Қобыланды шапқан сайдағы Құныскерей үңгірінің құпиясы
Солақай саясат кезінде «банды» атанған Құныскерей Қожахметовтің есімі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарына жақсы таныс. 1885 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданында дүниеге келген Құныскерей Кеңес өкіметі алғаш келіп жатқан жылдары ауылсовет төрағасы болып та жұмыс істеген. Алайда 1923 жылы қонағын қорғап, ГПУ өкілін (сол кездегі милиция) атып өлтіргені үшін «банды» атанып, біраз жыл қуғында жүрген. Ақыры алыс Түрікменстан жеріне өтіп, аты-жөнін өзгертіп, Әбілқайыр Жаманов деген атпен 1968 жылы өмірден өткені жөнінде талай мәрте жазылды да.
Батысқазақстандық белгілі өлкетанушы Қайыржан Хасанов ағамыз Құныскерейдің тарихын көп зерттеді. Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан ағамыздың Құныскерей жайлы жеке кітабы да шыққалы жатыр екен. Ал 2000 жылы «Зерде» баспасынан шыққан «Қос батырдың хикаясы» атты кітапта Құныскерей туралы тарқатып жазған.
«Қаратөбе ауданы территориясында Жарлы өзені бойында аттылы кісі сыятындай Құныскерей үңгірі бар» деп жазады ағамыз аталмыш хикаятта.
Мергенді бақайға атқан
Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, қуғында жүрген Құныскерей атамыз сырт көзге түспей, сай ішімен келіп, үңгірге кіріп кетеді екен. Үңгірдің аузы атты кісі сыятындай үлкен болса да, білетін кісі болмаса, өзгеге жасырын, елеусіз болған.
Сай іші қалың жыныс, бұта. Үңгірдің үстінен келген адам байқамайды, ал сайдың қарсы бетінен келген жан болса, үңгірде ол бағыт алақандағыдай көрінеді.
Жұрт көзіне түсіп, өзіне көмектескендердің басын қатерге байламайын десе керек, Құныскерей қыс кезінде көбіне үңгірде болған екен.
Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылында тұратын Әзербай Кенжеғалиев деген ағамыз былай дейді:
– Милиция органының бастықтары «Құныскерей қолға түспесе, атып, жаралы күйінде ұстау керек» деген тәртіп берген. Қыс түсе шетелге өтіп кетеді деген қауіп болған сыңайлы. Ақтөбеге қарай Құлақшиден әрі Бөлектау, Бармақ деп аталатын үлкен үстірт, шағын таулар бар. Сол жерде бір таудың астын қазып, Құныскерей үңгірлі-бөлмелі үй жасаған деген сыбыс бойынша ұстаудың жоспары жасалыпты. Оралдан мерген татар жігітін алдырып, милиция жасағы Құныскерейді көп аңдиды.
Бөлектауды кейде Үңгіртау деп те атайды екен. Үңгіртаудың үстіне шыққанда аяқ асты дүңгірлеп тұрады дейді, бірақ айналада есік те, тесік те жоқ. Бір күні Үңгіртаудың үстінде тұрғанда көз ұшынан бір салт атты көрініпті. Дүрбі салып қараса, Құныскерей екен. Татар мерген атып жібереді. Бірақ Құныскерейге дарымайды. Құныскерей қайырыла беріп, атқан екен, оқ татар мергеннің башпайынан тиіп, атынан ұшырып түсіріпті. «Мен енді атпаймын. Құныскерей менің таудай денемді көрмей тұрған жоқ. Бұл ескерту болар, енді атсам өлтіреді. Оққағары бар екен, осы кезге дейін оғым далаға кетіп көрген жоқ еді», – деп татар мергені қайта атудан бас тартыпты.
Қобыланды келген сайменен
Жақында жолымыз түсіп, Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылына бардық. Бұл өзі табиғаты да әсем, тарихы да терең тамаша өлке екен. Әйгілі Қара қыпшақ Қобыланды шабатын Алшағыр ханның қаласы дейтін Аққұм іргеде жатыр. Тайбурыл қарғып өтетін сегіз сай жатыр қатар-қатар жосылып. Егіндікөлдің іргесінде, осы сегіз сайдың алғашқысында біз іздеген Құныскерейдің үңгірі бар екен. Қалың қар басып, еш техника жете алмайтын жықпылға ауыл азаматы Жасталап Шамғонов шанамен алып барды.
