Баянауыл ауданында Лекер атты шағын ғана ауыл бар. Бала кезімізде «Лекер деген кім екен?» деп ойлаушы едік. Бертін келе ауылдағы ақсақал, шежіреші қарттардан естіген әңгімелер арқылы Лекер атаның қажы болғанын, тіпті халық оны әулие деп танығанын білдік.
Ел ішінде аңыз болып тараған ол туралы төмендегі әңгіме қызықтырмай қоймайды. Бекболат баласы Лекер (Ақбура) Лекер әулие, диуана деген атпен белгілі екен. Көнекөздердің айтуынша, ол кісі Бәкі баласы Бақтыбаймен қажылыққа барған. Бақтыбай деген кім дегенге келсек, ол Мұса мырзаның серігі, сенімді көмекшісі болған деген сөз бар.
Меккеге жол жүреміз деген уағдалы күні Бақтыбайдың ауылына үстінде ақ көйлек, ақ дамбалы бар Лекер диуана келе қалыпты. «Бақтыбай, мен үйден жол қаражатымды алып, біржола шықтым. Ал сен дайын болсаң тездет. Алланың жұмсауымен Шалқыманнан (бәйбішесі – Ж.Қ.) 20 тиын қарызға алдым, өзіме жетіп қалар», – дейді ол. Сөйтіп, жолаушылар жолға шығыпты.
Мекке жолындағы көк теңізге жетіп, кемеге мінейін десе, кеме иесі «жол кірең жоқ» деп, диуананы мінгізбейді. Сонымен кеме кете барады.
Біраз жүргесін теңіз бетінде қатты дауыл тұрып, кемеге батып кету қаупі төнеді. Сол сәтте жолаушылардың бірі: «Бағанағы диуананы бекер алмадыңыз, сол кісі тегін адам емес сияқты еді», – дейді. Кеме ұзағырақ уақыт бөгеліс жасауға мәжбүр болады. Бір уақытта кеме басшысы алысқа көз тіксе, ақ көйлекті диуана судың бетін қара жердей кесіп, зулап келеді екен. Кемедегілер оның тегін адам емесіне көз жеткізіп, кемеге мінгізіп алыпты.
Меккеге келісімен-ақ Лекер әулие көпшіліктен бөлініп, өзі танитын жерге келгендей, шаһарды аралап жүре береді. Межелі уақыт жетіп, кері қайтар кез келгенде, Бақтыбай Лекер диуананы таба алмай қалады. Әрі-бері іздейді, – жоқ. Бірқыдыру уақыттан соң ғана Бақтыбай құмның үстінде демалып отырса, диуана сап ете қалыпты.
– Бақтыбай, сен мені тосып отырсың ба? Мен елге қайтпайтын болдым. Айтатын бір-екі аманатым бар, соны саған айтып үлгерейін деп асығыс жеттім, – депті ол. – Мен Шалқыманнан 20 тиын ақшаны қарызға алып едім, міне, апарып бер. Және Исабай балама сәлем айт.
Бақтыбай ақшаны қалтасына салып, қараса, әулие ұшып кеткендей зым-зия. Тек құм үстінде асатаяғы қадаулы тұр.
Асатаяқты алып, Бақтыбай елге келе сала әулиеге арнап ас беру жабдығына кіріседі. Және ас үстінде әулиенің екі аманатын да орындап, 20 тиынды Шалқыман бәйбішеге, асатаяқты баласы Исабайға беріп, ауылына оралады.
Атасының асатаяғын ұстаған Исабайға да бабаларының бағы қонған деседі. Ол әулие Исабай қажы атаныпты. Оның Айтмұхамет (Айтмағанбет), Әлмұхамет атты екі ұлы болған.
Айтмағанбет әулие дүниеден 1967 жылы озған. Ел ішінде оның көзін көрген ақсақалдар бар. Соның ішінде шежіреші Нығмет Жәмінұлы айтқан мына бір жайтқа еріксіз таңғаласың.
