектері де зерттеушілер қолына ілікті. Бұл дүниелер мақанжарлық адамдардың балық аулап та күнелткенін айғақтайды. Осындай қаншама мұраларды зерделей келе мамандар бұл аумақта адамдар біздің заманымыздан бұрынғы 7-6 мыңжылдықтар мен 4 мыңжылдықтар аралығында өмір сүрген деген болжам жасайды.
Аталмыш археологиялық дүниелер Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Мақанжар көлі маңынан табылған. Сондықтан оған Мақанжар мәдениеті атауы берілген. Одан табылған ыдыстар Қазақстандағы белгілі ыдыстардың ішінде ең көнесі болып табылады. Ыдыстар аса ұқыптылықпен жасалғаны көрініп тұр. Бұл сол кезеңнің өзінде елдің арасында қолы алтын шеберлердің болғанын дәлелдей түседі. Қыш ыдыстар неолит дәуірінде екі түрлі әдіс бойынша әзірленген көрінеді. Оның алғашқысы лента арқылы болса, келесісі қалыпқа құйылған пішіндеу арқылы жүзеге асырылған. Ғалымдар жасаған жорамалға сүйенсек, алғашқы әдіс негізінде ыдысты сомдау үшін сазбалшықтан жіңішке ленталар әзірленіп қояды. Ленталардың түйіскен тұстары өте мұқият түрде тегістелгені аңғарылады. Ондай ыдыстарды сындыратын болса, төмендегіше жағдай көрініс береді. Бұл сәтте ыдыс лента жабысқан жерден жарылады екен. Келесі әдіс бойынша ең алдымен қалып дайындалып қояды. Мақанжар маңынан табылған ыдыстардың пішіні өте күрделі болып келеді. Сондықтан осындай ерекшелігін ескере отырып, оларды жасау барысында иілгіш материал қолданылған деген тұжырым бар. Зерттеушілер қалыптың матадан немесе былғарыдан әзірленгенін түрлі дүниелер арқылы болжап отыр. Олардың іші құммен немесе топырақпен толтырылғанға ұқсайды. Пішіні келтірілген қалыпта ыдыс кептіріледі. Содан кейін оның ішіндегі құм қағылып, матасы алынады. Содан кейін ыдыс жақсылап кептіріледі. Отқа күйдіріледі. Мақанжар ыдыстарында өрнек басып салынған. Оны жасаушы шеберлер әлі кебе қоймаған балшыққа кейде таяқша арқылы, кейбір жағдайда кертпе тілігі бар ағаш немесе сүйек пластинамен салғанын байқау қиынға соға қоймайды. Өрнек геометриялық элементтерден тұрады. Негізінен, көбіне сынық сызықтар болып келеді.
Қазіргі таңда біздің елімізде неолиттік және энеолиттік дәуірге жатқызылатын 600-ден астам ескерткіш бар. Неолиттік тұрақтар орналасу сипатына байланысты бұлақтық, өзендік, көлдік және үңгірлік тұрақтар деп төрт түрге бөлінеді. Негізінен ғалымдар өзендік және көлдік тұрақтардан едәуір мол мұраларды қолға іліктірді. Осыған байланысты зерттеушілер мұндай жерлерде адамдардың тұрақты түрде қоныстанып, ұзақ уақыт өмір сүргенін болжайды.
Қазақстан аумағында бұлақтық тұрақтардың анағұрлым көбірек тарағаны аңғарылады. Оған себеп те жоқ емес. Себебі шөл және шөлейтті аймақтарда өзендер аз болатыны белгілі. Бұлақтар маңындағы қоныстар көп жағдайда аң аулаушы адамдардың уақытша мекен еткен жерлері болып табылады. Шөл даладағы неолиттік ескерткіштердің ерекшелігі ретінде ашық үлгідегі тұрақтар болғанын айта кетуіміз қажет.
Қостанай өңіріндегі құнды мұралар
Последние статьи автора