Құныскерей үңгірі ауылдан төрт-бес шақырымдай екен. Үңгірдің қарсы бетінен келіп, терең сайдың жиегіне тоқтадық. Тереңдігі 13-15 метрдей болатын сай жарқабағының орта тұсында, аппақ қардың арасынан қарауытып үңгірдің аузы көрінеді. Ат-шананы қалдырып, омбылап сай табанына түстік. Тырмысып, үңгірге дейін қайта көтерілдік.
Байқағанымыз, үңгірдің аузы құлап, кішірейіп қалыпты. Қар мен жаңбыр суы құйылып, аузы опырылып, ішке, үңгір түбіне қарай құлай берген екен. Бір кездері адам еңкеймей кіретін болса, қазір әбден аласарған. Еңбектеп ішке кірдік. Топырақ жынысы ұсақ-ұсақ әк тастан екен. Үңгірдің түбі небәрі 10 метрдей ғана. Түбіне су жиналғаны, сыз ұялап, көгеріп, қабырғасы құлағаны байқалып тұр. Үңгірдің ауыз тұсында жоғары тұста бірнеше терең жарық көрінеді. Тағы да құлағалы тұр-ау. Енді бірнеше жылда Құныскерей үңгірінен ештеңе қалмайтын шығар деп уайымдадық.
Спелеология қашан іске кіріседі?
– Біздің бала күнімізде, бұл 1956-1958 жылдар болатын, осы үңгірге Құрманғазы Қараманұлы екеуміз келіп ойнайтынбыз. Ол кезде үңгір терең еді. Үңгір түбі қараңғы әрі жағымсыз иіс шығып жататындықтан, бойлап еніп көрген жоқпыз. Қорқатынбыз, – деп еске алады балалық шағы осы Егіндікөл мен Жігерлен елді мекендерінде өткен Қайыржан Хасанов ағамыз.
Осы Егіндікөл ауылының тұрғындары үңгірдің ішінде екі бағытқа кеткен жол болғанын аңыз етіп әңгімелейді. Бірақ мұның рас-өтірігі белгісіз. Жоғарыдағы Үңгіртау туралы хикая рас болса, ол үңгірдің ауызы дәл осы сайдан басталатын шығар? Оның үстіне, мұны милициядан қашып, ат үстінде жүрген Құныскерей қазып жасады деу де ақылға сыйымсыз секілді. Шамасы, бұл үңгірдің тарихы әріректе болса керек. Осы өңірде сақ заманынан қалған обалардың көптігі, археологиялық қазбалардан табылып жатқан құнды жәдігерлер осыған куә болғандай.
Ел аузында «Құныскерей үңгірі» атанып жүрген осы мекеннің атақ-даңқына қаныққан әйгілі жазушы Әбіш Кекілбай да 1998 жылы мұнда ат басын арнайы тіреп келіпті.
Міне, мұндай ғажайып үңгірлер қазақ жерінде көптеп кездеседі. Алайда осы күнге дейін сол үңгірлердің ешқайсысы да зерттелген емес. Әлемнің көптеген елдерінде үңгірлерді арнайы зерттейтін спелеология ілімі жетістікті паш етер ғылымға да, табыс көзі болар туризмге де қатар бірдей қызмет етіп келеді. Саяхаттың ең бір шым-шытырық, қызықты бір түрі спелеотуризм болып табылады. Орынды-орынсыз мұрын шүйіретін бізде мұның ешқайсысы да жоқ. Алаш спелеологиясы қашан іске кірісер екен?..
Үңгіртануға үндеу
Спелеология – (грекше: spelaion — үңгір және logos – ілім) үңгірлердің шығу төркінін зерттейтін ғылым. Оған үңгірлердің пайда болуы, морфологиясы, микроклиматы, суы, өсімдігі, ежелгі қолданысы мен бүгінгі жағдайы қамтылады. Спелеология ХІХ ғасырдың екінші жартысында француз Э.Мартельдің ұйытқы болуымен қалыптасты. Спелеология ТМД-да тек Кавказда ғана қолға алынған. Кеңес Одағы кезінде Оралдың Ресей жақ беткейіндегі Қоңыр жерінде спелеологиялық стационар жұмыс істепті.