– «1930-31 ашаршылық жылдары Айтекең диуана біздің ауылға даланың еліктерін айдап әкеліп, сауғызып тұрыпты», – деп әкем айтатын. Ақ киім киіп, еліктерді үй малындай қотанға иіріп әкеліп саудырғанда «желініне ұрмаңдар, ақырын-ақырын» деп зарлап, көзінің жасы сақалынан тарам-тарам болып ағып, ат үстінде жылап тұрады дейтін. Лекер әулиенің асатаяғын Исабайдан кейін Айтмағанбет диуана ұстады. Оның талай сырқатты таяғымен ұшықтап, жазып жібергенін көзімізбен көрдік. Қасиетті асатаяқтың бір кездері қоңыраулары мен шылдырмағы болатын. Біреу ауырса, шамдары жанып, шылдырмақтар сыңғырлап, белгі беруші еді. Асатаяқпен бала кезімде мені де ұшықтап жазғаны есімде.
Ал төмендегі әңгімені Нығмет ақсақалға марқұм Дәрім Смағұлов әңгімелепті.
– Мұрынтал колхозында ферма меңгерушісі болып қызмет еткен Дәрім ақсақал Сағынбек диуана дейтін емшінің үйіне барса керек. Диуананың есігінің алдында сол кезде арба үстінде шаңыраққа керіліп бір әйел адам жатады. Үйге кірсе, төрде келген жолаушы мен пеш түбінде Сағынбек диуана отыр, басқа ешкім де жоқ. Диуананың бәйбішесі ет асып, шайын дайындап, қазандық жақта жүр. Дәрім ата сәлем беріп, төрге жайғасады. Ешкім ештеңе демейді. Әлден уақытта үйге Айтмағанбет диуана кіріп келеді. Ол Сағынбек диуанаға бұрылып: «Осыншама неге асығыс шақырттың? Ат таба алмай, бөгеліп қаламын ғой деп, жаман тайға мініп әрең жеттім, күн де ыстық», – дейді. Дәрім ақсақал аң-таң болып ойланып қалады, себебі Айтмағанбет әулие Сарыөлең ауылынан келіп отыр, ол Мұрынталдан ең азы – 80 шақырым. Ол кезде телефон деген атымен жоқ, сонда екі арадағы хабаршы кім?
«Сізді шұғыл түрде шақыртқаным, – дейді Сағынбек диуана, – өз қолымнан келмейтін, күшім жетпейтін сырқат адамның арнайы шыққанын иелерім сездірді.
Айтмағанбет диуана айтылған сырқат адамды: «Ой, байғұсым, ауырып қалдың ба, жазыласың, ештеңе етпейді», – деп, асатаяғымен ұшықтап, құлан-таза сауықтырып жіберіпті.
Иә, былай қарасаңыз, осының бәрі ертегі сияқты. Ертегі дейін десең, сол әулиелердің өмірде болғаны рас, қайсыбірінің ауылда зираттары жатыр, тіпті көзін көріп, шипасын алғандар да жоқ емес. Бәрінен қызығы – әңгімемізге арқау болып отырған қасиетті асатаяқтың бүгінгі күні осы Екібастұз қаласында екендігі. Айтмағанбет диуана көз жұмған соң, оған марқұм Мүбәрак Жабағин ие болған. Бір жылдары баз бір емшілер «Түсіме әулие атам кіріп, асатаяққа ие болуымды бұйырды» деп, асатаяққа қолқа салып келгенін де құлағымыз шалған. Осындай көлденең көк аттылардың өтініштеріне қарамастан, асатаяққа бүгінде Мүбәрак ақсақалдың үйіндегі Рысжан апай ие болып отыр.
Бұл күні асатаяқтың бұрынғы сылдырмақтары мен шамдары жоқ. Тіпті аздап сынып, қайта жөндеуден өткен. Әйтсе де сырын жоғалтса да, сынын жоғалтпаған асатаяқтың бойында әлдебір тылсым күш бардай...
Меккеден жеткен асатаяқ
Последние статьи автора