Қалмақ қырылған обада жатқан Жабағы батыр
Қостанай өлкесінде Аят деген өзен бар. «Әйет деген кісінің құрметіне қойылған» деседі жұрт. Міне, кезінде осы Аяттың маңынан өткен кез келген керуен немесе жолаушы міндетті түрде өзеннің басына түнеген екен. Оның негізгі себебі – Аят өзенінің сол жақ бетінде өз заманының ержүрек батыры Жабағы деген бабамыздың зираты бар.
Сол кісінің басына дұға қылмай өткен жолаушылардың жолы болмайды деген түсінік қалыптасқан. Біреулері түйеден аударылса, енді біреулерінің арбасы сынған, әйтеуір, зиратқа бас бұрмағандар әлдебір сәтсіздікке ұшырайтын болған. Жабағы батыр жайлы ел арасында түрлі аңыз әңгімелер бар. Жаугершілік заманда өмір сүріп, елін-жерін өмір бойы қалмақтардан қорғап өткен бабамыздың күштілігі сондай – тіпті ешқандай қарусыз, жалаң қолымен-ақ қасқыр соғып алатын болған.
Жабағы батыр жолаушылап жүрсе не жорықта болса, міндетті түрде қорым басында түнейді екен. Себебі сол заманда ен далада қалса, өз қауіпсіздігі үшін жолаушылар зират басына қонатын болған. Осындай жорықтардың бірінде Жабағы батыр жолдастарымен қорым басына түнейді. Көзі іліне бергенде ырылдаған дыбысты құлағы шалған батыр «бұл не болды екен?» деп, қамшысын алып, зират ішіне кіреді. Жан-жағына зер салып аңдыса, ағараңдаған әлдебірдеңені көзі шалады.
Әлгі мақұлық бір моланы қазып, соны айналшықтап, ырылдап жүр екен. Ит пе, қасқыр ма, белгісіз, әйтеуір қазған орына қайта кіріп, әбігерленіп жатқан мақұлықты Жабағы батыр құйрығынан ұстап жерге алып ұрады.
Келесі күні таң ата батыр бабамыз қасындағы жауынгерлеріне: «Кеше зират ішінде бірдеңені алып ұрдым, не екенін біліп келіңдерші», – деп жібереді. Жауынгерлер келсе, дәу ақ қасқыр өліп жатыр екен. Сол кезде жартылай қазылған моланың ішінен дауыс шығады: «Мен осы маңда тұратын бір дәулетті адамның ұлы едім. Талықсып кетіп, біраз уақыт ес-түссіз жатқандықтан, мені өлдіге санап, жерлеп қойыпты. Мына қасқыр көрімді жартылай қазып, мені мүжімек болған еді, қайта-қайта тепкілеп, әрең қорғанып жатыр едім, түнде әлдебіреу қасқырды өлтіргенге ұқсайды. Сіздер барып, менің әкеме хабар беріңдер, мені алып кетсін», – дейді. Мұны естіген Жабағы батыр көрдегі жігіттің көзін ашқызбай, ақ киізге оратып, қараңғы киіз үйге әкелдіреді. Және жанарын жарыққа жайлап үйрету керек екендігін ескертеді, әйтпесе бәлен күн көрде жатқан жігіт көзінен айырылып қалуы мүмкін еді. Ал әлгі ауылдың адамдары көптен бері ұстай алмай жүрген үлкен ақ қасқырды жалаң қолмен соғып алған батырға таңғалысады. Өлі қасқырды аттың үстіне артқанда, бір жағынан құйрығы, бір жағынан тұмсығы жер сүйреп келе жатыпты.
Сол бір кезеңде қазақ жеріне қызыққан қалмақтардың соғыс үстінде оққа ұшқан өліктерін оба қылып үйіп көмген екен. Жабағы батыр ажалының алдында жұртына: «Мені қалмақтар қырылған обаның басына қойыңдар, өлгенде де жауларымның кеудесінен басып жатайын», – деп аманат айтып кеткен екен. Қазір осы өжет бабамыздың зиратын Аят өзенінің бойында орналасқан Таран ауданындағы Журавлевка деген ауылдың қасындағы қырдан табуға болады. Жабағы батырдың аруақты екенін білетін адамдар әлі күнге дейін осы зираттың басына түнеп, дұға қылып, шер-мұңдарын тарқатып, құран оқиды.