Арғы-бергі шетіне аттылы адам әрең жететін қазақ даласының кез келген түкпіріне бара қалсаңыз, аңызға толы талай тарихи дүниені естисің. Біз өткенге көзжұма қарай алмайтын ұлтпыз. Ата-бабамыз аманат еткен ұлы даланың қыр-сырына әлі де толық қаныға қойған жоқпыз. Бұған кезіндегі кесірлі саясаттың қырсығы аз тимегенін бәріміз де жақсы білеміз. Дегенмен бүгінде жоғалтқанды қайта тауып, өшкенімізді жандырып, бұрынғы шежіренің әрбір жолына үңіліп жатқан жайымыз бар.
Айтқандай, біздің ұлан-ғайыр өлкеміз талай тылсым мен құпияға толы екенін қазір ұғына бастадық. Өйткені қай жерден де аңызға бергісіз тарихи орындар көп кездеседі. Және олардың саны өте мол екендігі бізді қуантады. Кейбір елдер санаулы жерлерімен мақтанып жатса, қазақ даласында ондай орындарды санап шығу мүмкін емес. Бұл – біздің басты байлығымыз, түптамырымыз, тарихи қазынамыз. Ұлан-байтақ даламыздың бір шетін Атырау өңірі алып жатыр. Кәрі Каспий мен Жайықтың жағасында қоныс тепкен қарапайым халық қалың қатпарлы тарихтың сан алуан құпиясына жақсы қанық.
Атыраудың бір бүйіріндегі Құрманғазы ауданы – біздің еліміздің батыстағы ең шеткі нүктесі. Қазақтың күй өнеріндегі тұғырлы тұлғаның атымен аталатын аймақ Ресейдің Астрахань облысымен шектесіп жатыр. Бас-аяғы 400 шақырымға жуықтайтын шекараның тең жарымында Азғыр өңірі орын тепкен. Өзге өңірдегі жұрт оның ядролық сынақ жасалған аймақ болғанын жақсы біледі. Алайда бұл жердің өзіне тән тарихы, көптеген құпиясы бар екенін көпшілігіміз ести қойған жоқпыз әлі.
«Бұрын көнекөз қариялар еліте отырып, құлақ салып тыңдайтын «Қырымның қырық батыры» туындысы – осы өңірде болған тарихи оқиға» дейді ғалымдар. Оған негіз боларлық деректер де баршылық.
Азғыр даласының Бесшоқы тауының қырқалары кездеседі. Елдің аузында жүрген әңгімелерге сүйенсек, сол маңда Кененбай үңгірі кездеседі. Теп-тегіс қатқыл жер тереңдігі он шақты метрдей болып ойылып кеткен екен. Бір қызығы, оның бір қабырғасы тұтастай үңгір секілді қуыс екені көзге анық байқалады. Ірі-ірі көктастар ежелгі кезеңді ойға оралтып, баһадүр жандардың бағзы тіршілігінен хабар береді. Бұл жер неге Кененбай үңгірі аталған? Оның бұлай аталуы тегіннен-тегін емес. Ертеде осы маңда Кененбай деген батыр өткен деседі. Халықтың қорғаны болған ержүрек ұл қашанда елдің тыныштығы үшін күн-түн деместен аттың үстінен түспепті. Әрине, ол уақытта қауқарсыз жұртқа тізесін батырғысы келетін ашкөз дұшпанның саны да аз болмаған. Батыр жігіт сондай сәттерде жұртты жылатпай, қамқор пейілін көрсеткен. Сол шақта халықтың қолындағы барды тартып алудан тартынбайтын жат пиғылдылар көп кездескен.
Батыр жігіт аталмыш үңгірде елдің қолындағы алтын мен күмісті сақтағанға ұқсайды. Сондай-ақ қас дұшпанға қарсы оқ ататын қару-жарақ, басқа да бағалы дүниелерді үңгір ішіне алып келіп жасырған. Осының арқасында қаншама қиындық болса да, қарапайым жұрт ешбір жаудан қорықпастан күн кешкен деседі. Сол себепті былайғы жұрт бұл орынды Кененбай үңгірі деп атап кеткен көрінеді. Бұл оқиға шамамен қазақтардың қалмақтармен шайқасы тұсында болған.
Одан бергі уақытта үңгірге қазына іздеген адамдар жиі ат басын бұрыпты. Дегенмен олардың алтын мен күміске, бағалы байлықтарға қол жеткізе алмай, меселі қайтқан. Бұрынырақта оның ішінде есіктері бар бірнеше бөлме болғанын көргендер де болған екен. Алайда бертін келе ол бөлмелер көпшілік көзіне түсе қоймапты.
Көнекөздердің айтуынша, осы маңда жылма-жыл ордалы жыландар ұшырасып тұрған. Бұл бауырымен жорғалаушының терісі қымбатқа бағаланған дейді. Осыған қызыққан кейбіреулер оларды аулауға құлшына кірісіпті де. Тіпті осыны сылтау етіп, Мәскеуден ұшақпен келгендер де бар екен. Ақша үшін басқаға бас ауыртпаған олар жыландарды оқ-дәрінің күшімен аяусыз қырып салыпты. Қаншама жыланды ұшаққа тиеп, келген іздерімен кері қайтып отырған. Адамдардың қатыгездігіне шыдай алмаған жыландар Кененбай үңгірі маңайына жиналған. Мәскеуден келгендер оған да қарасын ба? Қуатты қарумен үңгірдің де быт-шытын шығарған екен. Соның салдарынан халықтың құрмет тұтқан мекені адам танымастай күйге түскен. Содан үңгірдің астан-кестені шыққан. Жыландар да мұндай жауыздыққа шыдай алмай, тұқымы тұздай құрып кетіпті. Ал үңгір ішіндегі есіктер құлаған көктастармен бітеліп қалған болуы керек. Осының әсерімен жұмбақ жәдігерлер сыры сол күйінше ашылмай, құнды қазыналар есіктің арғы бетінде қалып қоюы да мүмкін. Жергілікті азаматтар олардың құпиясын ашудың жолдары бар екенін айтады. Қазір қаншама қуатты техникалар бар. Кран, экскаватор секілді техникалармен кез келген істі атқаруға болады. Олармен құлаған тастарды жинап, үңгір қабырғаларын кеңейтсе, құнды қазынаны зерттеуге жол ашылар еді дейді өлкетанушылар.
Біздің халқымыз ежелгі кезеңнің есте қалар оқиғаларын ешқашан жадынан шығарған емес. Аңыз бен әпсаналар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ұлттық ұғымды ұлық еткен ұлттың ұландарына мәңгілік мұра есебінде қалып келеді. Әрине, оның барлығын зерделеп зерттеп, толыққанды тұжырым жасау кейінгі ұрпақтың бір парызы саналса керек-ті. Талай заманның тарихын тасқа басып, соңғы буынға жеткізуді бүгінгі күнгі басты міндет санасақ артық емес.
Кененбай үңгірінің құпиясы көп
Последние статьи автора